Қайырымдылық шарасы өтті

http://turizm-hit.ru/

Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына орай апта ішінде “Амангелді газ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйытқы болуымен қайырымдылық шарасы болып өтті.

Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Болат Рысмендиев Тәуелсіздіктің тағылымды да ауыр жолы жайлы тарихтан сыр шерте келе, қонақтар мен аудан тұрғындарын мерейлі мерекелерімен құттықтап, аудандағы өнеркәсіп орындарының тыныс-тіршілігі жайлы статистикалық мәлімет беріп өтті. Аудан әкімінің сөзін жалғаған “Амангелді газ” ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Сержан Ислямов “күшіңе сенбе, адал ісіңе сен” деген халық даналығын тілге тиек ете отырып:
- Барша Талас жұртшылығын алдағы айтулы мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Қазіргі қоғамдық қатынастардың қарқынды дамуы кезінде өмірдің ынтымақтастық пен мейірімділік сынды басты құндылықтарын жоғалтпау, әрбір азаматтың, әрбір мекеменің парызы. “Амангелді газ” ЖШС 2003 жылы ашылып, жұмысын бастаған уақыттан бері көптеген игі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Біз көмекке мұқтаж жандарға әрқашан қол ұшын созуға даярмыз - деді.
Аталмыш мекеменің кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Қанат Шамшиденов жиналған көпшілікті ұлық мерекелерімен құттықтай келе, әлеуметтік аз қамтылған 124 отбасының әрқайсысына күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдерінің сертифика­тын табыстады. Жиын соңында Болат Қанатбайұлы қонақтарға аудан тұрғындарының атынан алғысын айтып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Аудан әкімдігінің бас ғимаратында өткен игі шара “Үміт” қимыл-тірек аппараты бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернатында жалғасын тапты. Аудан әкімі мен “Амангелді газ” ЖШС-нің қызметкерлері жарымжан бүлдіршіндерге ыстық ықыластарын білдіріп, тәттіге толы қораптар сыйлады. Балалар да қонақтарға арнайы дайындаған концерттік бағдарламаларын көрсетті. Бірі “Тәуелсіздік”, “Президент” тақырыбында жүрекжарды өлеңдерін оқыса, енді бірі ән мен биден шашу шашты.
Ернар ӘБДІРАЗАҚ.
Қаратау қаласы.