Тарихымызды ұлықтаған Тараздағы торқалы той

http://turizm-hit.ru/

Тарихы тереңнен бастау алатын Тараз төрінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған той кең көлем­де аталып өтті. Елдік маңызы бар атаулы той көңіл­ге қанат бітіріп, мерейімізді тасытты. Дүбірлі тойдағы айтулы оқиғаның бірі-30 метрлік «Қазақ хандығы» монументінің ашылуы болды. Оған бес мыңға жуық адам қатысты.

Қаланың батыс бөлігінен қоныс тепкен тұғырлы ескерткішті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде ашты.
- Құрметті отандастар! Қымбатты жамбыл­дықтар! Баршаңызды Қазақ хандығының 550 жыл­дығымен құттықтаймын! Елордамыз Астанадан бас­талған ұлы той екі мыңдық тарихы бар Тараз қаласында жалғасып жатыр.
Бұл мереке-біздің халқымыз үшін, әсіресе, келер ұрпақ үшін-маңызды мереке. Біз бодан болып, тәуелсіздігімізді алмай жүрген кезде, өз тарихынан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыздың те­рең­де екенін жастарға көрсетпесек, «Мәңгілік Ел» болу деген идеямыз орындалмайды. Сондықтан, осы жыл­­дар ішінде көне тарихымызды жер-жерлерден іздес­­тіріп, тауып, жинап, жазып, есімізге түсіріп келе жатырмыз. Біз кеше ғана бола салған халық емеспіз. Сонау сақтардан, ғұндардан, түркі мемлекеттерінен, одан кейін Алтын Ордадан қалған, Керей мен Жәнібек артына ел ертіп, Шудың жағасына ту көтерген кезде, «Қазақ» деген ұғым қалыптастырған елміз. Соны дүниежүзіне паш ету үшін, әсіресе, ұл-қыздарымыз, келе жатқан ұрпақ тарихымыздың терең екендігін білсін деп жасап отырмыз. Қазіргі қиын-қыс­тау заманға қарамай, осын­дай үлкен кешен ашып, ескерткіш қойдық,-деп жиыл­ған көпшілікке тілегін білдірген Елбасы, - Жамбыл об­лысы-менің ең жақсы көретін өңірім. Тарих туралы сөз бола қалса, көне Таразды айтпай кету мүмкін емес. Өңірде талантты жастар өсіп келеді. Көп шаруалар атқарылды,-деді. Соны­мен бірге, Мемлекет басшысы Қазақ хандығы­ның 550 жылдығы бүкіл халықтық мереке екенін де атап өтті.
Той аясында қаланың бірнеше жерінде көпшілікке арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Айта кетер­лігі, тарихи маңызға ие торқалы тойға таластықтар да ұйымдасқан түрде атсалысты. Мерейтой қарсаңында Ы.Сүлейменов көшесін абаттандыру жұмыстарында белсенділік танытып, үлестерін қосты.

Сондай-ақ, ауданымыз дү­бір­лі тойға арнап 3 киіз үй тікті. Арнайы келген тарихшы Қойшығара Салғарин, Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржеке, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшидин Пат­теев сонымен қатар, қоғам қай­раткерлері мен елімізге белгілі бірқатар азаматтар қонақ болып, мерекеге орай лебіздерін білдірді. 

Бұл күндері Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары Төркөл кешенінде және Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағында көпшілік­ке концерттік бағдарламасын ұсынса, “Мамыр” саябағындағы мерейтойлық кеш отшашуға ұласты.
Әр ұлттың бүгіні кешегі жүрген ізінде жатыр. Астана мен Тараз қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына ар­налған мерейтой тарихымыздың тереңдігін, рухымыздың биіктігін алыс-жақын шет елдерге таныт­ты. Өткенімізді түгендеп, тың деректермен толықтыруда үлкен еңбектер жасалды. Бұл-тек үлкен қуаныш ғана емес, бабаларымызға деген құрмет.