Қалаубек балуанның немересіДосан Үшкемпірұлы самбодан әлем чемпионы атанды

http://turizm-hit.ru/

Сәулембай Әбсадықұлы, журналист.

Талас өңірі өткен ғасырда өмір сүрген Қалаубек балуанның жауырыны жерге тимегенін әлі күнге дейін аңыз етіп айтады. Атасына Досан тартып өсті. Бүгіндері қырықтың қырқасынан енді ғана асқан ол да ширек ғасырға жуық боз кілем үстінде қазақ күресінен бақ сынап, тәп-тәуір жетістіктерге жетіп те жүр.

 

Алғаш күресті мектепте оқып жүргенінде бастаған. Тіпті, оның Жамбыл ауданындағы Аса селосында өткен республикалық ауыл спартакиадасында алтыншы сыныпта оқып жүргенде-ақ, самбодан жеңімпаз атанып, спорт шебері атанғаны керемет жетістік емес пе? Өткен жылы ғана Түркістан қаласында өткен еліміздің чемпионатында қарсылас­тарын қақырата жеңіп, Қазақстанның чемпионы атанды. Артынша Қазақстан құрамасы сапында Грекияда өткен әр жастағы спорт шеберлері арасындағы әлемдік додада жүлделі үшінші орынды иеленіп қайтты.
- Самбо негізінен орыстардың күресі, - дейді ол, - самооборонадан (өзін-өзі қорғап) дегеннен шыққан. Жапон да, кәріс те өз күрестерін жаудан қорғану үшін ойлап шығарып, бертінге дейін құпиялап келді. Мұнда күрестің төресі, «келсең кел» деп тіке тұрып белдесетін - қазақ күресі. Ал, самбоның кейбір тәсілдері дзю-доға келеді. Соңғы кездері бокстың элементтері енгізіліп, «әскери самбо» деген түрі де енгізілді. Осы күреспен әлемнің көп елі айналысуда. Оның ішінде қазақ елі де бар.
Кеңес өкіметі тұсында атағы жер жарған Алмас Мұсабеков самбодан қарсыластарды шақ келтірмей, үш мәрте әлем чемпионы атанған қазақ. Ағайынды Жақитовтар күресті. КСРО-да бұларға тең келетін қарсыластардың өзі некен-саяқ еді.
Досанның өзі бірнеше жылдың жүзі болды спорт шеберлері ара­сын­дағы байрақты бәсеке­лерде еліміздің намысын қорғап жүр.
- Биыл осындай жа­рыс Израильдегі Ашдод қаласында өткізі­ліп, оған 32 мемлекеттің балуандары қатысты, - дейді Досан, - Қазақстан құрама командасын, атақты самбошы Алмас Мұсабеков басқарды.
Әлемдік бәсекеге кім осалдарын жіберсін? Араларында Еуропаның, Әлемнің, күрестің өзге түрінен Олимпиаданың жеңімпаздары да бар.
Осы біріншілікте 35-40 жастағы спорт шеберлері арасында 90 келіден жоғары салмақта белдескен Досан алғашқы кездесуінде АҚШ-тан келген алып Дугласты 8:0 есебімен таза жеңіп, жер қаптырды. Одан кейін молдавиялық Муртазаевпен боз кілемге шығып, одан ұпай санымен 4:1 есебімен айласын асырған ол, жартылай финалда ресейлік Пенегинді таза жеңіп, ақтық айқаста тағы бір ресейлік балуан Скудниевтің адымын аштырмай, айқын басымдықпен жеңіп, Әлем чемпионатының алтын медалін иеленді.
- Ашдод қаласының спорт аренасында Қазақстанның Әнұраны орындалғанда бала күннен бергі арманым орындалып, еліміздің абыройын асқақтатып, әлемдік додада жеңіс тұғырының ең жоғарғы сатысына жеткеніме қуанып, жүрегім толқып, көзіме жас келе жаздағаны, рас, - дейді Досан Үшкемпірұлы.
Бұл қалада бұрынғы Кеңес Одағынан қоныс аударған еврейлер көп, шетінен орыс тілінде сөйлеп, бізді бауыр, туыс тұтып: «Қазақстан, Қазақстан!» деп залдан айқайлап жатты.
Салмаққа қарамайтын абсолютті чемпион атағы үшін айқастарда күрескен Досан екі балуанды айқын басымдықпен ұтып, жартылай финалда ұпай санымен ұтылыпты. Сөйтіп, бұл бәсекеде алтынның қасына қоланы олжалап қайтты.
- Спорт залында жаттығуыма мүмкіндік берген Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры Айман Тілеукеева әпкейге мың да рахмет, - деді Әлем чемпионы Досан Үшкемпірұлы.
Ол өз жеңісін Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап отыр.
Осы жерде әшейіндегі той-домалақта күрестіріп, машина тігіп мәре-сәре болып жататынымыз есіме түсті. Ал, сонау Израиль мемлекетінде қазақтың абыройын асқақтатып қайтқан балуанымызға жергілікті басшылар қандай құрмет көрсетті екен деп ойланамыз.
Ақкөл ауылы