Игілікті істер - ілгерілеу ұйтқысы

http://turizm-hit.ru/


Мен, 1991 жылы мектеп дирек­торының оқу - тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары едім. Желтоқ­сан айында ұлы өзгерістер жөнінде алыпқашпа әңгімелер, енді не бола­­ды деген сұрақтар желдей ескен еді. Біз мұғалімдер мүмкіндігінше түсінік беріп, оқығанымызды, есті­гені­мізді, тапсырмаларды халық­қа жеткізіп, белсенді үгіт- насихат жүргіздік.
1995 жылы қыркүйек айынан бастап мектеп директоры болдым. Ең қиын кезең еді. Мұғалімдерге айлық-жалақы тауып берудің өзі қиындады. Совхоздың бюджетке қарызы есебінен мұғалімдерге, зейнет­керлерге мал беріп, есеп айырысқан кез болды. Электр жары­ғы өшіп қалады. Мектептің жылу жүйесі істен шықты. Көмір тапшы, жетіспейді. Жеке оқу бөлмелеріне темір пеш орнатып, оқуды тоқтатпай күні-түні жұмыс істеуге тура келді.
1997 жылы аудан орталығы Қаратау қаласына ауысты. Жаппай жекешелендіру жүзеге асып жатты. Оң өзгерістер қалыптаса бастады. Ертеңгі күнге сеніммен қарайтын болдық. Халыққа мәдениет үйі, балабақша қажет екен. Ауылдағы клуб үйі жекешеге өтіп кеткен. Мұғалімдер, ауыл ақсақалдары клуб үйін қайтарып алуға күш салдық. Жөндеу жұмыстарын мұғалімдер, техникалық қызметкерлер бірігіп бітіріп, пайдалануға бердік. Қазір күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігін көріп отыр. Сол сияқты совхоздың әкімшілік үйін балабақшаға беріп, күрделі жөндеуден өткізілді. балалардың қуанышында шек болған жоқ.
Ауылдар арасындағы жолдар тозып, жарамсыз болып қалған кез­дер болды. Ауыл ақсақалдары, тұрғындары, ер-азаматтар болып, өз күштерімен жөндеуден өткізіп тұрдық. Қазір ауыл аймақтар ара­­сын­­дағы жол, орталық көше күрделі жөндеуден өтіп, қалып­қа келді. Орталық екі көше жарықтанды.
Аққұм ауылында алғашқы “Тұңғатар” мешіті ашылды. Белгілі кәсіпкер Арқабек Төлебаев өз күшімен халық игілігіне ұсынды. Бүгінде мектеп үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жылу жүйесі іске қо­сы­­лып, балалардың алаңсыз оқуына толық мүмкіншілік жасал­­ған. Ауылдағы спорт алаң­дары жастардың сүйікті мекені десек болады. Спорт мектебінің бөлімшесі жұмыс істейді. Олардың жетістіктері баршылық. Спорт мектебі ауылда үлкен стадион жасап, пайдалануға бермекші. «Жастар саябағы» ашылды. Дәрі­гер­лік бөлімше күрделі жөндеуден өткізіліп, тиімді жұмыс істеуде.
Халықтың әл-ауқаты жылма-жыл артып келеді. Мал басы өсе түс­­ті. Үй сайын автокөлік де­сем, артық айтқандық емес. Екі қа­бат­ты тұрғын үйлер салына бас­­тады. Көше бойы қоршаулар ауыс­тыры­лып, тал-дарақтар егіліп, сәні кі­ре бастады. Көгілдір отынды пай­да­­ланғанымызға биыл үшінші жыл. Әр­бір үйге газ құбырлары тартылды.
Ауыз су әрбір аулаға, әрбір үйге жеткізіліп, таза сумен қамта­масыз етілді. Қазір шағын Аққұм ауылына халық тұрақтанды. Тәуел­сіздік жемісін көріп, теңестік. тәуел­сіздік пен еркіндіктің арқа­сында атқарылған игі істерді тізе берсек аз емес. Елін, жерін сүйген елбасы Н.Ә.Назарбаев нұсқаған бағдарламалар әлі де халықты биіктерге жетелей түсетініне сенімдіміз.

Жүнісбек  Оспанбеков,
Аққұм ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы.