Ұлттық ат спорты - көкпар мен аударыспақтан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған облыс чемпионаты болып өтті.
Дүбірлі додаға аттары ауыздықпен алысқан он ауданнан команда қатысты. Олардың ішінде бұрындары біріншіліктерде бақ сынап, жүлдегер атанғандары да бар.
Ауданымыздың намысын қорғаған жастар құрамасы алғашқыда Байзақ құрамасының бәсін басса, Т.Рысқұлов командасымен болған ойында салымды болды. Ал, ақтық сында жуалылық көкпаршыларға есе жіберіп, тұғырдың екінші сатысына көтеріліп, күміс кубокты қанжығалады.
Ал, аударыспақта ат құлағында ойнаған жерлестеріміз өздерінің жігерлігін таныта білді. Ат үстінде білегінің күші мен айласын асыра білген 80 келі салмақта Елтай Стақан 1-орын иеленіп, алтыннан алқа тағынса, жеңісті жолды 50 келі салмақта Әсет Панат жалғап, 2-орын тұғырынан көрінді.
Осы сында ұлттық ат спорты ойындарында жүлдегер атануға аудандық ат спортының президенті Ғалымжан Арынбаев пен жаттықтырушы Еркебұлан Абаевтың еңбектері орасан екенін айта кеткен жөн.