ТҮСІНІКТЕМЕ

http://turizm-hit.ru/


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде жекелеген мешіттерде уағыздардан кейін, имам­дардың орыс тілін пайдалануы туралы мәселе министрлік тарапынан емес, осы шараға қатысушылардың бірі­мен көтерілген болатын. Сәйкесінше, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі аталған іс-шара барысында, осы мәселе төңірегінде журналистер тарапынан сұрақтар қойылғаннан соң біршама түсініктеме берген болатын.
Министрлікке исламға қызығушылық танытып жүрген бірқатар діндарлардың мешіт имамдарының уағыздарын толық түсінбейтіні туралы, ел азаматтарынан өтініштер түсіп отырады. Өтініштерде сондай діндарлардың осы себепті ислам туралы ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми көздерінен тыс жерлерден, оның ішінде, теріс діни ағымдардың ұстанушыларынан алуға мәжбүрлік танытатыны туралы айтылады. Сәйкесінше, өтініш жасаушы азаматтар халықаралық тәжірибені ескере отырып, мешіт имамдары ресми уағыздардан кейін қазақ тілін айтарлықтай меңгермеген азаматтар үшін орыс тілінде түсіндірме беруді ұсынады.
Осы ретте, аталған мәселе тұрғындарының құра­мы көптеген ұлттардан тұратын елді мекендердегі жекелеген мешіттерге ғана қатысты екендігін айта кетуіміз керек.
Министрлік, өз кезегінде, азаматтардан түсіп отырған кез-келген өтініштерді қарастыруға және оларды талдап отыруға міндетті. Осы орайда, министрлік құзіретіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ішкі мәселелерінің шешімін табу, кірмейтінін айта кеткіміз келеді. Сондықтан, жоғарыда аталып отырған мәселе бойынша мешіттерге келушілердің пікірлерін ескере отырып, шешім қабылдауы тиіс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласуды ұсынамыз.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері коми­теті еліміздің Конституциясында кепілдік берілген сөз бостандығына құрметпен қарай отырып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дін тәрізді өткір салада туындап отыратын мәселелер туралы екіұдай ақпарат беруге жол бермеуге және тұрғындарға шынайы ақпаратты дұрыс жеткізуге шақырады.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, дін істері комитетінің
баспасөз қызметі.