Әңгіме арқауы-экологиялық проблемалар

http://turizm-hit.ru/

ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов еліміздің өңірлерін аралап, сайлаушылармен кездесулерін жал­ғастыруда
ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Ақтөбе кө­лік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің ұжы­мымен кездесті.

Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов мекеме жұмысшыларын өз сайлауалды тұғырнамасының не­гізгі бағыттарымен таныстырды.
Ә.Құсайынов атап өткендей, экологиялық проблемалар күрделі әрі өзекті болып табылады.
«Экология – адамзат тіршілігі­нің маңызды факторы. Біздің айналамыздағының бәрі – табиғат, біздің өмір сүріп жатқан ортақ әлеміміз. Технология ілгері дамы­ған сайын, «жасыл» орта осалда­нып барады.
Табиғат ресурстарын мақсатты әрі жоспарлы пайдалану, қор­шаған ортаны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақылаудың жоспарлы жүйесін енгізу ең басты міндеті­мізге айналуы тиіс», - деп атап өтті Ә.Құсайынов.
Кездесу барысында кандидат, сондай-ақ, әлем бойынша бірегей табиғи кеңістіктердің күрт азайып бара жатқанын сөз етті.
Мысалға, Жер шарындағы халқы көп аймақтарда жаһандық экожүйенің маңызды бөлшегі – батпақты жерлердің 90 пайызы мүлде жойылған.
Бүгінде, бір адамды азық-тү­лікпен қамтамасыз етуге қажетті жердің көлемі, әлем бойынша, 21,9 гектарға тең. Ал, Жер шары­ның биологиялық мүмкіндігі 15,7 гектарды ғана құрайды. Яғни, өздеріңіз байқағандай, “Жерді ме­кендейтін 7 миллиард адам­ның әрбіреуін таза, ластанбаған, құнар­­лы жермен қамту үшін кем деген­де 6,2 гектар жетіспейді. Бұл өте күрделі мәселе”, - деді Ә.Құсайынов.
Кандидат ХІХ ғасырдың соңынан бері әрбір жаңа онжылдық алдыңғысына қарағанда жылынып бара жатқанын мәлім етті. “ХХ ғасырдан бері орташа ауа температурасы 0,74 градусқа өсті. Мұның үштен екі бөлігі соңғы отыз жылға тиесілі. Тұрақты тем­пературалық көрсеткіш ғасырлар бойы сақталып келген табиғат үшін бұл – үлкен өзгеріс”, – деді Әбілғазы Құсайынов.
Көптеген елдерде жасыл тех­нология өндіріске енгізілмей келе­ді, тіпті, оны жатырқап отырғандар қаншама?! Табиғи ресурстар ке­шенін біріктіретін ортақ термин – экологияны күйзеліске ұшыратқан мұндай күрделі жағдай амалсыз ертеңгі күніңді алаңдатады.
“Экология-біздің ортақ үйіміз, ғаламшарымыз туралы ғылым. Ғаламшарымыз жалғыз, сондық­тан, оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек”,-дейді кандидат.
Өз сөзінде Ә.Құсайынов әрбір азаматты экология мәселесіне бел­сене араласуға шақырды. Эко­ло­гиялық тепе-теңдікті сақтау және өнеркәсіптік қауіпсіздікті ұстану идеясын насихаттауда азамат­тық қоғам өкілдерінің рөлі орасан. Қоғамдық ұйымдар бұл жұмысқа білек сыбанып кірісуі керек.
Экология мен табиғатты қорғау мәселесінде азаматтық белсенділікті дамыту қажет.
Адамдар саналы түрде эко­ло­гия­лық тепе-теңдікті сақтап, табиғаттың шынайы келбетін сақ­тау қажеттілігін сезінулері керек.
Сонымен қатар, колледж ұжымы­мен кездесуде Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабы­ның жетекшісі Рүстем Жоламан сөз сөйледі.
Р.Жоламан экологиялық проб­лемалардың өзектілігі мен оларды дер кезінде шешудің маңыздылы­ғына тоқталды.
«ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайынов экология мен биоло­гиялық әртүрлілікті сақтау маңыз­дылығына назар аудартуды көздейді.
Сондай-ақ, ол экологиялық білімге де үлкен мән беріп отыр. Жалпы, білім беретін мектептерде міндетті пән енгізе отырып, экология мен оның қауіпсіздігі туралы түсінік қалыптастыру, сонымен қатар, тұ­рақты экологиялық - ағартушылық жұ­мыстар жүргізу экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік тура­лы бі­лім берудің маңызды қадам­дары болып табылады.
“Біз жастайынан балаларымыз­дың санасына экология, қауіпсіз және экологиялық дұрыс өмір сүру тура­лы қарапайым ұғымдарды сіңіріп, табиғатты және қоршаған орта­ны күтіп, қорғауға тәрбиелеуіміз керек”,- деді Р.Жоламан.
***
ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Ақтөбе облы­сының жұртшылығымен кездесті.
Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов жиын қатысушыларын экологиялық мәселелерді айқын­дап, шешуге негізделген өз сайлауалды бағдарламасының басты бағыттары­мен таныстырды.
«Алдымен, басты міндеттеріміз­ді айқындап алайық. Экологиялық проблема – табиғаттың құрылымы мен қызметін бұзатын қоршаған ортадағы теріс құбылыстар. Бұл дегеніңіз, адамзат тұрмысынан туын­даған антропогендік түрлену.
Экологиялық түйткілдер адам­заттың күрт өскен өнеркәсіптік әре­кетінің айналаға әсерінен туын­дап отыр.
Қазірдің өзінде адамдар күн сайын еселеніп келетін экология­лық дағда­рыс жағдайында өмір сүріп жатқаны жасырын емес. Ол барша өркениеттің дағдарысына айналып барады», - деді ҚР Президенттігіне кандидат.
Ә.Құсайыновтың айтуынша, эко­логиялық жүйе қызметі мен адам қоғамының табиғатпен қарым-қа­тынасы арасында тепе-теңдік жоқ.
Одан әрі кандидат жиналған жұртты адамзат қоғамы алдында тұрған маңызды жаһандық эко­логиялық проблемалармен таныс­тырды, атап айтқанда: қоршаған ортаның ластануы, парниктік газ­дардың зияны, ғаламшардың «озон қабатының» сөгілуі және т.б.
Адамның іс-әрекетінен қоршаған ортаның ластануы барлық жер қыр­тыстарын: атмосфера, гидросфера мен литосфераны қамтып, өткір мәселеге айналып барады.
Оның ішінде, бірінші әрі маңыз­дысы-жаһандық климаттың өзге­руі. Адамның өнеркәсіптік тұрмыс-тіршілігінен түзілген парниктік газ­дардан климат антропогендік өзгеріске ұшырады.
ХІХ ғасырда температура 0,1 гра­дусқа өсті. ХХ ғасырда бұл өсім әр жыл сайын 0,3 градусқа жет­ті. Ал, ХХІ ғасырдың 15 жылын­да ор­таша жылдық температура 0,8 градусқа жылып отыр.
Ғаламшардың жаһандық жылы­нуы мұздықтарды ерітіп қоймай, топырақтың беткі қабатын қуратып отыр. Бұл үлкен қауіп төндіруде.
Климат өзгерісінің зардабын, ең алдымен, ауылшаруашылық жайы­лымдар тартып отыр, шаруашылық мақсаттағы жерлердің 63%-ы эрозияға ұшыраған. Жыл сайын шөл дала­ның жалпы аумағы 27 млн гектарға кеңіп келеді. Сондай-ақ, жаһандық жылынудан жаңа аурулар туып, қауіп­ті микроағзалар пайда болады.
Адам өз іс-әрекетінен туын­даған экологиялық ауытқудың құр­банына айналып отыр: кей­бір мәліметтерге сенсек, су ре­сурстарының, атмосфералық ауа мен жер қыртысының ластануынан туындаған аурулардан әлем бойын­ша адамдардың 40%-ы өмірден өтіп жатыр.
Ә.Құсайыновтың айтуынша, фотохимиялық түтін, қышқыл жаң­быр, топырақтың құнарсыздануы, ормандардың құртылуы, құрғақ­шылық, ауадағы қауіпті қалдықтар, биосфера генофонының азаюы сынды қауіпті экологиялық құбы­лыстар, біздер, адамдар үшін, қа­лыпты жағдайға айналды.
“Осы орайда, қуат көзі мен табиғат ресурстарын үнемдеу мәселесін де назардан тыс қалдыр­мау керек.
Біз – адамдар, жаңартылмайтын ресурстарды жойып, флора мен фаунаны талқандап, табиғат циклін бұздық – бір сөзбен айтқанда, бізді жаратқан табиғатқа өзіміз зиян келтіріп отырмыз”, - деді Құсайынов.
«Айналамыздың бәрі өзгеріске ұшырады – аңдар қырылып, си­рек өсімдіктер жойылып кетті, аралдарды су басып, табиғи апат­тар тұтас қалаларды қиратуда.
Соған қарамастан, адамдар тех­никалық баспалдақтағы серпілісін жалғастырып, ғаламшарға тұты­нушылық қатынасын тоқтатар емес. Табиғаттың құнарын соңғы там­шысына дейін сорып алуға дайын.
Адамзат қоршаған ортаны құр­­тып бара жатқан іс-әрекетін тоқтатпаса, жағдай қиындауы мүмкін.
Сол себепті, бүгінде экология ғылымына биологияның бір саласы деп қарамай, оған әлдеқайда тереңнен бойлау қажет», - деді кандидаттың Ақтөбе облысында­ғы сайлауалды штабының жетекшісі Игілік Сағиев.
“Экологиялық мәдениет қазіргі қоғамның маңызды бөлігіне айна­луы керек.
Табиғатты қорғау, табиғат ре­сурстарын дұрыс пайдалану мәсе­лелеріне қоғам назарын тарту жұмыстарын күшейту маңызды.
Кәсіпорын мен ұйымдардың жер қойнауын, су ресурстарын, орман, қазба байлықтары мен өзге де табиғат ресурстарын дұрыс пайдалануларына мемлекеттік ба­қылау енгізу қажет.
Топырақтың, жер беті және жер асты суларының ластануына жол бермеуге қоғам назарын күшейту керек.
Сулар және ормандарды қорғау, өсімдік және жануарлар әлемін қорғай отырып, сол арқылы ат­мосфераның ластануына тосқауыл қою маңызды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйе­­­сін енгізу қажет”, - деді Ә.Құсайынов.