Берекені көктен тілеме...

http://turizm-hit.ru/

Дүйсен Молдақұлов, "Талас тынысы"

«Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле», - деп ұлы Төле би бабамыз айтқандай, о бастан ауызбірлігі мен ынтымағы жарас­қан таластықтардың қам-қаракеті былайғы жұртшылыққа үлгі-өнеге болып келеді.


Күні кеше ғана осының тағы бір куәсі болдық. Үшарал ауы­лының бергі етегінен жылжып ағып өтетін Аса өзені асаулық танытып, кемерінен асып, ауылдың жақын іргесінде орналасқан «Лақ» төбесінің етегіне дейін жеткен еді. Осы аралықтағы 10 шақырымдай асфальт жолды су шайып кету қауіпі туындады.
Жолдың ернеуіне дейін кілкіп жеткен су әр-әр жерден көтеріле де бастады. Осынау табиғаттың тосын мінезінің алдын алу мақсатында аудан әкімі Болат Рысмендиев бас болып, есепсіз суға тосқауыл қою ша­раларын жүзеге асырды. Болат Қанатбайұлы Аса өзеніне келіп жатқан су мөлшерін азайту жөнінде тиісті орындарға шығып, өтініш білдірсе, көпшілік жолды су басып кетпеу қам-қаракетіне кірісті.
Үшарал ауылына ауылдық округтерден және Қаратау қаласындағы кәсіпорын, мекеме және ұйымдардың 300-ге жуық ұжым мүшелері бір кісідей жұмылып, ұйымшылдық көрсетті.
Арнайы бөлінген техникалар үздіксіз жеткізіп беріп жатқан құмды қаптап және жаймалап, жол ернеуін биіктету барысында барша жұртшылық бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара еңбек етті.
Аудан басшысы және ауыл тұр­ғыны, қадірменді қария Орынбасар Айтуов осындағы көпшілікпен ақылдаса келе, жолдың еңістеу бір­неше бөліктеріне құбырлар тастау арқылы судың деңгейін азайту жөнінде мәмілеге келген еді. Бұл бағытта осы шараға қажетті барлық техникалар мен мамандарды өзі алып келген «Игілік» мекемесінің басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Рашид Сейдалиевтің үлесі зор болды.
Нұрбол Көпәділов, Мұратхан Рысдәулетов, Асқар Қуаныш, Болат Ошақбаев, Болатжан Дуанбеков, Сулхадин Мұстафаев, Бажан Бекетаев және Медет Үрістенов сын­ды ауылдық округ әкімдері жігіт­терімен бірге жолдың әлсіз, су өтеді-ау деген жерлеріне тосқауылдар қойып жатты.
Әр ұжым өздеріне бекітіліп бе­ріл­ген аумақтарда тиянақты еңбек­­тері­мен көзге түсті. Жолға құбыр­лар төсеуде спорт мектебінің дирек­торы Асан Сейдалиев пен дене шынық­тыру және спорт кешенінің маманы Қаршыға Жақыптың ағын суда белуар­дан тұрып жаса­ған жұ­мыс­тарына жұртшылық риза­шы­лық­тарын білдірді. Қауырт жұмыс қою қараңғылық басқанша жалғасты.
Болат Қанатбайұлы осынау ша­раға қатысқан баршаға өзінің рах­метін айтып, бұл жұмысты әлі де жалғастыра беру қажет екенін айтты.
Соған байланысты бірқатар мекеме қызметкерлері сол тү­ні Үшарал ауылында қалып, жұ­мыстарын дүйсенбі күні де жалғастырды.