Мемлекеттік инспектор қаланың тыныс-тіршілігімен танысты

http://turizm-hit.ru/

Қаламызға іс сапармен келген Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Василий Леонидович Крылов өз жұмысын жаңадан соғылып жатқан 250 орындық аудандық емхана құрылысының жұмысымен танысудан бастады.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Е.Имаммырзаев жұмыс барысымен таныстырып өтті. Одан кейін қонақтар спорттық-сауықтыру кешенінде болды.
В.Л.Крыловтың түрлі сауалдарына жауап берген спорт кешенінің директоры К.Шыныбеков:
- Бұл ғимаратты “Еурохим” ЖШС-ң демеушілігімен 2014 жылғы желтоқсанда мердігер “Керуен-сервис” 217,2 млн. теңгеге соғып бітірді. Қазір бізде 49 қызмет­кер жұмыс атқарады. Спорт сүйер қауым, баскетбол, волейбол, футбол, жеңіл атлетика және тағы да басқа спорт түрлерімен айналысуда. Сондай-ақ, тренажер залына келушілер де көптеп саналады,-деді.
- Жаттықтырушылар жеткілікті ме?-деген сауалға аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Мамадияров:
- Дзюдо, еркін күрестен жаттықтырушылар тапшы болып тұр. Ал, спорттың басқа түрлерінен бұл жағы дұрыс жолға қойылған,-деп жауап берді.
Одан соң аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев қонақтарға апатты жағдайдағы үйлер мен бұзылған үйлерді көрсетті.
Қала әкімі Қ.Махашев:
- 2013 жылы 40 көп қа­батты үй апатты жағдайда деп саналған. Осы жылы 107,4 мил­лион теңгеге 18 үй бұзылса, биылғы жылы 200,0 миллион теңгеге 20 көп қабатты үйді бұзу керек болатын. Дәл осы кезеңге дейін бөлінген қаражаттың 60 миллион теңгесі игеріліп отыр. Жақын арада тағы екі үй бұзылмақ.
Іс-сапармен келген В.Л.Крылов “Жастар саяба­ғында” да болып, ондағы әлі де жетіспей жатқан жұмыстарды атап көрсетті.
Бұдан соң олар Б.Момышұлы көшесіндегі №8 үйде болып, оның қайта жөндеу жұмыстарымен танысты.
- Бұл жекеленіп кеткен 64 пәтерлі үйді 246,0 миллион теңгеге қайта сатып алып, күрделі жөндеуден өткіздік. Жөндеу жұмыстары бітті. Енді, бұл үй пайдалануға берілмек,-деп түсіндірді Болат Қанатбайұлы.
Қонақтар “Жамбыл Недр” цемент зуытында да болып, оның құрылысымен танысты. Зауыт құрылысы жөнінде оның бас директоры Асхат Қырғызбайұлы Инкарбеков мәлімдеме жасады:
- Қазіргі таңда жобалық-сметалық құны 5 миллиард болатын зауыт құрылысының 70 пайызы бітті. Биылғы қазан айында алдын ала байқау жұмыстарын жүргізіп көреміз. Қазір мұнда 263 адам жұмыс істеп жатса, оның негізгі құрамы-жергілікті азаматтар.
Бұл жерден өте сапалы М400, М500 маркалы цемент шығарылатын болады. Шикізат ретінде “Сүлейменсай” карьерінен әк пен балшық алынатын болады. Биылғы желтоқсан айында зауытты іске қоссақ, онда жылына 300 мың тонна цемент шығарылмақ.
Қазіргі таңда зауыттың дайын өнімдер және шикізат қоймасы соғылуда,-деді.
Аудандық кәсіпкерлер палатасының филиалында болған қонақтарға палатаның жұмыс барысымен оның директоры А.Байзатов пен аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Тауасаров таныстырып өтті.
- “Моноқалаларды дамыту-2012-2020” бағдар­ламасы аясында биыл 78,1 миллион теңге бөлініп, 14 жоба іске асырылды. Несиелендіру аясында 325 жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлікке оқыту мақса­тында 750,0 мың теңгеге 25 азамат қысқа мерзімді оқудан өтті,-деген А.Тауасаров басқа да атқарылған басты жұмыстарға тоқталды.
Бұдан кейін арнайы топ “TalasInvestmentCompany” ЖШС-де, қаланың орталық қазандығында болып, зауыттың бас директоры Б.Алдашов пен “Игілік” мекемесінің басшысы Р.Сейдалиев өздеріндегі жүргізіліп жатқан жұмыстардан хабардар етті.
В.Л.Крылов қалада атқа­рылып жатқан жұмыстардың аз емес екенін айта келіп, қолға алынған жұмыстың тиянақты болғаны дұрыс болатынын жеткізіп, өзінің пікірін білдірді.
Осы күні мемлекеттік инспектор Л.В.Крылов “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалында жеке сұрақтармен азаматтарды қабылдады.