Талап күшейсе, табыс артады

http://turizm-hit.ru/

«ТТ»-ақпарат»
Аудандық «Нұр Отан» партиясы ғимаратында Елбасының бес халықтық реформасы бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысына арналған семинар болып өтті.
Күн тәртібінде көтерілген мәселеге байланысты жиында алғашқы болып сөз алған «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Бағлан Сұлтанбек: - Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміз әлемнің бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енді, ішкі жалпы өнім 20 есеге өсіп, былтырғы жылдың есебі бойынша жан басына шаққанда 13 мың долларды құраған. Қазіргі уақытта «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаты- әлемнің 30 елінің қатарына ену үшін жұмыстар жүргізілуде. Елбасымыз өз сөзінде: «Біздің мемлекеттілігіміздің ауқымды сын-қатерлеріне қалыптан тыс және күшті жауап беруіміз қажет. Бір орында тұруға болмайды. Өз табыстарымызды арқау етіп, өзіміздің мемлекеттілігімізді дамыту үшін алға қарай қозғалуымыз керек»,- деп бес институттық рефор­маға жекелей тоқталып өтті.
«100 нақты қадам» ұлт жоспарында көрсетілгендей мемлекетке қызмет ету біздің қоғамымыздың бірлігін нығайту үшін негіз болуы тиіс. Мемлекеттік қызмет этностық қатыстылығына қарамастан, меритократия қағидаттары негізінде өзін-өзі көрсетуге бірдей мүмкіндіктер беретін әділетті қазақстандық қоғамның түпбейнесіне айналуы керек. Жаңа Экономикалық саясатқа бағытталған тапсырма­лар жайын түсіндірген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің Қаратау аймағы бойынша басқармасының консультанты Қуаныш Қарашолақов:- Мемлекеттік қызметшілерге, олардың басқару үрдісіне қосқан нәтижелілігі бойынша еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін, олардың қызметтері мен экономикада қол жеткізген табыстарының әр жылдағы нәтижелері бойынша саяси қызметшілер үшін бонустар мен әкімшілік қызметшілер үшін сыйақы­лар төлеуді қарастыруын тапсырып отыр. Яғни, жақсы жұмыс жаса­са-бонус алады. Жұмысы төмен, экономикада өсу және нәтижелері жоқ болса- тиісінше төленбейді,- деп мемлекеттік қыз­метке қабылдау үшін біліктілік талаптарына тоқталды.
Жиын соңында «Нұр Отан» партиясы мүшелеріне 19 ережеден тұратын этика кодексінің жаңа жобасы таныстырылды.