Шығармашыл ұстаз - сапалы маман дайындаудың бірден бір кепілі

http://turizm-hit.ru/

2015 жылы қазан айының 1-ші жұлдызында Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жылдың үздік мұғалімін анықтау мақсатында Республикалық "Үздік педагог" байқауын ұйымдастырған болатын.

Осы байқауға республикамыздың барлық өңірлерінен 48 педагог қатысты. Соның ішінде, Қаратау қаласындағы Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы А.Шуленбаева қатысып, техникалық және кәсіптік білім саласы бойынша жеңімпаз атанды және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов 2015 жылдың "Үздік падагогы" төсбелгісі мен 1900072 теңге сыйақы сертификатын табыс етті.
Жеңіс бір-екі жылда келе қойған жоқ. Бұл оқу орнының осы бағыттағы көп жылғы еңбегі мен атқарған жұмыстарының нәтижесі. Оқу орнының шығармашылық жеңістері, 2001 жылдан бастау алады. Жамбыл облысында алғашқы "Үздік падагог" байқауында колледждің тарих пәнінің оқытушысы С.Ә.Алимкулова қатысып жүлделі ІІ-ші орынға ие болды. Осы байқаудың нәтижесінде, әр оқытушы кәсіби мәртебесін көтере алатындығын көрсетті. Бұл байқау осымен тоқтап қалған жоқ, колледж ұжымының жұмысы 2009, 2011, 2013 жылдары облыс колледждері арасындағы шығармашылық -әдістемелік жұмыстар бойынша «Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орнының үздігі» атты байқауда Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжі жеңімпаз атанып, I дәрежелі дипломмен марапатталды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеуге байланысты білім саласындағы озық инновациялық тәжірибені қолдау және насихаттау мақсатында 2011 жылдың 11 желтоқсанында Астанада III республикалық «Білім ұясы» байқауының «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» номинациясы бойынша Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің педагогикалық ұжымы ерен еңбектері үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатын иеленді. Сонымен қатар, оқу орны «Үздік техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы» байқауында «Білікті мамандар даярлау ісіне қосқан зор үлесі» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаментінің дипломымен марапатталды.
2013 жылы мамыр айында «Қазақстанда филологиялық білім беруді дамытудың негізгі басымдықтары» тақырыбындағы филологтардың республикалық сьезі қарсаңында өткізілген колледж оқытушыларының «Үш тұғырлы тіл» бейне сабақтар конкурсында коллеждің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы А.Ергенбаевтың бейне сабағы «Үздік» деп танылды.
Облыстық "Үздік педагог – 2013" байқауында А.Сыдыманова «Байқау жеңімпазы» медалімен және Жамбыл облысы әкімі Қ.А.Бозымбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал, 2014 жылы Техникалық және кәсіптік білім беру әдіскерлері арасында өткізген республикалық «Үздік жыл әдіскері» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы Шапазилова Ақбөпе Ғабитқызы 1 дәрежелі диплом иегері атанды. Осы жылы колледж оқытушысы Ләззат Естебекова Техникалық және кәсіптік білім беру оқу орны оқытушыларының арасында өткізілген республикалық «Үздік педагог» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы атанды.
2015 жылғы республикалық "Үздік педа­гог" байқауының жеңімпазы А.Шуленбаева мамандығына сәйкес өндіріс­те шыңдалып, оқу орнына 2005 жылы арнайы оқу пәнінің оқытушысы қызметіне тағайындалды. Өзінің білімділігі мен біліктілігін және педагогикалық шеберлігін шыңдай түсті. Оқу орны әкімшілігі ізденімпаздығы мен жауапкершілігін ескере отырып, "Арнайы мұнай -газ білім беру пәндері" циклдік әдістемелік комиссиясының төрайымы және колледж әдіскері қызметін сеніп тапсырды. Осы қызметтерде жүріп, тек өзінің біліктілігі ғана емес, әріптестеріне кәсіби білімін көтеруде талап қоя білді және тәлімгерлік көмегін көрсетті.
Бүгінгі колледждің жетістіктері оқу орнының алдағы жылы, яғни, 2016 жылы сәуір айында өтетін 50 жылдық мерейтойға тарту деп білеміз.
"Тарихын қадірлеген елдің келешегі де зор"-дей отырып, 50 жылдық тарихы бар Қаратау гуманитарлық-техникалық колледждің өсуіне қоғаммен бірігіп дамуы мен ғылыми прогрестің өркендеуі, өркениет пен мәдениетті жоғары сатыға көрсетуіне оқытушылардың білім деңгейін шығармашылықпен ұйымдастырудың маңызы зор. Осы бағытта колледж директоры, техника ғылымдарының кандидаты, халықаралық ақпараттандыру академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері және "Ы.Алтынсарин" төсбелгісінің иегері Докторбек Манатбекұлы Мәселбековтың басқаруымен білімгерлер мен оқытушылар облыстық және республикалық деңгейде ұйымдастырылып, өткізілетін кәсіби байқауларға белсене атсалысып, жүлделі орындарға ие болып, өздерін танытып келеді.
Жүмагүл УРТАЕВА,
Қаратау гуманитарлық -техникалық колледжінің әдіскері.

Суретте: ҚР Білім және ғылым министрі А.Сәрінжіпов жерлесіміз А.Шүленбаеваға төсбелгі табыс етуде.