Мемлекеттік қызметшінің міндеттері таныстырылды

http://turizm-hit.ru/

Нарбол Қашаған, "Талас тынысы"

Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 2016 жылдың 1 қаңтарынан «Мемлекеттік қызмет туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданып, қолда­нысқа енгені белгілі.

Бұл жаңа құжат мем­лекет­тік аппараттың тиімді­лігін арттырып, ел экономи­касындағы барлық сала­ның дамуына оң өзгеріс әкелмек. Өйткені, кез-келген саланы ілгері жетелеуші-мемлекеттік қызметкерлер.
Аудан әкімдігінің мә­жі­ліс залында жаңа қабылданған Заңды түсін­діру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі және мемлекеттік қызметшінің жаңа келбеті» тақырыбында семинар өтті.
Жиында алғашқы болып сөз алған мекеме басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Исақов 5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша “100 нақты қадам” - Ұлт жоспарының міндеті мен мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруда қолға алынған шаралар жайында баяндады.
Сондай-ақ, басқосу барысында мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет басқармасының бастығы Гүлнар Смағұлова мемлекеттік қызметке орналасудың тәртібі мен қызметшіге қойылатын талаптарға тоқталды.
Жиында мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәурен Каипов қызмет қатынасындағы және қызметтен тыс уақыт­­тағы мемлекеттік қызметшінің мінез-құлық стандарттарын әңгімелесе, департаменттің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Ержан Жұмабеков «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау» тақырыбында баяндама жасады.
Басқосуды қорытын­дылаған аудан әкімі Болат Рысмендиев жиылғандарды талапқа сай жұмыс атқаруға шақырып, шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Жиыннан соң Болат Әлмұқанұлы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізіп, көпшілік тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.