8 пәтерлі үй пайдалануға берілді
- Толығырақ
- Құрылды 07.02.2017 05:27
- Категория: Мақалалар
Дүйсен Молдақұлов, "Талас тынысы"
Бүгінде тоғыз жолдың торабында орналасқан бұрынғы аудан орталығы Ақкөл ауылы өзінің қайта түлеу кезеңіне қадам басты десек қателеспейміз. Соңғы жылдардағы әлеуметтік-мәдени нысандардың бой көтеруі, болмаса қайта жаңғыртудан өтуі соның бір дәлелі дер едік. Күн асқан сайын ауыл ажарланып келеді.
Өткен аптаның жұмасында ауыл тұрғындары тағы бір көзайым қуаныштың куәсі болды.
Олай дейтін себебіміз, бұған дейін ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған 8 пәтерлі қос қабатты тұрғын үй Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы резерві қорынан бөлінген 23478,0 мың теңге қаражатқа күрделі жөндеуден өтіп, мемлекеттік қызметшілерге қызметтік пәтер есебінде пайдалануға берілді.
Осынау жұмыс басталар тұста мердігер компания «Еде-мар» ЖШС (басшысы Ерлан Әбенұлы) ауыл қарияларына құдайы тамақ таратып, олардың ақ батасын алған болатын.
Ақкөлдіктердің жаңа қонысқа қатысты қуанышын бөлісуге арнайы келген аудан әкімі Болат Рысмендиев ауыл көлеміндегі оң өзгерістерді тілге тиек етті.
- Міне, бүгін көп пәтерлі тұрғын үйді ел игілігіне ұсынып отырмыз, - деді Болат Қанатбайұлы, - бұл саладағы жүйелі жұмыс алдағы уақытта да өзінің жарасымды жалғасын табады деген ойдамын. Баршаңызды бүгінгі қоныс тойларыңызбен құттықтаймын.
Бұдан соң аудан басшысы пәтер кілттерін олардың иелеріне салтанатты жағдайда табыс етті.
Болат Қанатбайұлы мен ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрғынбек Тәжібеков нысанның лентасын қиып, ақ жаулықты аналар шашу шашты.
- Үй алғаныма өте қуаныштымын, - дейді мемлекеттік қызметші Руслан Досалиев, - зайыбым екеуіміздің кішкентай екі баламыз бар, осындай үлкен қуаныш сыйлаған ел ағаларына алғысым зор.
Біз де өз кезегімізде олардың қуанышына ортақтасып қайттық.
Талас тынысы
Газет pdf нұсқасы