Ұлттық рухымыздың мәңгілік көрінісі

http://turizm-hit.ru/

Қазақстанның мемлекеттік рәміздері-тәуелсіз еліміздің қастерлі төлқұжаты. Рәміздерден елге, ұлтқа деген патриоттық сезімнің шынайылығы аңғарылып тұрғандай. Қазақ елін, төл тарихымыздың бүкіл болмысын әлемге айшықтайтын мемлекеттік рәміздерімізді әрбір қазақстандық аса жауапкершілікпен, үлкен патриоттық сезіммен қастерлеуі тиіс. Өйткені, ол-біздің ұлттық рухымыз, елдігіміздің өшпес белгісі.
Міне, сол Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні мерекесі қаламыздағы аудан әкімдігі ғимаратының алдындағы «Достық» алаңынан бастау алды.
Ақ түсті 10 «Нива» автокөлігіне Қазақстан Республика­сының Туы тігіліп, ақ форма киген 30-ға жуық велосипедшілер жалаушалар ұстап қала көшелерімен шеруге шықты. Топты үш атқа мініп, Ту ұстаған ұлттық киімдегі үш жігіт бастап жүрді.
Қаланың басты-басты көшелерімен жүріп өткен топ дауыс күшейткішпен қала жұртшылығын мерекемен құттықтап, шеру тобы орталық «Жеңіс» алаңына жиналған көпшілік алдына келіп, сап түзеді.
Мемлекеттік Гимн орындалып, жиналған жұртшылық алдында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Болат Қанат­байұлы Рысмендиев қаратаулықтарды мерекемен құттықтап: -Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз ұлы жолға шықтық, арманды сапарға аттандық. Қолымызда-тәуелсіздіктің Көк Туы- Елтаңбамызда бар халықтың басын біріктірер киелі шаңырағымыз, арманымызды алға апарар қанатты пырақтарымыз бар»,-деп атап көрсеткендей, осынау рәміздеріміздің, яғни Көк Ту, Гимн және Елтаңбамыздың төрткүл дүниеге қазақ елінің танылуына қос­қан үлесі орасан,-деген Болат Қанатбайұлы қазақ­стандықтардың патриотизмі бағытында әңгіме қозғағаннан кейін:
- Қазақстанда тұратын және оны өз Отаным деп білетін әрбір азамат рәміздерді жүрегінің терең түкпірінде сақтауы керек. Бұл-баршамыздың туған ел алдындағы перзенттік борышымыз,-деді.
Аталмыш мерекеде Қазақстан халқы Ассам­блеясының 20 жылдығына орай неміс этно-мәдени орталығының жетекшісі Рихтер Валерий Романович, славян этно-мәдени орталығының жетекшісі Шуваева Галина Панфиловна және травматолог-хирург, аудандық орталық аурухана хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Качалов Константин Николаевич Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Этносаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен наградталды.
Г.П.Шуваева еңбектерін бағалап, осындай наградаға ұсынған аудан басшылары мен марапаттап отырған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы К.Н.Көкірекбаевқа алғыс айтып, жерлестеріне барлық істе сәттілік тіледі.
Жиын соңы аудан өнерпаздарының ән-шашуына ұласты.