Еліміздің бағдаршамы

http://turizm-hit.ru/

Нарбол Қашаған,
«Талас тынысы».

Сарыарқа- сан қилы өткенімізді бауырына басып жатқан көмбеге толы киелі мекен, сайын даламыздың салқам төрі, көңіл марқаяр жазирасы. Астанамыздың Сарыарқа төсіне қоныс тебуі ел тарихындағы елеулі, белесті бетбұрысымыздың бірі болды. Осы тұста Елбасымыздың көкейінде қайнап піскен, Елорданы Ақмолаға ауыстыру бастамасы жолай кездескен күмән-күдіктерге, жел сөзге қарамастан іске асып, бүгінде ел мақтанышына айналып, тарих беттеріне алтын әріптермен жазылды.
Еліміздің мерейі Астана азғана жылда үлкен қарқынмен дамып, әлемге танылды, қазақты танытты. Қазіргі заманға сай салтанатты сарайлар мен сәулетті ғимараттар бой түзеп, қала көркін айшықтандырды. Бұл ең алдымен, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың батыл қадамы мен ерен еңбегінің жемісі. Ел дамуының шынайы бейнесіне айналған Астана күні- күллі қазақстандықтардың ортақ қуанышы, мерейлі мерекесі.
Елбасы айтқандай: «Жаңа Астана- ежелгі қазақ жерінің төрі». Ендеше, ұлт болып ұйысуымызбен, халық болып бірігуімізде, тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсуде айбыны асқақ Астананың алар орыны жоғары. Сондықтан, әр қазақтың шаңырағына шаттық әкелетін, шадыман мейрам- Елорда күні көтеріңкі көңілмен, асқақ рухпен тойлануы керек. Елбасы келтіргендей бас қалаға қарап, өзге облыстар да бой түзеп, үлгі алуы тиіс. Өйткені, Астана- ұлт болмысының айнасы, мемлекетіміздің мәртебесі, елдік пен тұтастықтың тұтқасы, дербестігіміздің белгісі.