Өмір баспалдағы

http://turizm-hit.ru/

Индира Еркінқызы, «Талас тынысы»

Қаламыздағы «Жеңіс» алаңында 49 жылдық тарихы бар, білім ошағы - Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжін бітірген білімгерлерге диплом беру рәсімі болып өтті.
1966 жылы жұмысын бастаған білім ордасы бүгінде мемлекеттік орта арнаулы оқу орны болып саналады. Аталмыш білім ошағының білікті ұстаздарының арқасында колледж Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің мемлекеттік аттестатциялау сынағынан абыроймен өтіп, сонымен қатар, түрлі халықаралық додаларда бақ сынайтын оқу ордасы білім кеңістігінің кең екендігін дәлелдеп келеді.
Салтанатты кеште сап түзеп, сән құрған 9 мамандықтың 262 түлегі түнгі «Жеңіс» алаңын шырайландыра түсті. Мерекелік құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Болат Рысмендиев:
-Елбасы айтқандай әр азамат елін, Отанын сүйсе, біз алмайтын асу болмайды. Сол себепті де, егемен еліміздің патриоты болып, алдағы уақытта мамандықтарыңызбен еліміздің гүлденуі жолында жақсы қызмет, абыройлы міндет атқара беріңіздер,- десе, колледж директоры Докторбек Мәселбеков: - «Мемлекеттік сынақтан сүрінбей өтіп, маман иесі атанып диплом алып отырсыздар. Еуразияның кіндігі, еліміздің жүрегі Астана күнімен тұспа-тұс келген мерекелеріңіз құтты болсын!», - дей келіп, «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында колледж бітіруші мамандар облысымыздағы өндіріс ошақтарына жолдама алғандығын тілге тиек етті.
Адамның өмір жолында асулар мен белестер көптеп кездеседі. Әр белеске көтерілген сайын келесі бір белестің ауылы көрініп тұратыны тағы бар. Кеше ғана тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған сарауыз балалар мектеп атты кемемен білім атты теңіздің жағалауына жетіп, бір белесті артқа тастаса, мамандық алу жолында мұхитқа сапар шегіп, бір маман иесі атанып, екінші белестерін бағындырды. Олай болса, жас мамандарға алдағы асулардан да сүрінбей өткей демекпіз.