Сапалы өнім тиімді бағамен сатылды

http://turizm-hit.ru/

Нарбол Қашаған, «Талас тынысы».

Бүгінгі дағдарыс жағдайында үкімет тарапынан отандық өнімнің құнын қалыпты ұстау туралы пәрмен берілген болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі бағаның тұрақсыздығына байланысты Елбасы: - Егерде мемлекет тамағын сырттан алып келетін болса, онда- ол тәуелсіз мемлекет емес! Ауыл шаруашылығы министрі азық-түлік өнімінің 80 пайызын өзіміз өндіреміз деген. Сол себепті, азық-түліктің қымбаттауына ешқандай негіз жоқ!,- деді.


Бұл орайда ауданымызда бағаны тұрақтандыру жұмысы жіті назарға алынған. Аптаның әр сенбісінде аудан орталығында халық күнделікті тұтынатын өнімдер нарықтағы баға­сынан төмен саудаланады. Өткен аптада облыс әкімінің қолдауымен облыстық тұрақтандыру қоры және “Тараз сауда-саттық компаниясы” азық-түлік тиелген автокеруенімен шалғайдағы ауыл-аймақтарды аралап, арзан бағамен өнімдерді жергілікті тұрғындарға ұсынды. Алдымен Ақкөл ауылына аялдап, көпшілік сұранысын қанағаттандырды. Мұн­дағы бекітілген баға да көңілге қонымды. Мәселен, күріш келісіне 160, ұн-76, қант-175, қарақұмық- 200 теңгеден болса, көкөніс өнімдерінен, картоп келісіне 40, пияз-25, сәбіз-40 теңгеден сатылды. Қазіргі аумалы шақта халықтың тыныс-тіршілігін назарда ұстаған жергілікті билік өкілдеріне алғысын білдірген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрғынбек Тәжібеков:- Осыдан бір ай шамасында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа ауыл тұрғындары атынан хат жолдаған болатынбыз. Онда біз маңдай термен келген өнімдерді қалалықтарға жібереміз. Олар да біздің жағдайымызды ескерсе дегенбіз. Көп ұзамай тілегіміз орындалды. Сұранысымызды қа­рау­сыз қалдырмаған Кәрім Нәсбекұлына рахмет!,- деді. Көп­шіліктің облыс орталығына жиі қатынауына қаржы да қолбайлау, уақыт та тапшы. Сондықтан, ауыл тұрғындары қыс қарсаңында сәтімен сатылған өнімдерді молдан алып, ел көңілін аулаған өңір басшыларына ризашылығын білдіріп жатты.
Жәрмеңке барысында аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров дүкен сөрелеріндегі өнімнің құбылуына байланысты сауалымызға:- Басты міндет- күнделікті халық тұтынатын тауарды қалта көтерерлік бағада ұстап тұру, негізсіз қымбаттауға жол бермеу. Өткен жылы мұндай жәрмеңке үш рет ұйымдастырылды. Бұл жолы орталықтан алыс орналасқан шалғай елді мекендерге арзан бағамен өнімдерді ұсынсақ дейміз. Жуырда Елбасы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларына мониторинг жүргізу, қажет болған жағдайда әлеуметтік топтарға көмек көрсету туралы айтты. Автокеруен облыстан 25 тонна пияз, 30 тонна картоп, 5 тонна сәбіз, 12 тонна қант, 15 тонна ұн, 5 тонна қарақұмық өнімдерін әкелді. Ал, өнімдерге көпшілік сұранысы артып жатса, қолдау көрсетушілер тарапына өтініш білдіреміз,-деп жауап берді.
Бұдан кейін азық-түлік тиеген автокеруен Қызыләуіт, Үшарал ауыл­дарымен қатар, Қаратау қаласында болып, тұрғындарға қолжетімді бағада өнімдерін ұсынды.