Тау тұлғаға тағзым

http://turizm-hit.ru/

Нарбол Қашаған, "Талас тынысы"

Елу жыл ел басқарған Дінмұхамед Қонаевтың есімі мен сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес. Жыл сайын ұлтының бағына туылған тұлғаны халқы қастер тұтып, рухына тағзым етуді дәстүрге айналдырған.


Д.Қонаевтың туған күніне орай жұртшылық Ақкөл ауылындағы орнатылған еңселі ескерткіш алдына жиылып, еске алу кешін өткізді. Ықыластарын білдіріп, құрмет көрсетуге жиылған көпшілік алдында сөз алған ауданның Құрметті азаматы Құрал Нүрпейісов Д.Қонаевтың азаматтық болмысы мен атқарған еңбегін баяндады.
- Қонаевты күллі түркі әлемі таниды. Ол тек Мемлекет қайраткері ғана емес көрнекті ғалым. Ауданымызға келіп халықпен жүздесті. Қолын алып, көзін көрген кісілер кейінгі ұрпаққа білгендерімен бөлісіп отырса, бұл да бір тұлғаны тануға тигізген септігіміз болар еді,-деді ол.
Сондай-ақ, шарада ауданның Құрметті азаматы Байұзақ Көлбайұлы ардақты азаматын еске алуға жиылған тұрғындар мен шараны ұйымдастырушылар тарапына ризашылығын білдірсе, Ақкөл ауылдық округінің әкімі Асқар Қуаныш ел басқарған тұлғаның өмір жолы мен өнегелі істеріне тоқталды.
Мұнан соң Д.Қонаев жайында естеліктерімен бөліскен еңбек ардагері Әскербек Құйқабаев, айтулы оқиғаға арнайы келген Ойық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Пана Рахманбердіұлы оның есімі халықпен бірге жасайтындығын жеткізді.
Өз кезегінде мектеп оқушылары дайындаған әдеби монтажын ұсынса, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің мұғалімі Ерімбет Досалы және Ойық ауылы Ә.Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінің қызметкері Шыңғысайтмат Әбжанов тұлғаға арнаған жыр мен әнін тарту етті.
Шара соңында Д.Қонаев рухына тағзым еткен көпшілік, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.