Мадина Жарас, "Талас тынысы"
Кеше аудан әкімі Болат Рысмендиев қоғамдық кеңестің отырысында «2016 жылғы ауданның әлеуметтік- экономикалық даму қорытындылары мен 2017 жылы алда тұрған міндеттер туралы» есеп берді. Жиынды қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмабек Әсемов ашып, жүргізіп отырды.
Бұған дейін ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде, сонымен қатар, Қаратау қаласында қорытынды есебін берген аудан басшысы өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуындағы маңызды мәселелерді кеңінен әңгімелеген болатын. Бұл жолы қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында ауданда өткен жылы атқарылған ауқымды істерге тағы бір шолу жасаған Болат Қанатбайұлы негізгі салалар бойынша жүзеге асуы тиіс міндеттерді де атады.
- Өткен жыл аудан экономикасы үшін табыссыз болды дей алмаймыз. Өнеркәсіп саласы бойынша өндірілген өнім көлемі арғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсіп, жоспар артығымен орындалды. Осы саладағы жұмыстарды жандандыру үшін ауданға тартылатын инвестиция көлемін ұлғайтуға күш салуымыз қажет. Сонымен қатар, алда тұрған маңызды мәселелердің бірі, ол аграрлық секторды дамыту, яғни ауыл шаруашылық саласындағы шаруаларды ширату. Егістік алқаптарының көлемін ұлғайту, суармалы жерлерді игеру, тамшылатып суарудың технологиясын тиімді пайдалану, өнім сапасын арттыру, асыл тұқымды мал басын көбейту, міне, алдағы уақытта біздің алдымызда осы жұмыстарды жандандыру міндеті тұр,- деген аудан әкімі мұнан соң әлеуметтік салалардағы жетістіктерді саралады.
Жыл қорытындысына арналған есепті жиын ұсыныс-пікірсіз болмайтыны белгілі. Қоғамдық кеңес мүшелерінің атынан жарыссөзге шыққан аталмыш кеңестің мүшесі Сәулембай Әбсадықұлы да көкейінде жүрген ұсынысын алға тартып, ойын ортаға салды. Ол өз сөзінде өнеркәсіп саласы бойынша қол жеткен табыстар мен үстіміздегі жылы жүзеге асатын 9 елді-мекенді көгілдір отынмен қамту мәселесі көңіл қуантарлық екенін, сондай-ақ, болашақта мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары ет, сүт сияқты төрт - түлік малдан алатын өнімдерін өткізетін орындар, айталық, ет комбинаты, сүт зауыты сынды өндіріс ошақтары салынса. Ал, қазіргі таңда өзімізден шығатын мұндай өнімдер сыртқа кетуде деген ойын алаңдаушылық білдіре отырып жеткізді.
Есепті жиында мұнан соң «Жастар ресурстық орталығының» директоры Нұркен Мырзаев сөз алып, жастар саясатына қатысты бірқатар мәселелерге тоқталды. Өткен жылы және бұған дейін де ауданымызда жастар саясаты мәселелері төңірегіндегі барлық істердің оңтайлы жүзеге асып жатқандығын тілге тиек еткен ол, бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатындығына сенім білдіріп, аудан басшысының есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.
Айтылған ұсыныс-пікірлер жиын соңында назарға алынды.