Арманға қанат қақты жас түлек

http://turizm-hit.ru/

Нарбол Қашаған, «Талас тынысы».
Қаламыздағы «Жеңіс» алаңында мектеп бітіруші түлектердің салтанатты кеші болып өтті. Мектептің қай-қайсысы да өз шәкірттерінің санымен емес, білім сапасы­мен мақтанады, мерейін арттырады. Биылғы жылы облыс бойынша 124 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісін иеленіп, білімдерін дәлел­деді. Соның 12-сі біздің ауданымызға тиесілі. Бұл үлкен көрсеткіш. Артқан сенім мен аққан тердің ақталғаны, мұғалімдер еңбегінің жемісі.
Толғаныс қысып, арман жетелеген түлектер кешінде алғашқы болып сөз алған аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков: «Аудан бойынша 351 оқушы мектеп бітіріп, 299-ы ҰБТ-ге қатысса, соның ішінде 12-сі «Алтын белгі», 2-і «Үз­дік аттестат» иеленіп, Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы 80,4 пайызды құрап, өткен жылмен салыс­тырғанда 7 пайызға өсті,-деп қуаныш иелеріне үлкен өмір айдынына сәт-сапар тіледі.
Сондай-ақ, өз кезегінде аудан әкімі Болат Рысмендиев: -Бүгін сіздер таудай болып биіктеп, қырандай қанаттарыңызды қомдап, «Өмір» атты ұлы жолда таудай талаппен тәуелсіз еліміздің көк туын тұғырлы ету жолында алдарыңызға мақсат қойып, алтын ұя мектебіңізден ұшқалы отырсыздар.
Қазақ елінің ұлан-ғайыр ісі егеменді елдің ертеңі- сіздерге арналады. Біз биылғы оқу жылын жоғары көрсеткішпен аяқтап отырмыз. Әрине, бұл өз баласындай бар жылуын беріп, оларды білім мен тәрбиеге баулыған ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін,-деп мектеп бітіруші түлектерді салтанатты кештерімен құттықтады.
Шара қасиетті білім орда­сын «Алтын белгімен» атта­ған түлектердің 2015-2016 оқу жылында «Алтын белгіге» үміткерлер мен үздік оқушыларға «Білім алауын тапсыру» рәсіміне жалғасты.
Мектеп бітірушілер атынан лицейдің түлегі Ділдана Сапубай ата-аналар мен ұстаздарға алғысын білдірсе, А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның ата-аналар кеңесінің төрағасы Бердібек Сәрсенбаев кеш иелерінің ел дамуына өз үлестерін қосатындығына сенімін біл­дірді.
Салтанатты шара соңы өмір айдынына аяқ басқан жас түлектердің құрметіне арналған қоштасу вальсіне ұласты.