Талапқа сай тиімді жүйе

http://turizm-hit.ru/

Нарбол ҚАШАҒАН, “Талас тынысы”

2015 жылдың айтулы оқиғаларының бірі- жаһан­дық және ішкі сын-қатер­лерге жауап, сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру жөніндегі Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары.

Бұл- ел сенімін нығайтатын, баянды болашаққа бастайтын құнды құжат. Егер мұндағы әр қадамға зер салып, байыбына барсаңыз, кемел келешекке ұмтылыс пен жаңару жолындағы сілкіністі көреміз. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап 5 инсти­туттық реформаны іске асырудың тәжірибелік кезеңі басталды. Жуырда ғана Мемлекет басшысының мерзімді баспасөз беттерінде «Ұлт Жоспары - қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы жарық көрді. Аталған мақалада Елбасы:- Біз Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығына жаңа қазақстандық арманмен аяқ бастық, оның басты мақсаты жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан-2050» Стратегиясымен пара-пар,-деді.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетіл­ген 15-қадам кәсіби мемле­кеттік аппарат құруға арналады. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптасады. Онда тек мемлекеттік жүйе ғана емес, сыбайлас жемқорлыққа іс-қимыл танытатын, алдын алуға бағытталған жүйе де жаңғыртылады.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғима­ратында аудан әкімі­нің орынбасары Қайрат Рахимжановтың төрағалығымен мемле­кеттік қызметшілердің жаңартылған моделімен танысуға және пікір білдіруге арналған «Жаңа кәсіби стандарт» атты дөңгелек үстел өтті. Бұрынғы «мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс Кодексі» заман талабына сай өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметшінің этика Кодексі» деп қайта жасалды. Жаңа құжаттың тиімді тұстары көп. Мұнда мемлекеттік қызметшінің сырт келбеті мен рухани моральдық қасиеттері және жүріп-тұруы, қоғаммен қатынасы нақтыланып, назарға алынған. Бұл жайында кеңірек түсіндірме беріп өткен, жиынға арнайы келген ҚР Мемлекеттік қызмет агенттігі Жамбыл облысы бойын­ша департаментінің аумақтық өкілі Қуаныш Қарашолақов,- Мемлекеттік қызметші­лерге ел сенімін арттыру қажет. Сондықтан, қойыл­ған талаптарды меңгеруіміз тиіс. Енгізілген өзгерістер бойынша кеңестер және әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы жұмыс атқарады. Бұл лауазымға ұжым ішіндегі беделді, білімді қызметкер тағайындалады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер арасында еңбек жағдайы бойынша жасырын сауалнама жүргізіледі. Сол арқылы олардың қызметіне деген жауапкершілігін анықтаймыз,-деді.
Жиын барысында еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Байұзақ Көлбаев: «Мемле­кетті, экономика мен қоғамды дамыту үшін, жаңа құқықтық орта қалыптастыратын заң күшіне енді. Кез-келген саланы дамытушы, іс басында жүретін мемле­кеттік қызметкерлер. Бұл жүйені жетілдіру арқылы сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоямыз»,- десе, Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының Талас аудандық филиалы­ның директоры Абылай Байзатов кәсіпкерлік Кодекстің жаңғыртылған тұстарына тоқталды.
Жиын соңында «Талас жастар орталығы» КММ-нің аға нұсқаушысы Ақсұлу Байболатова жастарды Елбасы саясатын қолдап, қазақстандық арманды бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Шара Қаратау гумани­тарлық-техникалық коллед­жінің мәжіліс залында аталған меке­ме мен Қаратау технология және бизнес колледжі білімгерлерінің басқосуымен өткен жиын­да жалғасын тапты. Онда мемлекеттік қызметке ораласу үшін төменгі лауазымнан бастаудың нәтижелері, мансаптық ілгерілеудің басты шарт­тары таныстырылды. Талап білдірген жастарға қызметке тұрудың жолдары түсіндірілді. Елбасының «Ұлт жоспа­ры-қазақстандық арман­ға бастайтын жол» атты мақаласында көрсетіл­ген мемлекетті кәсібилендірудің 7 жаңа бағытын әңгімелеген аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Жасөркен Жақсылық: - Қазақстан Президенті Жарлығымен «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң қабылданып, үстіміздегі жылдың 1 қаң­та­ры­нан қолданысқа енгізілді. Яғни еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға жүктелген міндеттер бұл саланың қызметін мейлінше, жандандыратын болады. Ең бастысы-мұнда мемле­кеттік қызметшінің жина­ған тәжірибесі мен біліктілігі назарға алынады. Мансаптық сатының әр баспалдағында өз қабілетін дәлелдей білуі керек,-десе, «Жас Отан» жастар қана­ты­ның төрағасы Бағлан Сұлтанбек мемлекет құру­дың жаңа белесінде ұлт біртектілігі мен бір­тұтастығын нығай­туда Стратегияның маңыз­дылығы жайында баяндады.
Шара соңында көп­шілік тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтары­лып, пікірлері назарға алынды.