Еліміздің ертеңі-жалынды жастар

http://turizm-hit.ru/

Нарбол Қашаған, "Талас тынысы"

Тәуелсіздік- қасиетті әрі қастерлі ұғым. Егемендік елдің еңсесін тіктеді, ертеңге се­ні­мін арттырды. Арман арқалаған халықты толайым табыс пен көзайым қуанышқа қатар бөлеген қасиетті атаудың құндылығын бү­гін­гі ұрпақ санасына сіңіре білуіміз қажет.


Мұндай тағылымға толы сауапты іс пен жауапты міндетті үлгі тұтар үлкендердің өнегелі жолы арқылы түсіндірсек, балаларға берілген тиімді тәрбие көзі болмақ.
Ұрпаққа таным қалыптастырудың осы бір ізгі жолын негізге алған аудандық ар­дагерлер кеңесі мен аудан әкімдігінің білім бөлімі бірігіп, Тәуелсіздіктің 25 жылына орай, «Батырлар алаңында» ауда­нымыздың еңбек ардагерлері және мектеп оқушыларының қатысуымен «Біз-батырдың ұрпағымыз» атты шара ұйымдастырды.
Шарапатты шарада алғашқы болып сөз алған ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Жандарбек Қаленов көзбен көріп, куә болған Қаратау қаласының даму тарихына тоқталды.
- Мен 1946 жылы Шолақтауға келіп, К.Маркс атындағы орта мектептің табал­дырығын аттадым. Алайда, оқуды Жамбыл қаласындағы №5 орта мектепте аяқтадым. Тау-кен саласында білімімді тереңдетіп, зейнетке шыққанша Қаратауда еңбек еттім. Қаланың өсуі, шарықтау кезеңі көз алдымда өтті. Қаланың қайнаған қазаны мен соққан жүрегі 1946 жылдан іске қосылып, уақыт сайын ауқымын кейіткен өндіріс орындары болатын. Қазір Қаратау қойнауындағы қазына алдағы 10-15 ға­­сыр­­ға жетеді. Сон­дық­тан, қа­сиетті ме­кені­міз­дің бо­лашағы зор, - де­се, ауданның Құр­мет­ті азаматы Мақсұт Сатым­беков әлеуметтік маңызы бар мекемелердің негізін қалаған азаматтардың еңбектерін әңгімеледі.
Сондай-ақ, шарада жиылғандарды алдағы мерейлі мерекемен құттықтаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тынысбек Сейдуанов: - «Батырлар алаңында» 2 Кеңес­тер Одағының Батыры мен 59 Еңбек ерінің ескерткіші орнатылған. Ауданның айбынын асырған батырларымыздың барлы­ғының көкейінде тәуелсіздікке деген асқақ арманы болды. Бүгінде бабалар амана­ты іске асты. Алдымызда биік мұраттарға бастайтын - Мәңгілік ел идеясы тұр. Оны жүзеге асыру қабілетті жастардың қолында. Сондықтан, үздік оқып, білім алыңыздар,-деді.
Мұнан соң, Д.Қонаев атындағы орта мектептің оқушылары әдеби-поэтикалық монтаж­ды сахналаса, алғашқы әскери дайын­дық пәнінің мұғалімі Рашид Сәрсеков оқушыларға батырлардың ерлігі жайында зерделеді.
Жиын соңында Д.Қонаев атындағы ор­та мектептің тарих пәнінің мұғалімі Арман Алтын­беков ортамызға тұғыртас болып оралған батырларымыздың өнегелі өмір жол­да­рын баяндап, оқушыларға экскурсия ұйымдастырды.