Ұлттық рухтың туындай еді

http://turizm-hit.ru/

Ұлттық ерекшелік, ұлттық сана, ұлттық көркем бояу деген тіркесті алғаш рет жиырма бес жасар білімгер Әнуар Әлімжанов орыс тілінде айтқан екен. Бұл тақырып Олжас Сүлейменовтың «Ар­ғы­мақтары» арқылы жан­дана түсті. Одан кейін қазақ тілді қаламгерлер қалам тарта алмады десе де болады.

Міне, сол кезде Ілияс Есенберлин «Алмас қылыш» болып, қазақ көркем ойының көгінде жарқ ете қалды. «Қатерлі өткелден» өтті, «Айқасты». «Қаһарын» төкті, «Жанталасты», «Майдандасты», «Мұхиттан өтті». «Көшпенділер» тұқымынан шыққан біртуар қаламгер осылай Алаштың «Аманатын» орындады. Халқын «Қөлеңкесі­­мен қорғады», «Ғашықтардың», «Алтын құсын» қолына қондырып, «Махаббат мейрамын» өткізді. Ең соңында «Алтын Орданың» тоғыз құйрықты туын «Ақ ордаға» тігіп, «Қазақ хандығы – Алтын Орданың заңды мұрагері» дегізіп тынды.
Міне, ұйқыдағы қазақты қайталанбас шы­ғармаларымен қайта оятқан ұлтжанды қа­ламгерді еске алу мақсатында С.Сейфуллин атындағы орта мектепте «Ұлт рухын оятқан қаламгер» атты оқырмандар конференциясы болып өтті.
Жиынды ашып, жүргізіп отырған мектеп директоры Оразкүл Темешбай ұлтымыздың мақтанышы болған І.Есенберлинді елі сағы­нышпен еске алатынын, сондай-ақ алтын қолды қаламгердің туғанына 100 жыл толға­нын баяндап, шығармаларына талдау жасады.
Конференция барысында осы жол­дар­дың авторы жазушының өмірі мен шығар­машылығына арнал­ған «Ұлт мақтанышы» ат­ты деректі фильм мен «Көш­пенділер» романына түсін­дір­ме ретінде бейнеролик көр­сетіп, тыңдармандардың ой-пікірін білді.
Ал, 10-сынып оқушы­сы Сұлужан Құлмаханбет «І.Есенберлиннің ғұмырлық жолы» атты баяндамасында өз сөзін «Ілияс Есенберлин- қазақ әдебиетінің ғана емес, қазақ халқы тарихы­ның төрінен орын алатын дара тұлға, - деп бастап, оның қазақ халқы тарихын келер ұрпаққа жеткізудегі рөлі орасан екенін айтып, қаламгердің қазақ өмірінің энциклопедиясы іспеттес екенін де жеткізді.
Биология пәнінің мұғалімі Д.Сүлейімбекова І.Есенберлин шығармалары туралы өз ойын білдірді.
Ұлт-азаттық аңсардың ұйытқысы болған Ілияс Есенберлиннің тұлғасы, тарихқа тұнған шығармалары жөнінде оқырмандар ой бөлісті. Сондай-ақ, осы іс-шараның өтуіне белсене атсалысқан оқырмандарға осы жол­дардың авторы «Көшпенділер» фильмінің толық нұсқасын сыйға тартып, ризашылығын білдірді.
Жиын соңына қарай көпшілік І.Есенберлин кітаптары, ол туралы баспасөз бетіне жа­рияланған мақалалар қойылған көрмені тама­шалады.
Айжан Қонысбекова,
С.Сейфуллин атындағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі.