Міндет орындалмаса, мүдде ұмытылады облыс әкімі К.Көкірекбаев ауданымызға арнайы жұмыс сапарымен келді

http://turizm-hit.ru/

Нарбол Қашаған, "Талас тынысы"

Талап етпей табыс жоқ
Ауданға арнайы ат басын тіреген облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарын алдымен Бостандық ауылынан бастады. Екі жарым мыңға жуық тұрғыны бар ауыл бүгінде заманға сай қадам алып, кейіп өзгерткен. Жуырда ғана кәсіпкер Бекза­да Ермағанбетованың бастамасы­мен 320 орын­дық тойхана пайдалануға берілсе, не­гізгі жұмыстары аяқталған наубайхана мен ауыл моншасының игілігін көретін күн де алыс емес. 50-ге тарта шаруа қожалықтары өнімде­рін халыққа ұсынып, нәсібін жер­ден айырып отыр.

Бюджеттен 42 млн. теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өткен бала­лар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 44 қызметкер, 281 бала бар. Олардың ішінде, аудан мен аймақ намысын қорғап жүрген талапты шәкірттер аз емес. Мұн­дағы мәдениет үйіне жүргізіліп жатқан құрылыс жұмысымен (құны 9 млн. 353 мың теңге) танысқан облыс басшы­сы асығыс жасалған істі анықтауды, өзгер­туді талап ететіндігін, сондықтан, жобаларды тиянақтауға кеткен уақытқа өкінбеу қажеттігін жеткізіп, жауапты азаматтарға жұмыс сапасын бақылауда ұстауды тапсырды.
Алқабы құнарлы, жайылымы белеске созылып, көз мұнартқан мұндағы ірге­лес жатқан ауылдардың дені мал шаруа­шылығымен айналысады. Асыл тұқымды мал басын көбейтіп, үлкен бастамаларды мұрат еткен. Жеке кәсіпкерлікті дамыту бүгінде ел Үкіметінің назарында. Өйт­кені, кәсіпкерлік барынша дамыған жағ­дайда жаңа жұмыс көздері ашылады. Бұл біріншіден, халықтың әлеуметтік жағдайын оңалтуға ықпал етсе, екіншіден, кәсіпкер салығы есебінен мемлекет бюд­жеті толығады. Бұл орайда, шаруа қожалықтары өз мүмкіндіктерін мейлін­ше пайдаланып отыр. «Ахай», «Төлебаев», «Шұғай», «Тәжібай-Алашбай», «Шалқар» шаруа қожалықтарының төрағаларымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстары жөнінде пікірлерімен бөліскен Кәрім Нәсбекұлы: -Мемлекет басшысы 2011 жыл­ғы қаңтардағы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында: «Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамытуға арналған теңдесіз жоба жасалды. Мемлекет бұл мақсатқа 130 млрд. теңге несие қаражатын бөледі»,-деген болатын. Осыған сәйкес 2011 жылы 29 маусымда Қазақстан Республикасы Үкіметімен «2011-2015 жылдар аралығында еліміздегі ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Міне, өз өнімдерімізді алыс-жақын елдерге шы­ғару мерзімі де жақындады. Бірақ, көңіл толатын нәтиже көріп отырғаным жоқ. Елімізде жан басына шаққанда бір адамға жылына 48 кг. ет жұмсалады. Ет өнімін дамытпасақ, мынадай аяңмен облыс хал­қын да етпен қамтамасыз ете алмаймыз. Қолыңыздағы кепілге жарамды дүние­ңізді қойыңыз, одан өкінбейсіз. Жылдан жылға еселеп қайтарып аласыз. Мәселен, 300 мың теңгеге субсидия алсаңыз, оның 156 мыңын үкімет қайтарады. Бұдан артық қандай жеңілдік қажет. Батыл қадам жасауға, тәуекел етуге үйрену керек. Мына созылып жатқан тәңірдің сыйы, дархан даламызды қажетімізге жарата білейік,- деді.

Ұқсата білген ұтады
С.Шәкіров ауылындағы Бай­тоқты баба мешітіне соғып, аудандағы дін ахуалы, тұр­ғындарды діни сауаттылыққа тар­ту бағытын­да атқарылып жатқан істермен танысқан облыс әкімі жұмыс сапарын Ойық, Ақкөл ауылдарында жалғастырды.
Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Ақкөл ормандары және жануарларды қорғау жөніндегі мекемесіне бас сұғып, қызметкер­лер және арнайы техникалар құрамымен танысып, кейбір сын-ескертпелерді алға тартты. Ауыл тұрғындарының ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекеменің жұмы­сын да назардан тыс қалдырмады.
- Ауданда жалпы білім беретін мекемелер саны 36. Биылғы жылы орта мектепті 351 оқушы аяқтады. 100-125 балл алған оқушылар саны 44. Оның 12-сі «Алтын белгіге», 2-уі «Үздік аттестатқа» ілікті,- деген аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков Ақкөл орта мектебінің жаңа оқу жылына дайын екендігін жеткізді. Атал­мыш мекеменің жылу қазандықтарындағы ұқыптылықты көрген облыс әкімі міндетіне адал мектеп басшыларының жұмыстарына ризашылығын білдірді.
Ауданға жасаған сапар барысында аймақ басшысы қала экономикасын ұзақ мерзімді әр тараптандыру үшін «зәкірлік» инвестициялық жобасы негізінде алдағы уақытта 491 тұрақ­ты жұмыс орнын ұсынатын, жылына 15 мың тонна натрий цианидін шығаратын «Talas Investment Company» ЖШС-нің басшыларына жолығып, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті. Сондай-ақ, «Игілік» ККМ- не көп кешіктірмей қала тұрғындарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан соң орталық аудандық аурухана, 250 ауысымдық емхана құрылысын, де­не шынықтыру-сауықтыру кешенін аралады.
Кемшілікке кеңшілік жоқ
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жұмыс сапарын аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен актив жиналысында қоры­тындылады. Аудан әкімі орынбасар­ларының баяндамаларын тыңдаған аймақ басшысы: «Ең бастысы, аудан­да кәсіпкерлікті жетілдіріп, ауыл шаруа­шылығын дамыту керек. Мен мұнда екінші деңгейлі банк қызметкерлерін шақыртып отырмын. Кеңес алып, бірге жұмыс жасаңыздар. Шаруа қожалығымен айналысатындарға тамшылатып суға­рудың тиімділігін түсіндіріңіздер. Көп жұрт тәуекел етіп несие алмайды, шошып қалған. Жұмыс істеуге ықыласты адам, маманнан артық жасайды. Мынаны түсіну қажет: адамда өздік құлшыныс, табандылық болмаса табыс қашады.
Қаладағы көшелерді жөндеуге 1 млрд. теңге бөлінді. 110 млн. теңгесіне жұмыс­ты бастап кеттіңіздер. Алдағы уақытта көшелер тегістелуі тиіс, тұрғындардың уәжі болмауы керек. Сіздерге тек жақсы­ны айтып, арқадан қағып кетсем өтірік болады. Сын болмай, мін түзелмейді. Жол бойындағы белгілердің түстері кете бастаған. Ондай жайттар алда-жал­да орны толмас апаттарға соқтыруы мүмкін. Мұны ескеріңіздер. Қайталап айтамын, сонша қаржы неге бөлінді? Көп ұзартпай қаланы тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етіңіздер. Оны тікелей өзім бақылаймын. Ауылға газ келіп тұр. Бірақ, тұрғындар оны тұтына алмай отыр, ол қалай? Осы мәселені толық шешіңіздер. Сөз істің көлеңкесі. Тәжірибе жинау жеткіліксіз, одан мүмкіндігінше дәлелдер мен қорытындылар шығару үшін оны таразылап, талқылап және екшеп қарау керек. Нәтижеге жұмыс жасаңыздар. Сон­да ғана жетістіктерге жетуге болады»,- деп бірқатар мекеме басшыларына мін­деттемелер жүктеді.