Есеп Ауқымды істерді ауылдан табасыз

http://turizm-hit.ru/

Мадина Жарас, «Талас тынысы» 

Аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиевтің өткен аптада бастал­ған жыл қорытындысына арналған есепті жиындар Ақкөл, Ойық, Кеңес ауылдық округтерінде жалғасты. Аталмыш үш ауылдық округте өткен мұндай басқосулардың барлығында тұрғындар атқарылған істерге ризашылықтарын білдіре отырып, өздерін толғандырған мәселелерді де алға тартып, ұсыныс-тілектері мен ой-пікірлерін ортаға салды.


Ақкөл ауылдық округі
Ақкөл ауылдық округінің әкімі Асқар Қуаныш баяндамасын өңірдегі маңызды салалар бойынша жүзеге асқан жұмыстарды атаумен бастады.
- 2015 жылы «Бекен» шаруа қожалығы көп жылдан бері ұмытылып кеткен элиталық дәнді жүгері егіп, оның 16 гектарынан 63 центнерден өнім алды. Бұл жұмыс биыл да өз жалғасын табатын болады. Айта кету керек, былтыр осы «Бекен» шаруа қожалығы алыстан арнайы мамандар алдырып, жаздық, күздік, қыстық қауын-қарбыз екті. Өнімдерін аудан, облыс тұрғындарына ұсынып қана қоймай, Ресейге дейін шығарды. Бүгінде ауылдық округте мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6 шаруа қожалығы мүйізді ірі қара малын өсірумен айналысуда. 37,7 млн. теңге несиеге 213 бас сиыр және 13 бас асыл тұқымды бұқа алынды. Ауылдық округте сонымен қатар, 42 бас мүйізді ірі қара қолдан ұрықтандырылды.Бізде бүгінгі таңда ауыл шаруашылық техникаларынан есепте тұрғаны 21 трактор болса, оның 12 ғана жұмысқа жарамды. Өкінішке орай, естіп отырғандарыңыздай ауылда ауылшаруашылық техникалары жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, 2016 жылға 6 шаруа қожалығы 7 техника алуға құжаттарын дайындап, сұраныс берді,- деген Асқар Қуаныш мұнан соң әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы жетістіктер, салық түсімі, кәсіпкерлікті дамыту және мемлекеттік бағдарламалардың орын­далу барысына да кеңінен тоқталды.
- Өткен қой жылы еліміз үшін берекелі де мерекелі жыл болды,-деді келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Болат Рысмендиев,- ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалыпты. Ауданның басты саласы негізінен, мал шаруашылығы. Сондықтан, малдан алынатын өнімді экспортқа шығару маңызды.Бастысы, өнім өзімізде өндірілсе тәуелділік болмайды. Ол үшін алдағы уақытта шағын және орта бизнесті дамытуды мықтап қолға алу керек. Күрмеуі қиын мәселенің бірі болып келген, ауылды ауыз сумен қамту да бүгінде оң шешімін тапты. Қазіргі таңда қай саланы болмасын дамытуға толықтай мүмкіндік бар, жағдай жасалған. Тек, сол шаруаны ұқсата білу жергілікті басшылықтың міндеті.
Жарыссөзге шыққан ардагер ақсақал М.Қамысбаев кешікпей ауылда төрт түлік мал төлдей бастайтынын айта келе, төлдерді сырғалау науқаны неге ерте жүргізіледі деген сауалын жолдады. Ал, Н.Шеңгелбай ауыл тұрғындары тұтынып отырған ауыз судан жылына қанша рет сынама алынатындығын сұрады.Өз сөзінде ол “Тараз-Байқадам” тас жолының бойында орналасқан үлкен көпір апатты жағдайда екенін ескертіп, көпірдің екі қанаты құлағалы тұрғанын да жеткізді. «Тоғыз жолдың торабы саналатын Ақкөл ауылымен көптеген көліктер қатынайды. Сол себептен, ауылдың ішімен өтетін жолдарға тиісті белгілер, тосқауылдар қойылса. Міне, осы жәйттерді ескерсеңіздер»,-деген ұсыныс тастады. Есепті жиын барысында мұнан басқа да бірқатар мәселелер көтерілді. Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдаған ауылдық округ әкімі Асқар Қуаныш қойылған сұрақтарға жауап беріп, алдағы уақытта айтылған талап-тілектер назарға алынатындығын жеткізді.
Жиынға қатысушылар аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің есептеріне оң баға берді
Бұдан кейін аудан басшысы Б.Қ.Рысмендиев ат басын Ойық ауылдық округіне бұрды.

Ойық ауылдық округі

Ойық ауылдық округінің әкімі Медет Үрістенов ауыл тұрғындары алдында өткен жылы атқарған жұмысын қорытындылады. Әкім өз баяндамасында халықтың жалпы тұрмыс жағдайы, жұмыспен қамтылуы, әлеуметтік көмек, кәсіпкерлік салаларының жай-күйін толық қамтыды.

Мемлекеттік бағдарла­малар, соның ішінде «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асқан жобаларды атады. Медет Үрістенов мұнымен қатар, биылға жоспарланған, атқарылуға тиіс істерге де тоқталды. Мәселен, мал басын көбейту, суармалы жер­лерді игеру, егін салу, су тапшылығын жою сияқты маңызды мәселелер күн тәртібінен түспегендігін айтты.
Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Болат Рысмендиев ауылдық ай­мақта өткен жылы оң шешімін тапқан ауылға көгілдір отын тарту мә­се­лесі мен Д.Қонаев атын­­дағы орта мектептің жылу қазандығы іске қосылғандығын айтты. Сондай-ақ, аудан басшысы ауылға ветеринариялық бөлімнің рұқсатынсыз, тексеруінсіз сырттан мал әкелуге болмайтындығын ескертті. Мұның себебін Болат Қанатбайұлы түрлі эпизотиялық ауруларға қарсы сақтық шара екен­­­ді­гімен түсіндірді. Жарыссөзге шыққан Т.Сәрсенұлы Ойық ауыл­дық округіне қарасты Тұрымқұл ауылындағы дәрігерлік пункт мәселесін көтерсе, ауылдың ақсақа­лы, зейнеткер М.Күтжанов ауылға ауыз су құбыры тартылатын кезде көшелер қазылған болатын, сол ауыл ішіндегі жолдар жөнделсе деген өтінішін жеткізді.
Жиын соңында көп­шілік тарапынан айтылған талап-тілектер назарға алынды.
Жиынға қатысушылар аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің есептерін қанағаттанарлық деп тапты.
Кеңес ауылдық округі
Аудан басшысы Б.Қ.Рысмендиев кеңестік­термен де кездесті.
Ауылдық округтің әкімі Болатжан Дуанбек өз есебінде өңірдің негізгі кәсібі-мал шаруашылығына басымдық берді.
- Аймақтағы жайы­лым­дық, шабындық, егістік жерлер негізінен шаруа қожалықтарына тиесілі. Тіркеуде тұрған 45 шаруа қожалығының бүгінде 15 жұмыс жа­сайды. 2015 жылы «Батай» шаруа қожалығы несие алған болатын, биыл 10 млн. теңге несие алуды жоспарлап, қазіргі таңда құжаттарын дайындауда -деген аймақ басшысы әлеуметтік маңызды сала­лар бойынша атқарылған ауқымды істерді де кеңінен әңгіме­леді. Кездесу ба­ры­сын­да сонымен қа­тар, аудан әкімі Болат Рысмендиевтің «2015 жылдың қаңтар-желтоқсан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2016 жылы алда тұрған міндеттер» туралы есебі тыңдалды. Бұдан соң есепті жиынға жиналған бірқатар азаматтар сөз алып, ауылда шешімін күткен бірнеше мәселелерді көрсете келіп, аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.