Сайлауалды штабтардың жұмысы

Электоральді үдеріс көрсеткендей, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында әрбір үміткердің нақты бағдарламасы мен жоспары бар. 26 наурызда сайлау компанияларының ең қызықты кезеңі – сайлауалды үгіт-насихат жұмысы басталды.


Толығырақ...
1

Нақты іс-шаралар белгіленді

“ТТ”-ақпарат” Аудан прокуратура­сымен әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша мемлекет пайдасына өндірілген әкімшілік айыппұлдардың орын­далуы бойынша аудандық ішкі істер бөлімінде тексеру жүргізіліп, нәтижесінде өндірілуге тиісті айыппұлдардың 37 пайызы ғана орындал­ғаны анықталды.
Осыған байланысты 19 маусым күні аудан прокуратурасының баста­масымен ІІБ-нің құрамы және “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Жұмабектің және тағы да басқа уәкі­летті мекеме­лердің қатысуымен ведомствоаралық жина­лыс өткізіліп, айыппұлдарды өндіру бойынша нақты іс-шаралар белгіленді.

Мемлекеттік инспектор қаланың тыныс-тіршілігімен танысты

Қаламызға іс сапармен келген Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Василий Леонидович Крылов өз жұмысын жаңадан соғылып жатқан 250 орындық аудандық емхана құрылысының жұмысымен танысудан бастады.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Е.Имаммырзаев жұмыс барысымен таныстырып өтті. Одан кейін қонақтар спорттық-сауықтыру кешенінде болды.
В.Л.Крыловтың түрлі сауалдарына жауап берген спорт кешенінің директоры К.Шыныбеков:
- Бұл ғимаратты “Еурохим” ЖШС-ң демеушілігімен 2014 жылғы желтоқсанда мердігер “Керуен-сервис” 217,2 млн. теңгеге соғып бітірді. Қазір бізде 49 қызмет­кер жұмыс атқарады. Спорт сүйер қауым, баскетбол, волейбол, футбол, жеңіл атлетика және тағы да басқа спорт түрлерімен айналысуда. Сондай-ақ, тренажер залына келушілер де көптеп саналады,-деді.
- Жаттықтырушылар жеткілікті ме?-деген сауалға аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Е.Мамадияров:
- Дзюдо, еркін күрестен жаттықтырушылар тапшы болып тұр. Ал, спорттың басқа түрлерінен бұл жағы дұрыс жолға қойылған,-деп жауап берді.
Одан соң аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев қонақтарға апатты жағдайдағы үйлер мен бұзылған үйлерді көрсетті.
Қала әкімі Қ.Махашев:
- 2013 жылы 40 көп қа­батты үй апатты жағдайда деп саналған. Осы жылы 107,4 мил­лион теңгеге 18 үй бұзылса, биылғы жылы 200,0 миллион теңгеге 20 көп қабатты үйді бұзу керек болатын. Дәл осы кезеңге дейін бөлінген қаражаттың 60 миллион теңгесі игеріліп отыр. Жақын арада тағы екі үй бұзылмақ.
Іс-сапармен келген В.Л.Крылов “Жастар саяба­ғында” да болып, ондағы әлі де жетіспей жатқан жұмыстарды атап көрсетті.
Бұдан соң олар Б.Момышұлы көшесіндегі №8 үйде болып, оның қайта жөндеу жұмыстарымен танысты.
- Бұл жекеленіп кеткен 64 пәтерлі үйді 246,0 миллион теңгеге қайта сатып алып, күрделі жөндеуден өткіздік. Жөндеу жұмыстары бітті. Енді, бұл үй пайдалануға берілмек,-деп түсіндірді Болат Қанатбайұлы.
Қонақтар “Жамбыл Недр” цемент зуытында да болып, оның құрылысымен танысты. Зауыт құрылысы жөнінде оның бас директоры Асхат Қырғызбайұлы Инкарбеков мәлімдеме жасады:
- Қазіргі таңда жобалық-сметалық құны 5 миллиард болатын зауыт құрылысының 70 пайызы бітті. Биылғы қазан айында алдын ала байқау жұмыстарын жүргізіп көреміз. Қазір мұнда 263 адам жұмыс істеп жатса, оның негізгі құрамы-жергілікті азаматтар.
Бұл жерден өте сапалы М400, М500 маркалы цемент шығарылатын болады. Шикізат ретінде “Сүлейменсай” карьерінен әк пен балшық алынатын болады. Биылғы желтоқсан айында зауытты іске қоссақ, онда жылына 300 мың тонна цемент шығарылмақ.
Қазіргі таңда зауыттың дайын өнімдер және шикізат қоймасы соғылуда,-деді.
Аудандық кәсіпкерлер палатасының филиалында болған қонақтарға палатаның жұмыс барысымен оның директоры А.Байзатов пен аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Тауасаров таныстырып өтті.
- “Моноқалаларды дамыту-2012-2020” бағдар­ламасы аясында биыл 78,1 миллион теңге бөлініп, 14 жоба іске асырылды. Несиелендіру аясында 325 жұмыс орны ашылды. Кәсіпкерлікке оқыту мақса­тында 750,0 мың теңгеге 25 азамат қысқа мерзімді оқудан өтті,-деген А.Тауасаров басқа да атқарылған басты жұмыстарға тоқталды.
Бұдан кейін арнайы топ “TalasInvestmentCompany” ЖШС-де, қаланың орталық қазандығында болып, зауыттың бас директоры Б.Алдашов пен “Игілік” мекемесінің басшысы Р.Сейдалиев өздеріндегі жүргізіліп жатқан жұмыстардан хабардар етті.
В.Л.Крылов қалада атқа­рылып жатқан жұмыстардың аз емес екенін айта келіп, қолға алынған жұмыстың тиянақты болғаны дұрыс болатынын жеткізіп, өзінің пікірін білдірді.
Осы күні мемлекеттік инспектор Л.В.Крылов “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалында жеке сұрақтармен азаматтарды қабылдады.

Колледж-түлек-жұмыс беруші

Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжі, облыстық Кәсіпкерлер палатасының Талас аудандық филиалы, Қаратау қаласы әкімінің аппараты және жұмыспен қамту орталығы бірлесе отырып, жұмыс беру жәрмеңкесін Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінде өткізді.
Осы шара барысында сөз сөйлеген қала әкімі Қ.Махашевпен бірге “Амангелді-газ” кешенінің, “TalasInvestmentCompany” ЖШС-ң, “Қаратау-Мрамор”, “Игілік” мекемелерінің, білім бөлімінің және жұмыспен қамту орталығының өкілдері құрылыс мамандарымен бірге, химик, лаборант, есепші, заңгер, механик және мұнай өңдеу мамандарын қажет етіп отырғандықтарын, сондай-ақ, “жастар тәжірибесі” бойынша да жұмысқа қабылдауға болатынын айтып, өздеріндегі еңбек тәртібін түсіндірді.
Жұмыс берушілер колледж білімгерлерін қуана жұмысқа қабылдайтындықтарын жеткізіп, жұмыс барысында мәртебесі биік өз колледждерінің атына кір келтірмейді деген сенімде екендіктерін де білдірді.
Жәрмеңкеге қатысқан 150 білімгердің 6-ы Аман­гелді газ өңдеу зауытына, 10-ы 1405.000 маманды­ғы бойынша “TalasInvestmentCompany” ЖШС-не, 20-сы “Жамбыл-Недр” цемент зауытына, 15-і “Қаратау-Мрамор” ЖШС-не және 4-і “Игілік” мекемесіне жұмысқа тартылды.
Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Д.Мәселбеков осы жәрмеңкені ұйымдас­тыруға атсалысқан мекемелерге алғыс білдіріп, бұдан былай да осы игілікті іс жалғасын таба беретініне сенім білдірді.
Аңсаған ИГЕНОВА,
ҚазҰУ-ң білімгері.

Ұлт өркениетінің өлшемі

Нарбол Қашаған, «Талас тынысы».

Тіл- халық тарихы, өркениет пен мәдениеттің даму даңғылы. Ұлттық қазынамыздың құн­ды­лығын сақтау, келешек ұрпаққа жеткізуде мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Тілді меңгеру қарқынмен жүретін, жылдамдықты талап ететін үрдіс емес, уақыт ыңғайына бағынатын, жылдар өте жемісін беретін жауапты жұмыс. Міне, осы жүктелген міндетті елімізде «Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» ат­қа­рып, талап білдірген аза­маттардың тіл сындыруына өзіндік үлесін қосып келеді. Жуырда аталмыш мекеменің ұйымдастыруымен К.Маркс атындағы орта мектептің мәжіліс залында «Тілдерді оқыту үрдісіндегі жаңа техно­логияларды қолданудың маңы­зы» атты тақырыпта облыстық семинар болып өтті.
Жиынның ашылу салта­натында сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Жұмабек: - Тілді дамыту- мемлекеттік деңгейдегі мәселе. Қазақ тілін еркін және тегін меңгеруге үкімет тарапынан жан-жақты жағдай жасалған. Біз бүгінде үш тұғырлы тіл бағытын ұстанып отырмыз. Ағылшын тілін білу заман талабы. Ана тілімізді тек меңгеріп қана қоймай, өзгеге үлгі көрсету арқылы көтеруіміз қажет. Елбасының: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!»,- деген бәтуәлі сөзін ешқашан естен шығармауымыз керек»,-деп осы сала қызметкерлерінің жұмыстарына сәттілік тілесе, аудан әкімдігінің білім бөлімі әдістемелік кабинеттің мең­геру­шісі С.Сағынбекова: -Қазақ тілін дамыту мақсатында ауданымызда білім бөлімінің ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде Абай, Махамбет, Мұқағали және О.Бөкей атындағы көркемсөз шеберлері­нің оқуы өтіп тұрады. Білімді тіл арқылы қалаймыз, мәдениетті тіл арқылы қалыптастырамыз. Сондықтан, сауатты сөйлеп, жауапты жазу әрбір азаматтың міндеті,- деп «Мемлекеттік тілді оқыту орталығы» аудандық филиалының жұмы­сына оң бағасын берді.
Сондай-ақ, ұйымдас­тырыл­ған шараның мақсатымен таныстырған Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының «Мемлекеттік тілді оқыту орталығының» директоры Күлшат Қожатаева: «Біз Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бекіткен бағдарламасы ая­сын­да жұмыс жасаймыз. Мемлекеттік тілді оқыту орталығының облыс бойынша 8 филиалы бар.
Мекеменің жұмысына бірқатар міндеттер жүктелді. Енді, қазақ тілі мамандары А-корпусындағы қызметкердің деңгейімен бірдей дәрежеде тест тапсыратын болады. Сонда ғана лингвист мұғалімнің білім деңгейі көрініп, үлес салмағы артпақ. Бүгінгі се­ми­нарды оқу жылының аяғын­да өткізудің өзіндік себебі бар. Біздің ме­кеме қызметкерлерінің көр­­сет­кен мастер-класс тәжірибелік са­бақ­­тарынан үлгі алып, пікір алмасуларыңызға бола­ды. Алдағы келе жатқан демалыс уақыттарыңызда ойла­рыңды қорытып, жинақ­тап болашақтағы тамыз конференциясында көпшілік назарына ұсынуға немесе одан әрі сабақ үрдісінде пайдалану­ларыңызға болады»,- деді.
Басқосу барысында «Мем­ле­кеттік тілді оқыту орталығының» әдіскері Гауһар Сейсенбаева ҚазТест жүйесі арқылы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің жаңаша үлгісіне тоқталса, «Талас жастар орталығының» психолог маманы Меруерт Касимова қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарындағы ин­но­­ва­­ция­лық әдістер мен техно­ло­гияның маңызы жайын­да баяндап берді.
Жиылған көпшілік шара­ның ғылыми әдістемелік бөліміндегі кезекті баяндама­лардан соң, «Мемлекеттік тілді оқыту орталығының» Байзақ, Жамбыл, Талас аудандары бөлімшелерінің меңгерушілері мен оқытушылары дайындаған тәжірибелік сағаттарын тың­дап, өзара пікір алмасты. Жиын соңында Күлшат Кеңесқызы тыңдаушыларға арнайы сертификаттарды тапсырды.

Арманға қанат қақты жас түлек

Нарбол Қашаған, «Талас тынысы».
Қаламыздағы «Жеңіс» алаңында мектеп бітіруші түлектердің салтанатты кеші болып өтті. Мектептің қай-қайсысы да өз шәкірттерінің санымен емес, білім сапасы­мен мақтанады, мерейін арттырады. Биылғы жылы облыс бойынша 124 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісін иеленіп, білімдерін дәлел­деді. Соның 12-сі біздің ауданымызға тиесілі. Бұл үлкен көрсеткіш. Артқан сенім мен аққан тердің ақталғаны, мұғалімдер еңбегінің жемісі.
Толғаныс қысып, арман жетелеген түлектер кешінде алғашқы болып сөз алған аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков: «Аудан бойынша 351 оқушы мектеп бітіріп, 299-ы ҰБТ-ге қатысса, соның ішінде 12-сі «Алтын белгі», 2-і «Үз­дік аттестат» иеленіп, Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы 80,4 пайызды құрап, өткен жылмен салыс­тырғанда 7 пайызға өсті,-деп қуаныш иелеріне үлкен өмір айдынына сәт-сапар тіледі.
Сондай-ақ, өз кезегінде аудан әкімі Болат Рысмендиев: -Бүгін сіздер таудай болып биіктеп, қырандай қанаттарыңызды қомдап, «Өмір» атты ұлы жолда таудай талаппен тәуелсіз еліміздің көк туын тұғырлы ету жолында алдарыңызға мақсат қойып, алтын ұя мектебіңізден ұшқалы отырсыздар.
Қазақ елінің ұлан-ғайыр ісі егеменді елдің ертеңі- сіздерге арналады. Біз биылғы оқу жылын жоғары көрсеткішпен аяқтап отырмыз. Әрине, бұл өз баласындай бар жылуын беріп, оларды білім мен тәрбиеге баулыған ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін,-деп мектеп бітіруші түлектерді салтанатты кештерімен құттықтады.
Шара қасиетті білім орда­сын «Алтын белгімен» атта­ған түлектердің 2015-2016 оқу жылында «Алтын белгіге» үміткерлер мен үздік оқушыларға «Білім алауын тапсыру» рәсіміне жалғасты.
Мектеп бітірушілер атынан лицейдің түлегі Ділдана Сапубай ата-аналар мен ұстаздарға алғысын білдірсе, А.Байтұрсынұлы атындағы гимназияның ата-аналар кеңесінің төрағасы Бердібек Сәрсенбаев кеш иелерінің ел дамуына өз үлестерін қосатындығына сенімін біл­дірді.
Салтанатты шара соңы өмір айдынына аяқ басқан жас түлектердің құрметіне арналған қоштасу вальсіне ұласты.

Талас тынысы

  • Astana
FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер