Бұтағын жайған Бәйтерек

http://turizm-hit.ru/

Өзінен шыққан алты баладан 30 немере, 65 шөбере, 10 шөпшек көріп отырған Бейсенкүл Тілеубердиева бұл күні 93 жасқа толып отыр.

Кейбір кісілер біреулердің аты-жөнін күн өтпей жатып ұмытып қалса, бұл кісі өз замандастары жайлы, өткен күндерде көріп, басынан кешкендерін хатқа жазғандай етіп жатқа айтып отырады.
Бейсенкүл әжей сонау Кеңес Үкіметі біздің қазақ жерінде аласапыран заман орнатып жатқан 1922 жылы дүниеге келген екен. Әке-шешелері заман тәлкегімен Әулиеата жеріне барып, содан 1940 жылдары туып-өскен Үшарал жеріне көшіп келіпті. Үш жылдан кейін 1943 жылы отағасы Ырыс Тілеубердиев Ұлы Отан соғысына аттанып кеткен. Ол кезде үш айлық балаға екіқабат болып ауылда қалады. Елдегі атқарылатын бар ауыртпалық тек қана кемпір мен шалдың, келіндердің және жаңа өсіп келе жатқан бала-шағаның мойынында қалады. Отағасы Ырыс соғыс жүріп жатқан ең қиын жерлерде жаулармен бетпе-бет шайқастарға бірден барып араласып кеткен. Әсіресе, Сталинград түбінде болған шайқаста оң аяғынан, оң иығынан ауыр жарақат алады. Одан 1946 жылы аман-есен ауылға оралады.
Ол туралы Бейсенкүл әжей былай еске алады:
- Басымыздан не өтпеді? Мал да бақтық, шөп те шаптық, кетпенменен арық та қаздық, күннің ыстығында қоралы қойды қауғамен тартып суардық, қол қайшымен 800-ден астам қаракөл қойын қырықтық, алақанымыз ойылып, қызыл қанға боялған күндер аз болған жоқ. Ал енді, қазақты қынадай қырған сонау ашаршылық жылын, 1932-33 жылдарды айтамын, ішерге ас, киерге киім таппаған күндеріміз өз алдына жыр етіп айтар бөтен әңгіме. Онда Үшаралда бөлек-бөлек құрылған колхоздар болатын. Олар жер жыртып, егін егетін. Солардың қырмандарының орнын көктем-күз айларында қолымызбен тырмалап, құм астында қалған бір-екілі көгеріп кеткен дәндерді теріп алып, суырып, кептіріп суға салып жуып, қуырып жеген күндеріміз көп болды. Сол көгерген дәндер бір-екілі болса да жақсы, табылмаған күндері екі-үш күн аш жатқан кездеріміз аз болған жоқ. Ондай күндерді адам баласына көрсетпесін, – деп күрсініп отырады.
Бейсенкүл әжейдің отбасындағы ұл балалары барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысқан. « Мал баққан-мақтаныш»,- демекші, олар осы мамандықты кәсіп еткен. Үлкен баласы Мамыр әскер қатарына барып келгеннен кейін совхоздың отыз шақты мал отарларына су, шөп қала берді отар-отар малдарды жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіретін трактористік мамандықты, одан кейінгі Сабыр да сол мал шаруашылығына қажетті істерді атқаратын шофер, ал, жалғыз қызы Айзада болса, бой жеткен соң шопанға тұрмысқа шығып, содан зейнетке шыққанға дейін малшы болды. Үшінші баласы Садықбек фермаларда мал есепшісі, ал, Нұржау мал маманы- соларды ұрықтандыру, жас төлдерін сұрыптау тағы басқа қажетті жұмыстарды көктемде, күзде, қыста қойшы әйтеуір жылдың он екі айында малшылармен малшы болып, көшіп қонып жүрді. Ең кішісі Мейрамбек те малдың ішінде шофер болып еңбек етті.
Бейсенкүл әжей осы балаларының үнемі қасында болып шаршаса шаршап, күлсе күліп, қиналса қиналып жүрді. Қазір заманның өсуіне байланысты әркім түрлі істі кәсіп етсе, Мамыр, Сабыр, Айзада зейнеткер, ал Садықбек «Әбдір Сағынтаев атындағы» жауапкершілігі шектеуші серіктестігінің директоры, Нұржау халыққа қызмет жасайтын «Ырыс» дүкенінің меңгерушісі, Мейрамбек шаруашылықта жұмысшы болып жүр.
Бейсенкүл әжей бұл күндері Үшарал ауылында ең көп жасаған «Күміс алқа» иегері, Құрметті аналардың бірі, отбасының ұйытқысы. Ұл-қызы, немере-шөберелерінің ортасында мақтан тұтар асыл қазынаға айналып отыр. Аптасына жеткізбей солардың үйіне барып немере-шөберелерінің маңдайынан иіскеп, сағынышты мауқын басады. Ол келген үйі мереке келгендей ағыл-тегіл берекеге тап болады. Әжей осы күнді асыға күткендіктен бе, арқа-жарқа болып, бір жасап қалады. Ішкен тамағы мен шайының соңынан жанынан шығаратын ақ батасын жаңылмай айтып, жаратқанға шүкіршілік етіп отырады.
- Менің бір түсінбейтін жерім осыншама жасымның ішінде осыншама бейнет еткенімде ай сайынғы зейнетақымның қырық мың теңгеден аспайтынына таңқаламын, - деп қалжыңмен күліп аяқтайды сөзін.

Сати Сайлыбаев,
ауыл қариясы.