Мақсатқа жеткізер мүмкіндіктер

http://turizm-hit.ru/

Нарбол Қашаған, «Талас тынысы».
Аудан әкімдігі мәжіліс залында аудан әкімі Болат Рысмендиевтің төрағалығымен отандық нарықтық экономиканың негізі болып отырған кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында «ҚазаАгроҚаржы», «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-ның облыстық филиалы басшыларымен кездесуі болып өтті.


Жиында аудандағы шаруа қожалықтарының жұмыстары жөнінде баяндаған аудан әкімдігі ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Ауданбек Ерубай: «Өткен жылы жергілікті кәсіпкерлер үкімет тарапы­нан көрсетілген жеңілдіктер бойынша 8 ауыл шаруашылық техникасына қол жеткізді.. Биыл да 8 қажетті техника алу жоспарда бар»,- деп алда тұрған міндеттермен бөлісті.
Сондай-ақ, бас қосуда «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ы директорының орынбасары Қадыржан Абылов: «Біздің мақсатымыз ауыл шаруашылығы саласында жұмысын бастаған кәсіп­керлерге көмек беру. Шағын сүт- тауарлы фермаларды дамыту, жел қондырғыларының, жел сораптарының және күн панелдерін орнату, бау-бақ­шаларды өсіру бойынша лизингтік жеңілдіктерді ұсынамыз. Асыл тұқымды ірі қараға 50 пайызға дейін субсидия беріледі. Қажетті техника алмақ болсаңыз ол үшін бастапқы жарнасын төлейсіз.Сосын, табыс көзін көрсететін анықтама және бизнес жоспарымен таныстырасыз»,- деп лизингтік жеңілдіктің шарттары мен талаптарына тоқталса, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-ның директоры Әбілек Қуанышбеков: «Біз қаржыны несиеге береміз, ол үшін кепілдік қажет, егер лизингке ауыл шаруашылық техникасын алсаңыз ешқандай кепілдіктің керегі жоқ. 15 пайызын алғашқы жарна ретінде төлейсіз, 85 пайызы мемлекеттің жеңілдігі болып есептеледі. Шаруашылығыңыздағы мал басының саны немесе қора-жайыңыздың сапасын есепке аламыз. Біз шаруаларға мейлінше тиімді әдіс түрін ұсынып отырмыз. Біз ауылшаруашылық техникасын мемлекет белгілеген бағамен ұсына­мыз»,- деп жиылған көпші­лікті үкімет тарапынан көрсетіліп отырған жеңіл­діктерді пайдалануға шақырды.
Кездесу соңында Болат Қанатбайұлы: «Сыбаға» бағдарламасының мерзімі аяқталып келеді. 2016 жылы алғашқы өнімдерімізді шығара бастауымыз керек. Қазіргі табысқа бастайтын тиімді жол мал шаруашылығы. Бізде су қоры жеткілікті, жайылымдық жер де бар. Істің көзін тапсаңыздар, бақ айналып сізді табады. Бүгінгі бір сиырыңыз келер жылы екеу. Жыл сайын көбейеді. Алған қаржыңызды толығымен ақтайды»,-деп үкіметтің ауыл шаруашылық саласына жасап отырған жеңілдіктерін халыққа жете түсіндіруді мекеме басшылары мен ауылдық округі әкімдеріне тапсырды.