Ұлт өркениетінің өлшемі

http://turizm-hit.ru/

Нарбол Қашаған, «Талас тынысы».

Тіл- халық тарихы, өркениет пен мәдениеттің даму даңғылы. Ұлттық қазынамыздың құн­ды­лығын сақтау, келешек ұрпаққа жеткізуде мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Тілді меңгеру қарқынмен жүретін, жылдамдықты талап ететін үрдіс емес, уақыт ыңғайына бағынатын, жылдар өте жемісін беретін жауапты жұмыс. Міне, осы жүктелген міндетті елімізде «Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» ат­қа­рып, талап білдірген аза­маттардың тіл сындыруына өзіндік үлесін қосып келеді. Жуырда аталмыш мекеменің ұйымдастыруымен К.Маркс атындағы орта мектептің мәжіліс залында «Тілдерді оқыту үрдісіндегі жаңа техно­логияларды қолданудың маңы­зы» атты тақырыпта облыстық семинар болып өтті.
Жиынның ашылу салта­натында сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Жұмабек: - Тілді дамыту- мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Қазақ тілін еркін және тегін меңгеруге үкімет тарапынан жан-жақты жағдай жасалған. Біз бүгінде үш тұғырлы тіл бағытын ұстанып отырмыз. Ағылшын тілін білу заман талабы. Ана тілімізді тек меңгеріп қана қоймай, өзгеге үлгі көрсету арқылы көтеруіміз қажет. Елбасының: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!»,- деген бәтуәлі сөзін ешқашан естен шығармауымыз керек»,-деп осы сала қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік тілесе, аудан әкімдігінің білім бөлімі әдістемелік кабинеттің мең­геру­шісі С.Сағынбекова: -Қазақ тілін дамыту мақсатында ауданымызда білім бөлімінің ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде Абай, Махамбет, Мұқағали және О.Бөкей атындағы көркемсөз шеберлері­нің оқуы өтіп тұрады. Білімді тіл арқылы қалаймыз, мәдениетті тіл арқылы қалыптастырамыз. Сондықтан, сауатты сөйлеп, жауапты жазу әрбір азаматтың міндеті,- деп «Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» аудандық филиалының жұмы­сына оң бағасын берді.
Сондай-ақ, ұйымдас­тырыл­ған шараның мақсатымен таныстырған Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Мемлекеттік тілді оқыту орталығының» директоры Күлшат Қожатаева: «Біз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бекіткен бағдарламасы ая­сын­да жұмыс жасаймыз. Мемлекеттік тілді оқыту орталығының облыс бойынша 8 филиалы бар.
Мекеменің жұмысына бірқатар міндеттер жүктелді. Енді, қазақ тілі мамандары А-корпусындағы қызметкердің деңгейімен бірдей дәрежеде тест тапсыратын болады. Сонда ғана лингвист мұғалімнің білім деңгейі көрініп, үлес салмағы артпақ. Бүгінгі се­ми­нарды оқу жылының аяғын­да өткізудің өзіндік себебі бар. Біздің ме­кеме қызметкерлерінің көр­­сет­кен мастер-класс тәжірибелік са­бақ­­тарынан үлгі алып, пікір алмасуларыңызға бола­ды. Алдағы келе жатқан демалыс уақыттарыңызда ойла­рыңды қорытып, жинақ­тап болашақтағы тамыз конференциясында көпшілік назарына ұсынуға немесе одан әрі сабақ үрдісінде пайдалану­ларыңызға болады»,- деді.
Басқосу барысында «Мем­ле­кеттік тілді оқыту орталығының» әдіскері Гауһар Сейсенбаева ҚазТест жүйесі арқылы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің жаңаша үлгісіне тоқталса, «Талас жастар орталығының» психолог маманы Меруерт Касимова қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарындағы ин­но­­ва­­ция­лық әдістер мен техно­ло­гияның маңызы жайын­да баяндап берді.
Жиылған көпшілік шара­ның ғылыми әдістемелік бөліміндегі кезекті баяндама­лардан соң, «Мемлекеттік тілді оқыту орталығының» Байзақ, Жамбыл, Талас аудандары бөлімшелерінің меңгерушілері мен оқытушылары дайындаған тәжірибелік сағаттарын тың­дап, өзара пікір алмасты. Жиын соңында Күлшат Кеңесқызы тыңдаушыларға арнайы сертификаттарды тапсырды.