Базарлықтың барлығы-балаларға

http://turizm-hit.ru/

Мадина Жарас, "Талас тынысы"

Игілікті істің бастауы жақсы дәстүрге ұласса, ол істің шарапаты да мол болады.

Мейлі, ол қайырымдылық шарасы не болмаса, көмекке шын мұқтаж жандарға жан жылуын сыйлаған қандай да бір сауапты іс болмасын, солардың барлығы жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болмақ. Осындай жақсы үрдіске айналып, ізгілікті істің ізашары ретінде жалғасын тауып келе жатқан қайырымы мол шаралардың бірі - аудан әкімінің шыршасы биыл да жаңа жыл қарсаңында өтті. Аудандық Ұлбике ақын атындағы мәдениет үйінде өткен жасыл шырша мерекесіне биыл барлығы 102 оқушы қатысты. Оның ішінде, көп балалы және аз қамтылған отбасынан шыққан балалар мен оқу озаттары бар. Аудан әкімінің шыршасына сондай-ақ, ауданға қарасты ауыл-аймақтағы мектептердің оқушылары да шақырылды. Балалардың қуанышын бөліскен аудан әкімі Болат Рысмендиев жиналғандарды алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
- Өтіп бара жатқан жыл табыссыз болды дей алмаймыз. Өңірде бой көтерген әлеуметтік нысандыр, оның ішінде, Есейхан ауылында жаңадан салынған мектеп осы жылдың еншісіндегі жетістіктердің бірі ғана. Бүгінгі таңда елімізде Елбасы саясатының нәтижесінде, білім кеңістігі жаңаша сипат алып, жаңа көкжиекке көтерілді. Қазір еліміздегі барлық деңгейдегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы жаңартылып, озық үлгідегі оқу құралдарымен жабдықталды. Білім беру жүйесі де жаңартылып, жаңаша бағыт-бағдар алды. Ендігі жерде жас ұрпақ, сіздерге осындай мүмкіндіктерді пайдалана отырып жақсы білім алып, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосу парызы жүктеліп отыр. Себебі, келешек сіздердікі, - деген аудан басшысы мұнан соң салтанатты жағдайда шыршаның шамдарын жақты. Жасыл шырша мерекесіне арнайы шақырылған екі балаға сыйлықтарын табыс етті. Өз кезегінде лицейдің 5-сынып оқушысы Г.Смағұл мен К.Маркс мектебінің 4-сынып оқушысы Э.Сачков Болат Қанатбайұлына балаң жүректерінен шыққан жылы лебіз, ақ ниетті алғыстарын білдірді.
Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған мерекелік қойылым думанның көрігін қыздырды. Ертегі әлемінен келген Аяз ата мен Ақша қар және балаларға етене таныс мултьтоптамалардың Питер пэн және оның достары, зұлымдықтың бейнесі іспеттес Қармаққол капитан мен теңіз қарақшылары сияқты кейіпкерлері, халық ауыз әдебиетінің жарқын, көркем образы - Алдар көсе, шық бермес Шығайбай атанған сараң бай мен оның бәйбішесінің іс-әрекеттері балалардың ыстық ықыласына ие болды.
Аудан әкімінің мерекелік шыршасына қатысқан барлық балаларға көмек ре­тінде қысқы киімдер мен тәттіге толы қораптар сыйға тартылып, мерекелік дастархан жайылды.