Толайым табыс жекелеген жетістіктерден тұрады

http://turizm-hit.ru/

Қамысбай Сауқымов, "Талас тынысы"

Облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаев жұмыс сапарында талас­тықтардың тыныс-тіршілігімен танысуды Ақкөл ауылынан бастады.


Онда облыс басшысы Ақкөл ауылының сыртқы су жүйесінің құрылысымен танысты.
- Аталмыш ауыз су жүйесіне облыстық бюд­жеттен 2015 жылға 9 ша­қырым су жүйесі үшін 146191,0 мың теңге бөлінсе, биылғы 188696,0 мың теңге қаражат бөлініп, бұл жұмысты (18 шақырым) өз жауапкершілігіне алған “Луговской конный завод” ЖШС-і (директоры - Х.База­ралиев) толықтай атқарып шықты, - деген “Талас таза су” көпсалалы ме­ке­месінің директоры Мұрат Несіпбаев қазіргі таң­да Ақ­көл ауылындағы 410 үй ауыз сумен толық қам­та­масыз етілгенін, 10 са­ғат бойы үздіксіз су беріп тұруға мүмкіндік бар екенін, бірақ электр қуатын үнемдеу мақсатында таңертең, түсте және кешке 2 сағаттан су беріліп тұрғанын жеткізді.
Ел игілігі үшін жасалған сапалы жұмысқа ризашылығын білдірген облыс басшысы, жергілікті тұрғындардың өтініш-тілектерін де тыңдады.
Одан соң Кәрім Нәсбекұлы осы ауылда ұйымдастырыл­ған ауыл шаруашылығы көрме­сінде болып, аудандағы барлық ауылдық округтерден алып барған асыл тұқымды малдарды көріп, мал басын сапа жағынан көбейтуді тапсырды. Сондай-ақ, көрмеге қойылған бақша өнімдеріне де қызығушылық танытып, шаруа қожалықтардың лизинге алған техникаларын да тамашалады.
Бұдан соң облыс әкімінің жұмыс сапары Қаратау қаласында жалғасты. Алғаш Кәрім Нәсбекұлы ат басын Қаратау қаласындағы “Talas Investment Company” ЖШС-не бұрып, оның шығарып жатқан өнімдерімен танысты. 

- Зауыт жылына 15000 тонна натрий цианидін шығаруы керек болса, биылғы шілде айына дейін 539 тонна натрий цианидін және 171 тонна амоний сульфаты шығарылып, 380,5 миллион теңгенің өнімі өндірілді, - деген зауыт­тың бас директоры Бақтияр Алдашов дайындалып жатқан 400 келі дайын өнім сиятын ағаш барабан мен 50 келі сиятын құрыш барабандарды дайындау жұмыстарын көр­сетіп, мағлұмат берді.
Одан әрі Кәрім Нәсбекұлы “Қаратау Про” ЖШС-не келіп, бұл мекеменің бас директоры Подольский Алексей Викторо­вичпен кездесті.
Жобалық құны 1946,0 мил­лион теңге болатын құрғақ ұнтақталған толтырғыштарды өндіретін зауыт құрылысы аяқталған соң жылына 110,0 мың тонна өнім шығара алады екен. Қазіргі кезде құрылыс жұмысына 100 адам тартылса, іске қосылғанда, мұнда 60 адам жұмыс істейтін болады.
Сөз соңында бас директор жүк тасымалдауға арнайы жаңа темір жол тарту мәселесінің қиындап тұрғанын да жасырмады.
“Жамбыл Недр” ЖШС-де болған облыс басшысына осы зауыттың бас директоры Асхат Инкарбеков құрылыс алаңдарын көрсете жүріп:
- Құрылыс аяқталған соң зауыт жылына М-400, М-500 маркалы 300,0 мың тонна цемент шығаратын болады. Қыркүйек айынан бастап жартылай фабрикаттар шығара бастаймыз. Құрылыс жұмысының қарқыны өте жоғары, - деді.
Облыс әкімі “Игілік” мекемесінде де болып, орта­лық қазандықтың қысқа дайындығын тексерді.
- Қыс мезгіліне 100 пайыз дайынбыз, 500 тонна мазутты қорда ұстап отырмыз. Енді, ІV тоқсанға 138 миллион теңге керек болады, - деді мекеме директоры Рашид Сейдалиев.
Жаңадан асфальттанған көшелерде, «Фитнес клуб», А.Байтұрсынұлы атын­да­ғы гимназияда, Орталық саябақ пен құрылыс жұ­мысы бітуге таяу 250 орын­­­дық аудандық емха­на­да және күрделі жөн­деуден өткен Ұлбике ақын атындағы мәдениет орта­л­ығында болған Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаев ау­дан қызметкерлерімен актив жиналысын өткізіп, ауданда атқарылып жат­қан жұмыстарға оң баға берді.
Облыс әкімін бастап жүрген аудан әкімі Болат Рысмендиев барлық орын­дарда жұмыстың мән-жайы­­мен таныстырып отырды.