Сарысулықтардың ыстық сәлемі

http://turizm-hit.ru/

Қамысбай Сауқымов, "Талас тынысы"

Өткен аптаның соңын­да ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына орай ауылы ара­лас, қойы қоралас, иық түйістіріп, іргелес жатқан Сарысу ауданының киелі Талас жерінде «Тәуелсіз­дік - тұ­ғырым, мәдениет - мәр­те­бем» атты мәдениет жә­не өнер күні өтті.


Қаламыздағы Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының алдындағы Ұлбике ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойған Сарысу ауданының әкімі Балабек Жанбекұлы Нарбаев пен “Қаратау” және “Шолақтау” тау-кен өңдеу кешенінің ди­рек­то­ры, облыстық мәслихаттың депутаты Мұратқали Бақыт­керейұлы Сәрсенов бастаған сарысулық деле­гация мен Талас ауданының әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев бастаған таластықтар мәдениет орталығының фойесіне қойылған «Ел іші - өнер кеніші» атты Сарысу қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.
Көпшілік Игілік ауылдық балалар өнер мектебі домбыра пәнінің мұғалімі Балтабай Дәуірбеков жаса­ған қазақтың музы­калық аспаптары: домбыра, жетіген және қобыздарды көріп, тамсанумен болға­нын қалай жасырайық.
Ал, Жаңатастағы Мәдениет үйіне қарасты «Талант» көркемсурет студиясының меңгерушісі Мақсат Омаровтың жетекшілігімен жасалған екі қабатты киіз үй макетін қызықтаушылар қарасы өте көп болды.
Сондай-ақ, Саудакент тех­никалық - шығармашылық ор­та­лығының 12 үйірмесін­де жасалған бұйымдар ерік­сіз мойын бұрғызып, көр­мені тамашалаушыларды өзіне қарай жетеледі. «Веложат­тықпа», «Карт» үлгісіндегі автокөлік, пульт арқылы су бетінде жүретін желкенді ке­мелер, республикалық бай­қауда 2-орын алған ұшақ моделі көрермендердің кө­зайы­мына айналды.
Балалар мен жаңатастық суретшілердің қолынан шық­қан қылқалам туынды­ла­рын көріп тұрып: «Су­рет­ші - әдемілікті жазу үшін жаралған жан-ау. Ол кез кел­ген нәрсені бейнелеу арқылы өзінің жандүниесінің тол­қынысы мен тербелісін, сезі­мі мен сенімін жеткізеді екен ғой», - деген ойда қаларыңыз анық.
Иә, өнер адамы – бір әлем. Миллион қырлы, миллион сырлы тылсым. Мөлдір сезім, нәзіктік һәм бұлқыныс. Алуан – алуан бояу, толқынды көңіл, қым-қуат жан дүниесі.
Сарысулықтар қолынан шыққан бұйымдар осындай ойға жетелейді.
Сарысулық өнерпаздар кон­церттік бағдарламасы­ның шымылдығы Тәуелсіз­дік­ке дейінгі қиын - қыс­­тау, ала­­­са­пыран ке­­­зең­дер­­­дің тарихи жолда­рын су­рет­тейтін «Ұлы көш­тің нұрлы жолы» атты театр­лан­дырылған қойылыммен ашылды.
Сонау 1465 жылы Керей мен Жәнібек сұлтандар Ақ Ордадан бөлініп шығып, Ұлы көшпен Шу бойына келіп, Қазақ мемлекетінің іргетасын қалағаны белгілі. Тарихтың төрінен орын алған осы бір ке­зеңді суреттеген қойылым Ке­рей мен Жәнібектің елі үшін еміренген аталы сөздерімен зал толы көрермендердің көңілін толқытып, туған елі мен туған жеріне деген перзенттік мақтаныштарын оятқандай әсер қалдырды.
Ұлы жолда өз кезегімен тарих сахнасына шыққан Абылай ханның қазақ халқын бірлікке шақырып: «Мен Қазақ деген елімнің басын қоссам деп едім, ол тілегім болмады, жұртты отырықшы етсем деп едім, ол арманым да орындалмады, қала соқсам деп едім, оған да жете алмадым. Мен жете алмаған мақсатқа келер ұрпақ жетер деп сенемін. Осы үш тілегім сендерге аманат, келер ұр­пақ!» деген тұлабойыңды шарпып өтер жалынды сөзі кімнің де болса жігерін жанитыны сөзсіз еді.
Төле, Қаз дауысты Қазы­бек, Әйтеке билердің елге ұйыт­қы болар ұлы сөздері де көп­шілікті бей-жай қалдыр­мады.
Одан кейін ызаға толы ыз­ғар­лы күндерде ел намы­сын көтерген Желтоқсан оқи­ға­ларынан сыр шертіп, Тәуелсіздіктің арайлап атқан сәулелі таңын жан тебірентер толғаулармен суреттеуі, Абылай ха­ның қолынан елі­міз­дің Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың Көк туды алып, қыран қалықтаған көк жүзіне желбіретуі сонау тарихтың ақжал толқынында өмір үшін, келер ұрпақтың келешегі үшін, азаттық үшін арпалысқан Қазақ деген ұлы халықтың қой үстіне бозтор­ғай жұмыртқалаған осындай бақытты заманға жетуін өте сәтті бейнелеп шықты. жал­пы, сарысулық режиссер тарихтың әрбір қадамын сәтті үйлестіріп, шынайы көрсете білгені көпшіліктің көңілін тасытты десек те болады.
Келесі кезекте Талас ау­данының әкімі Болат Рысмен­диев Сарысу ауданының жаңа әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, сарысулықтарға да өзі­нің жылы лебізін арна­са, Сарысу ауданының әкімі Балабек Нарбаев аудан­дар­дың өзара байланысының маңы­зына тоқталып, өз ау­да­­­нының жетістіктерін саралады.
Ал, сарысулық өнерпаз­дардың концерттік бағдар­­ла­масы фольклорлық ан­самб­ль­дің орындауын­дағы Құр­­­ман­­­ғазы­­ның «Бал­бы­рауын» күйі­мен басталып, ар­ты ән мен би­ге ұласты.
«Айжанқыз» халық­тық би ұжымының орындауын­дағы «Шашу», «Испан биі», «Тәуел­сіздік тұғыры» ком­по­зициясы айтар ойымен, әсем ырғағымен, үйлесімді қи­мылымен көрермендердің қошеметіне бөленсе, Жады­ра Дәукенованың орын­дауындағы «Қазақ елі» На­зерке Сақтағанның орын­дауындағы «Отырарда бол­ған той», Роза Өтембаева мен Ғалымжан Тезекбаевтың орындауындағы «Сарысуым – сая мекенім», Мейіржан Омардың орындауындағы «Ой, жайлау» әндері залдың ішін әуезді әуенге бөледі.
Вокалды аспаптар ансамб­лі, қыздардың «Айтұ­мар» тобы мен жігіттер үштігі орындаған әндер де таластықтардың көңілін көкке өрлетті.
Бұл күні сарысулық­тардың ұлттық нақыштағы киімдері де таластықтардың назарынан тыс қалмады.
«Өнерлерің өрге жүз­сін, рақмет сендерге, сарысу­лықтар!» - деді бірауыздан залдан үлкен әсермен шыққан Талас жұртшылығы.
Бұл күні спорт ке­шенінде сарысулықтар мен таластықтар арасында спорт түрлерінен жарыстар өтіп, шара соңы көңілділер мен тапқырлар бәсекесіне ұласты.