Сайлауалды штабтардың жұмысы

http://turizm-hit.ru/

Электоральді үдеріс көрсеткендей, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында әрбір үміткердің нақты бағдарламасы мен жоспары бар. 26 наурызда сайлау компанияларының ең қызықты кезеңі – сайлауалды үгіт-насихат жұмысы басталды.

Дәл осы күні кандидаттар өздерінің сайлауалды штабын таныстырып, қысқаша түрде оның жұмыс істеу бағыты мен ұстанымдарын атап өтті. Сайлауалды штабтары елдің барлық өңірлерінде ашылды. Орталық сайлау комиссиясының күнтізбесіне сай, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге 30 күн уақыт белгіленген. Ол 24 сәуір күнгі сағат 00.00-де аяқталады. Жалпы алғанда, сайлау тақырыбы бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталды. Аралық мониторинг көрсеткендей, 2015 жылдың 25 ақпаны мен 25 наурызы аралығында баспасөзде және эфирде республика бойынша 10 мыңнан аса материал жарыққа шыққан Кандидаттар сайлаушылармен тікелей жұмыс істеу мақсатымен еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп, ел аралауда.

 

1Әбілғазы Құсайынов

Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайынов та белсенді түрде үгіт-насихат жұмысын жүргізуде. Үгіт-насихат жұмыстары барысында республикалық және өңірлік штабтарда бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланған. Өндіріс ұжымдарымен, ауыл шаруашылығы саласының жұмысшыларымен кездесулер жоспарланған. Қазақстанның барлық аймақтарында сайлауалды штабтары жасақталып, сенімді өкілдері белгіленген.
27 наурыз күні Әбілғазы Құсайынов Алматы қаласына келіп, өзінің алғашқы кездесу жиындарын бастады. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарымен бірінші болып, «ОБИС» Компания» ЖШС-нің ұжымы тынысты.
30 наурызда Әбілғазы Құсайынов «Астана Көгалдандыру» АҚ ұжымымен кездесті. 31 наурыз күні кандидат Қостанай облысына барып, облыстық драма театрдың ғимаратында қоғамдық кездесу өткізді. 1 сәуірде «Қостанай су» МКК ұжымымен кездесу өткізді.
2 сәуір күні ҚР Президенттігіне үміткер Ә.Құсайынов Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында болып, «Молсервис» ЖШС және «Севказэнерго» ЖШС ұжымдарымен кездесіп, өзінің сайлауалды бағдарламасының басым бағыттары жайлы сөз етті.
3 сәуірде Ә.Құсайынов Петропавол қаласындағы «Қызылжар су» кәсіпорнының ұжымымен кездесу өткізді.
4 сәуір күні Әбілғазы Құсайынов Астанада Кезектен тыс Президент сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Ә.Құсайынов сайлауалды насихат жұмыстарын өткізудегі жоғарғы ұйымдастырушылыққа баға берді.
«Алғашқы күндерден бастап барлық аймақтық штабтарда жұмыс дұрыс ұйымдастырылған. Аймақтағы штабтар жайлы бөлмелерде орналастырылған, барлық қажетті техникалық және байланыс құралдары орнатылған. Жалпы алғанда, штабтардың жұмыс жасауына толық мүмкіндіктер жасалған» деді ол өз сөзінде. Сондай-ақ, Ә.Құсайыновтың айтуынша, сенімді тұлғалармен жұмыс ұйымдастырылған. Аймақтарға насихат өнімдері жіберіліп, уақытылы орналастырылған. Сенімді тұлғалар аудандар мен қалаларда жұмыс жасауда. Республикалық штаб аймақтық штабтармен біріге отырып, аймақтық сапарлар кестесі жасалған.
Республикалық қоғамдық комиссиясының төрағасы Нұрлан Ерімбетовтың сөзінше, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды штабының қызметі қалыпты жұмыс тәртібінде өтуде.
«Біздер фотоесептер, аймақтық штабтардың есептері, аймақтық сапарлар нәтижелерінің фотоматериалдарымен таныстық. Ешқандай ереже бұзушылықтары тіркелмеді. ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов өзінің сайлау науқанын заң талаптарына сәйкес жүргізуде. Штабтың жұмысымен толықтай қанағаттандық», — деді Н.Ерімбетов.
6 сәуір кандидат Әбілғазы Құсайынов Қызылорда қаласының жұртшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов жиынға қатысушыларды экология саласына негізделген сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарымен таныстырды. Ол өз сөзінде жаһандық экологиялық қызметтің негізгі векторлары туралы баяндап, табиғатты қорғау мәселесінде ғылымның маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл – экологиялық қауіпсіздік, климат пен су ресурстарын, «жасыл» технологияны зерттеу жұмыстарын қоса алғанда, бірталай міндеттер кешенін қамтитын маңызды мақсат. Кандидаттың айтуынша, әлемде күні бүгінге дейін экологиялық проблемаларға тиісті назар бөлінбей келеді.
Жалпы кандидат, сайлау насихатын өткізуге барлық мүмкіндік жасалғанын атап көрсетті. Сайлау науқанын жүргізу барысында аумақтық сайлау комиссиялары тарапынан берілген кеңестер мен бейімді заң талаптары, БАҚ-да мәселелердің толықтай қамтылуы, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан дайындалған әдістемелік нұсқаулықтар – мұның барлығы сайлау науқанын қалыпты және келеңсіз өткізуге толық мүмкіндік береді.

2Тұрғын Сыздықов

ҚР Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов үгіт жұмыстарын бастағанда: «Біз сайлау науқанына бірінші рет қатысып отырғанымыз жоқ, бұл біз үшін жаңашылдық емес. Сондықтан, бұл мүмкіндікті пайдалана отырып, біз өз бағдарламамызды, мақсатымыз бен жоспарымызды халыққа жеткізуге тырысуымыз керек» деген болатын.
Осы мақсатта 26 наурыз күні үгіт-насихат пойызы жолға аттанған болатын. Тұрғындармен кездесу Қазақстанның бірнеше қаласында: Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Павлодар, Өскемен, Қарағанды, Алматыда өткізіледі деп алдын-ала жоспарланған.
28 наурыз күні ҚР Президенттігіне үміткер, Қазақстанның Коммунистік партиясының өкілі Тұрғын Сыздықов Астана қаласында Еуразия гуманитарлық институтының студенттерімен кездесті. Кездесу барысында сайлауалды штабының жетекшісі Айқын Қоңыров та сөз сөйледі. Ол Т.Сыздықовтың сайлауалды тұғырнамасында көтерілген мәселелер толыққанды зерделеніп, зерттелгендігін айтты. Кездесу соңында Президенттікке үміткер Т.Сыздықов студенттердің бірқатар сұрақтарына жауап беріп, өзінің алдағы жоспарларымен бөлісті.
30 наурыз күні Т.Сыздықов Астана қаласының ЖЭС қызметкерлерімен кездесті. Жиында сөйлеген сөзінде ол кездесуге қатысушыларды өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі ұстанымдарымен таныстырды. Кездесу соңында штаб жетекшісі А.Қоңыров қатысушыларға үгіт-насихат жұмыстарының барысы туралы айтты.
- Біздің штабта сенімді өкілдер белгіленген. Олар өздерінің ақпараттық қызметтерін көрсететін болады. Бізде бүге-шігесіне дейін қамтылған жоспар бар. Бірқатар кездесулер мен іс-шаралардың жоспары бекітілді. Біздің штаб БАҚ өкілдерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Біздің кандидатымыз және оның сайлауалды тұғырнамасы туралы барлық ақпаратты толыққанды беруге әрқашанда дайынбыз, — деді ол.
31 наурызда Т.Сыздықов Петропавл қаласындағы «Мұнай Маш» АҚ жұмысшыларымен және Солтүстік Қазақстан облысы, Мамлют ауданының ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерімен кездесті.
2 және 3 сәуір күндері кандидат Т.Сыздықов Қостанайдағы «Баян Сұлу» АҚ мен «Большевичка» АҚ қызметшілерімен кездесу өткізді.
6 сәуір күні Т.Сыздықов республикалық сайлауалды штабында арнайы кеңес өткізді.
Ол: «Мен Астана, Көкшетау, Петропавл және Қостанайда студенттермен, оқытушылармен, өндіріс саласының қызметшілерімен кездестім. Мен оларға біздің партия талай қиын жолдан өткенін жеткіздім. Біз енді әділдікті орнату туралы маркстік-лениндік түсінік түйінін сақтап, әділетсіздікті жоюға тырысудамыз» деді. Ол сондай- ақ, партияның жақтаушыларымен коммунистік платформаны дамыту туралы дәстүрлі сұрақтарды да талқылады. Сыздықов ғылыми коммунизм классиктерінің сөзін келтіріп: «Диалектикалық материализмнің негізінде құрылған марксизмнің күші мен өміршеңдігі оның тарихи дамуымен нақтылана түседі» деді. Дәл осы күні Президенттікке кандидат Т.Сыздықовтың Алматы қаласындағы сайлауалды штабы да атқарылып жатқан жұмыстары жайлы ақпарат берді.