Ұлттың бақыты- халықтың денсаулығында

http://turizm-hit.ru/

Қамысбай Сауқымов, «Талас тынысы»

Халқымыз «Денсаулық-зор байлық», болмаса, «Бірінші байлық-денсаулық» деп бекер айтпаса керек-ті. Бір қарағанда, әркімнің жеке игілігі көрінгенімен, шын мәнінде, денсаулық-қоғам байлығы. Өйткені, азаматтарының денсаулығы мықты елдің экономикасы мен әл-ауқаты да жоғары болады. Сондықтан, Елбасымыз халықтың денсаулығын қорғау, еліміздің меди­цина саласын заман талабына сай дамыту мәселесіне айрық­ша мән беріп, ұдайы назарда ұстап келеді.
Ақ желеңді абзал жандар да Гиппократ антына адалдық танытып, өз істерін мінсіз атқаруға барын салуда. Олардың аялы алақаны мен жүректен шыққан жылы сөздерінің өзі науқас­тың көңілін жадыратып, бойына қуат берері сөзсіз.
Міне, аудандағы денсаулық жанашырлары да өздерінің төл мерекесі-Медицина қызметкерлері күнін Балалар өнер мектебінде салтанатты жағдайда атап өтті.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев аудандық медицина қызметкерлерін мерекемен құттықтап:
- Ұлт денсаулығы-болашақтың кепілі, қоғамның басты байлығы дегенді баса айтқан Елбасымыз салауатты өмір салты қағидасын қалыптастыру арқылы қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 80 және одан да жоғары жасқа ұлғайтуды денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің алдына басты міндеттердің бірі ретінде қойып отыр.
Еліміздің барлық аймақтарында, әсіресе, ауылдық жерлер­­де жаңа емханалар мен ауруханалар салу үрдісі ерекше қар­қын алуда,-деген аудан басшысы:
-Осындай игілікті істер біздің аудан көлемінде де жүзеге асырылуда. Ауданда медициналық нысандарды соғу және олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше мән берілуде,-деп сөзін ары қарай жалғады:
-Қазіргі таңда ауданда 1 аудандық аурухана, 1 туберкулезге қарсы диспансер, 7 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық пункт және фельдшерлік-акушерлік пункт халыққа қызмет етуде.
Аудан тұрғындарына 88 дәрігер мен 357 орта буынды медициналық қызметкерлер қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 42 жас дәрігер келіп, оларға тиесілі көмек көрсетілді,-деді.
Одан кейін бірқатар медицина қызметкерлері аудан әкімі мен аудандық Мәслихаттың Құрмет грамотасы және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Алғыс хатымен марапатталса, қазіргі кезде зейнеткерлік демалыста жүрген денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне бағалы сыйлық­тар табыс етілді.
Өз кезегінде аудандық Мәслихаттың хатшысы Ж.Әсемов пен ардагер дәрігер А.Бекбердиев медицина қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, жүрекжарды тілектерін білдірді.
Жиын соңына қарай аудан өнерпаздары ақ желеңді абзал жандар құрметіне әннен шашу шашып, көпшілікті әуезді әннің әуеніне бөледі.