Индира Еркінқызы, «Талас тынысы»
Жадыраған жаздың алғашқы күні ақ пейілді, періште көңілді бүлдіршіндердің төл мерекесі. Балалар күніне арналған мерекелік шара қаламыздағы «Балалар қалашығында» «Балалар біздің ертеңіміз» атты ертеңгілік концерттен бастау алды.
Мерекені қызықты өткізуге асыққан қаламыздың кішкентай тұрғындарын қала әкімі Қойшыбай Махашев құттықтады.
Мерекелік ертеңгілікте бейбіт елдің бүлдіршіндері ел мен жерді, ана мен әкені әнге қосып, қалашық аспанын әнмен қалықтатты. Түрлі ұлттар мен қызықты қуыршақ биін билеген, мың бұралған бүлдіршін қыздар да көңілге қуаныш сыйлады.
Балаларға арналған шара мұнымен таусылмай, қалашық ішінде арнайы құрылған бекеттерде түрлі қызықты ойындар ойнатылып, «Фосфорит» спорт кешенінің алдындағы асфальтты түрлі-түсті бояулармен бояп, сурет салудан сынға түсті. Сонымен қатар, қалашық ішіндегі бар балаға бал татыған балмұздақтар таратылды.
Сондай-ақ, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты үйде арнаулы қызмет көрсету бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен арнаулы көмек алушы балаларға мерекелік шара өткізілді.
Мұнда аты аталған бөлім басшысы М.Қарғабаева мен бөлімше меңгерушісі Н.Сейдалиева балалар мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық тіледі.
Ізгі тілектен кейін, бүлдіршіндерге тәтті торттар мен сусындар, балмұздақ пен сыйлықтар үлестірілді. Баласының бақытқа бөленген шағына қуанған ата-аналар атынан А.Абдразақова алғысын білдірді.
Дәл осы күні қала көшелері қызылды-жасылды шарлар ұстаған бүлдіршіндермен ажарлана түссе, «Ақжелкен» бассейніне шомылып жатқан балалардың шат-шадыман күлкісі төңірекке шырай шашып жатты.