Ерлік ешқашан ескірмейді

http://turizm-hit.ru/

Борыш- адамның ар мен намыс алдында атқарар бірінші міндеті. Адамның асыл қасиеттері өтеген парызымен бағаланады. Алдыңғы буын ағаларымыздың көзсіз ерліктері өшпес өнеге. Биыл қаншама жанның өмірін жалмаған соғыстың аяқталғанына 70 жыл. Ауыртпашылығы сол уақыт озса да соғыс салған жарақат әлі елдің жанында, жүрегінде. Оқ пен оттың ортасында жүріп, жеңістің жетуіне үлесін қосқан атамыз Шалғынбай Үсіпбеков.


-Көке, неге сіз 1945 жылы емес, 1947 жылы соғыстан қайттыңыз?- деген сұрағымызға,- Е, балам, 1945 соғыстың аяқталған жылы, аман қалғандар екі жыл тағы Отанға қызмет еттік. Ана екі ағаң екі жыл әскерде болып келді ғой, сол сияқты біз де соғыстан кейін қалаларды қайта қалпына келтіру жұмыстарын атқардық,- деп отыратын.
Көз алдына өлім мен өмір арасындағы арпалысты, жантүршігерлік жайларды еске түсіріп, ескі жараны қайта аршығысы келмейтіндіктен болар, көкеміз өткен күндер жайлы көп қозғамайтын. Кейде ара-тұра соғыс туралы киноларды көргенде «өй, мыналар шаштарына гүл тағып, гармон тартып жүр ғой» деп қана қоятын.
Жалпы, Кеңес уақытындағы киноларда немістер әлсіз бейнеде сомдалатын. Соғысты бастан кешіп, немісті көзбен көрген көкеміз әсте олай деп атаған емес. Украинаның ну орманында қатты жарақаттанғанда украин бір қаруласы балаша көтеріп, дәрігердің қолына тапсырған екен. Содан Қазан қаласында әскери госпитальда үш ай емделіп, қайта соғысқа аттанады. Өзге ұлттар арасындағы түсіністік пен бір атаның баласындай бауырмалдық бір адамның көрер жарығын сақтап қалды. Соғыста мұндай сәттер мыңдап кездескеніне күмәніміз жоқ. Хал үстінде жатқан адамды жау қолына тастамай, ажалдан арашалау ерліктің үлкені. Осындай ерліктің дәнекері татулық деген ұлы ұғым.
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, біраз құпиялардың беті ашыла бастағанда бертінірек көкеміз мынадай бір бастан кешкен оқиғаның тиегін ағытып еді. Әрбір қарыс жер үшін қан төгіліп жатқан қатты шайқастардың бірі. Жаудың жаудырған оғына аз ғана жауынгер берісер емес. Арттағы келген көмектің арқасында төбе алынып, немістер тұтқынға түседі. Қолға түскен немістер қазылған ордың ішімен (траншея) тізіліп өтіп бара жатады, қолдары арттарында. Қатардың алдында бара жатқан немістің тұтқын командирі тоқтай қалып, көкеме колымен көрсетіп «ты не русь, но ты герой» деген сөзді екі рет қайталап айтыпты. Жан-жағына бір сәт көз тастап тұрады да, түсінген шығарсыңдар дегендей ары қарай жүріп кетіпті.
Бұл сөздің кейінірек қозғалғанына кеңес өкіметін жазғырып отырғаным жоқ. Айтайын дегенім, мұндай ерлікті қанша қазақ жігіттері жасады. Қайсарлық біздің қанымызда бар қасиет. Аталарымыздың жанкешті батырлығын қазіргі ұрпақ біліп жүрсін. Отанға адал, ұлтын құрметтесін, бейбіт күннің қадірін білсін деген ниет қой менікі.
Соғыстан соң әкеміз жігері мен еңбегін ел игілігіне арнады. 1947 жылдың күзінде Қаратау қаласына келіп, аудандық ішкі істер бөлімінде бухалтер, кейінірек аудан орталығы Ақкөлге ауысқанда статистика бөлімінде зейнет жасына жеткенге дейін абыроймен қызмет атқарды. 1998 жылдан өмірден өткенге дейін Қаратау қаласындағы орталық мешітте жұмыс жасады. Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Елбасы Н.Назарбаевтың Құрмет грамотасы, «Еңбек ардагері» медалімен, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Атадан қалған үш ұлдан тараған ұрпақ бүгінде қалың орманға айналған. Ерлігін ұрпаққа дәріптеп, жақсы тәрбие беру әрбіріміздің міндетіміз әрі батырға деген құрметіміз.
Бүгінгі егеменді еліміздің жастары борышына адал, салтын сыйлап, сүйінішімізді көбейтіп, сенімімізді ақтаса деген ағалық ой біздікі. Аталарымыздың арманы мен айпағы да осы. Татулық- елді табысқа бастайды. Бірлігіміз баянды болсын!
Амантай Шалғынбайұлы,
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагері.