Ел сезімі ерекше көрінген форум

http://turizm-hit.ru/

5 қазан күні Астанадағы «Қазақстан» орталық кон­церт залында «Мәңгілік Ел – Болашағы Біртұтас Ел» тақы­рыбында республикалық патриоттар форумы өтті. Оған мемлекетіміздің барлық өңірінен келген 2 мыңнан аса деле­гат қатысты.

Делегаттар құрамында қоғам қайраткерлері, депутаттар, дәрігерлер, мұғалімдер, өнеркәсіп жұмысшы­лары, ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, кәсіп­керлер, ғалымдар, жастар көшбасшылары, спортшылар, талантты әртістер, мәдениет қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен БАҚ өкілдері болды.
Төменде форумға қатысушылардың сөзін ықшамдап беріп отырмыз.

Қуаныш
Сұлтанов,
Мәжіліс депутаты:
-Елбасы Нұрсұл­тан Назар­баев әлемнің ең жоғарғы, ең мәр­те­белі төрі мен мінбері БҰҰ-ның 70-ші мерейтойлық сессиясында қазақ тілінде сөйлеген сөзімен ұлт абыройын асқақтатты. Қазақ тілі тұңғыш рет осын­дай дүние­жүзілік дәрежеге көтерілді. Бұған барлық қазақ­стан­дықтар шын жүректерімен қуанды. Бұл мем­лекеттік тәуелсіздігіміздің жемісі – Елбасының жеңісі болды. Мың­жылдық тарихымызда біз­дің бабаларымыз талай қиын­дық көріп, жанкештілікпен тәуел­сіздікті аңсады, күресті, со­ның жо­лында құрбан бол­ды. Еркін ел болу бақытын, тәуелсіздікті, ұлттың, халықтың ын­тымағын жасампаздық игілігіне жарату біздің бүгінгі патриоттық, отаншылдық борышымыз.
Тәуелсіз Қазақстан халқын бір мақсатқа жұмылдыратын жал­пы­­­ұлттық идея, Ұлы Дала кеңіс­тігін­дегі «Мәңгілік Ел» стратегиясы – 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы – ұлты­мыз­дың жарқын бола­шағының кепілі. Ассам­блея атынан алдағы уақытта ха­лыққа, ұрпаққа осыны мейлінше насихаттау, тек қана өзіміздің мемле­кет­ке ғана емес, көрші елдерге, алыс мемлекеттерге жеткізу мақ­сатында арнайы «Мәңгілік Ел» бағдарламасын не болмаса «Мәңгілік Ел» телеарнасын құрып, жұмыс істетуді ұсынғым келеді.
Айдын Айымбетов, ғарышкер:
- Бiздiң жерiмiзден – Байқоңыр ғарыш айлағынан адам баласы ең алғаш ғарышқа ұшты. Қазақстанды бүгінде бүкiл әлем таниды. Бұл өз елiмiздi мақтан тұтудың тамаша үлгiсi. Бүгiнде Қазақстан көп табыстарға қол жеткiздi. Біз мемлекетімізді одан әрі дамыта беру үшін әрқайсымыз өз iсiмiздің үздiгі болуымыз керек. Мiне, осы – нағыз патриоттық iс. Мен жастарды елiмiз­дiң патриоты болуға, өзiнiң нақты iстерiмен Отанымыздың көркеюiне үлес қосуға шақы­рамын. Қазақстанның Байрағы ғарышқа әлi талай ұшатынына, жеңiстi сәттерде жел­бiрейтiнiне, бүкiл әлемге танымал болары­на сенiмдiмiн. Қазақ елi мәңгiлiк жасасын.
Бақытбек Смағұл, Мәжіліс депутаты:
-Біз, Ауған соғысының арда­гер­лері, «Мәңгілік Ел» құнды­лықтарын қастер тұтамыз. Ауған соғысына қатысқан жауынгерлер – соғысты өз көзімен көргендер. Сондықтан, Қазақстанның ұлы жетістігі – ел бірлігін ерекше ба­ғалайды. Біз Елбасына бейбіт өміріміз үшін, аяулы аналарымыз бен бал-бөбектеріміздің күміс күл­кісі мен тыныш ұйқысы үшін шексіз ризамыз!
Бүгінде интернационалист жауынгерлер – батылдық пен ер­ліктің нышаны! Жастарды пат­риотизм рухында, жоғары адам­гер­шілікке, Отанды қорғауға тәр­биелеу – біздің тікелей мінде­ті­міз. Мен отандастарымды ор­тақ үйіміздегі бейбітшілікті сақ­тауға шақырамын! «Мәңгі­лік Ел» құндылықтарын жоғары ру­ха­ни-адамгершілік бағдар ретін­де ұстануға үндеймін. Біздің жетістіктері­міз бен жеңістеріміз әрқайсымыздың бар күш-жігері­міз­бен аянбай еңбек етуімізге байланысты.
Азамат Жұмаділов,
«Халық Қаһарманы»:
- Құрметті достар! Мен еш­қа­шан батыр атануды ойлаған емеспін. Сол қатерлі түнде азамат­тық міндетім­ді ғана атқардым! Менің орнымда кім болса да дәл солай істер еді. Жауап­ты сәтте қатерге ойланбай бас тігу – елім деген әрбір азаматтың борышы! Сол оқиғаны Елбасы теле­дидардан көріп, маған «Халық Қаһар­маны» атағын берді. Осыдан түйгенім: Қазақстанда жасалған әр­бір игі іс Елбасының назарында. Ұлым дейтін елі мен Елбасы барда, елім дейтін ұлдар бар. Патриотизм-ел үшін жасалған нақты істерден тұрады. Бұл – «Мәңгілік Елдің» бас­­ты сипаты! Мен еліміздің жастары­на үндеу тастаймын! Қасиетті Ота­ны­мызды сүйіп, құрметтейік! Жа­қындарымызға көмектесейік! Лайым, жерімізден бейбітшілік пен келісім кетпесін.
Дария Қожамжарова,
Тараз мемлекеттік педагогика­ лық институтының ректоры:
- Елбасы «Мәңгілік Елдің ең бас­ты сипаттарының бірі – ғылым мен білім» деген болатын. Елімізде 2 миллион 600 мың оқушы бар. Тек биылдың өзінде 340 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Бұл-Тәуелсіздік тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Біз кеше ғана ел болып «Ұстаздар күнін» атап өттік. Шәкір­тіне білім нәрін себетін 340 мың қазақстандық ұстазды кәсіби мере­ке­­лерімен құттықтауға рұқсат еті­ңіздер! Білімді ұрпақ – Мәңгілік Елдің болашағы. Мәңгілік Ел болу дегеніміз-бәсекеге қабілетті, зияткер ұлт болу. Зиялы ұрпақ тәрбиелеу- менің, мен сияқты барша ұстаздардың борышы. Ал, жас ұрпақтың борышы-білімді азамат атанып, Ұлы Абай айтқандай, «Мәңгілік Елдің кірпіші болып қалану». Сол себепті, біздің жасампаз еңбегіміздің бәрі де «Мәңгілік Ел» үшін.