Жаңа кітап Жүйелі еңбек жемісі

http://turizm-hit.ru/

Балалар өнер мектебінде Д.Қонаев атындағы орта мектеп ұжымының ұйымдастыруымен белгілі журналист Ерман Әбдиевтің құрастыруымен шыққан «Нарша деген...» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

 

Алматыдағы «Нұрлы Әлем» баспасынан екі мың данамен шыққан кітапта ауданның Құрметті азаматы, Мәдениет қайраткері, ақын Нарша Қашағанұлының ел аузындағы қалжың-қағытпалары мен тапқыр сөздері топтастырылған. Жақсы іс жадыда сақталады, атыңды ұрпаққа жеткізеді. Өйткені, өнегелілік-өмір өлшемі. Шарада алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Құрал Нұрпейісов: - Талас жері талантты тұлғаларға кенде емес. Әрқайсының іздеп оқитын, жоғары бағалайтын жанашырлары бар. Соның бірі-Нарша Қашағанұлы. Ақынның артында қалған мұрасын бүгінгі жастардың санасына сіңіре жүруіміз қажет,-десе, бала кезден тай-құлындай тебісіп өскен сыныптас досы Өмірзақ Дүйсенбиев: «Нәкеңмен бірінші сыныптан бірге оқыдым. Талант жастан. Ол тұста мектепте қабырға газеті деген болатын. Сонда өлеңдері үзбей жарияланып тұрды. Нәкең езуге күлкі үйірер әдемі, орынды қалжыңдардың қас шебері. Дегенмен, бұл бір ғана қыры. Қаламгер Ерман Әбдиев Наршатануға алғашқы болып өз үлесін қосты»,-деді.
Сондай-ақ, жиын барысында ақынның қаламгерлік қабілеті мен кісілік қасиетін баяндаған аудан әкімінің орынбасары Қайрат Рахымжанов:- Бүгінгі шара бір жағынан талантты еске алу болса, бір жағынан болашақ буынға есімін қалдыру. Нарша Қашағанұлының бірқақпайларын жинап, елге ұсынған Ерман Әбдиевтің шығармашылығына сәттілік тілеймін,-деді.
Әуесхан Салабеков ақын өлең­дерін сазбен құбылтып, халыққа ұсынған айтулы композитор. Қос дарынның шабытынан туған шынайы туындыларды нақышына келтіріп орындаған талантты әнші Мейіржан Самылтыровқа тыңдармандар қошеметін көрсетті.
Нарша Қашағанұлының өнер­­дегі рухани шәкірттері ақын Сабырғали Рысбаев өткен күндердің ұмытылмас сәттерінен сыр тартып, жүрекжарды жыр­ларын оқыса, Үміт Битенова «Наршаның монологі» өлеңімен қатар, ақын сөзіне жазылған «Ұмыта алмайсың мені» атты әнін тарту етті.
Д.Қонаев атындағы орта мек­теп ұжымы Нарша Қашағанұлының шығармашылық кештерін жыл сайын өткізіп тұруды дәстүрге айналдырған. Ұйымдастырушылар тарапынан ақын өлеңдеріне құрмет пен рухына деген тағзымды бай­қаймыз. Бұл жолы да мектеп оқушылары ізгілік пен үлкен ізденістің үлгісін көрсете білді. Бірі ақынның ғұмырнамасын зерделесе, енді бірі өлендерін, тағы бірі арнау жырларын оқыды.
Шара соңында ақын өлең­дерінің көркемдік ерекшеліктері жайында әңгімелеген ауданның Құрметті азаматы Байұзақ Көлбайұлы: - Домбыраның пернесін тап басса, үні таза шығады. Нәкеңнің өлеңдері де солай. Оның мұрасын бо­лашақ ұрпаққа жеткізуіміз керек,-деп жинақтың жарық көруіне атсалысқан барша азаматтарға алғысын білдірді. Талас аудандық тарихи-өлке­тану музейінің директоры Қуаныш Дәуренбеков Ерман Әбдиевтің шығармашылық ізде­нісін жоғары бағалап шапан жапса, аудан әкімдігі білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Мадияр Мірәлиев ұйымдастырушылар атынан сый- құрметін көрсетті.
Қ.НАРБОЛ.