Ата тарих аманаты-түркі дүниесінің бірлігі

Құрметті ханымдар мен мырзалар!
Мәртебелі меймандар!
Қазақ хандығының 550 жыл­дығына жиналған барша қауымды бүгінгі тор­қалы тоймен шын жүректен құттықтаймын!
Бүкіл әлемді дағдарыс жайлап, дамыған елдердің өздері үлкен экономикалық күйзеліске ұшыраған мынау алмағайып заманда алыс-жақын ағайынның басын қосып, Қазақ хандығының 550 жылдық ұлан-асыр тойын өткізудің өзінің ерек­ше себептері бар. Бүгінгі той, ең алдымен, батыр баба­ларымыздың биік рухына тағзым ету және тағдырдың сан алуан қиындықтарынан сүрінбей өткен ата тарихы­нан тағылым алу үшін өткізіліп отыр.

Кеңес Одағы заманында Қазақстан мектептерінде оқушылар «КСРО тарихы» атты ортақ оқулықтан бі­лім алды. Сондықтан, жас ұрпақ ата тарихынан мүл­де алшақтап қалды. Оның үстіне Қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, айбы­нын асырған ұлы хандары­мыз бен даңқты батырлары­мыздың есімдері біртіндеп ел жадынан өшіріле бастады. Өз ішімізден шыққан олар­ды жамандағыштар құрмет­ке бөленді. Елімізде хан­ның, не батырдың ескерткіші тұрмақ, олардың атында білім мен мәдениет нысандары, керек десеңіз, жалғыз-жа­рым көше де болған жоқ. Қазақ хандарының аты атала қалған жағдайда оларға үс­тем тап өкілі ретінде келеңсіз баға беріліп, қисынсыз айып тағылды. Бұл туралы ақын Ғафу Қайырбеков кезінде: «Басқаның патшасының бәрі жақсы. Неліктен біздің хандар жаман болған?» деп ашына жазған болатын. Ұлт жадының тамырына балта шабуға арналған осындай сұрқай саясаттың небәрі ширек ғасыр бұрын орын алғанына сенудің өзі қиын. Бірақ кеңес заманының ащы шындығы дәл осындай болатын.
Тәуелсіздік қазақ халқы­ның өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, облыс орталықта­ры мен ірі елді мекендерде Керей мен Жәнібек, Абылай мен Әбілқайыр сияқты әйгілі хандарымыздың, Қа­бан­бай, Бөгенбай, Нау­рыз­бай батырлардың еңселі ескерткіштері бой көте­ріп, олардың есімдері елді мекендерге, жоғары оқу орындары мен мектептерге берілді. Бабалардың ерлік пен күреске толы өнегелі өмір жолдары жайлы том-том ғылыми еңбектер мен әдеби шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге ора­лып, ұрпағына ұланғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы қазақтардың, әсіресе, жаңа буынының арасында аса зор патриоттық өрлеу туғызып, ұлт тарихына деген мақта­ныш сезімін ұялатты.
Қазақ, Жұбан ақын айтқандай, «мың өліп, мың тірілген» халық. Бірлігі жарасқанда даңқы асып, билікке таласқанда берекесі қашқан. Баршаға белгілі, байырғы бабаларымыз бөрі­лі байрақ ұстап, Байкалдан Балқанға дейінгі алқапты еркін жайлаған. Көгімізде желбіреген алтын күн ас­тын­да қыраны қалықтаған туы­мыз мемлекеттігіміздің үзіл­мей жалғасып жатқан­дығының айғағы. Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттері­нің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қып­шақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұра­гері болды. Арғы дәуірлер­ге бармай-ақ, таза түркілік заманымызға зер салар бол­сақ, әйгілі Рим империясы құлап, Еуропадағы осы күнгі мемлекеттердің нобайы да әлі қалыптаса қоймаған, ал Қытайда үш патшалық пен алуан әулет өзара қырқысып жатқан 6 ғасырда – 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемле­кет дүниеге келді. Ол небәрі жарты ғасыр ішінде Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара би­лік жүргізді. Дәуірлеп тұр­ған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі пат­шалығынан алым алған ер түріктің берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас бастағанда, әуелі батыс және шығыс болып ажырап, кейін оғыз, қарлұқ, қыпшақ бо­лып бөлініп, жауларына жем болды.

Сегізінші ғасырда тас­қа қашалған Күлтегін жа­зуында: «Алдау мен арбауға арандаған түрік халқы бір­лігінен айырылды. Таб­ғаш­тарға қайсар ұлдары құл, көрікті қыздары күң болды», – деп жазылған. Қай заманда болмасын, бар­лық жеңістеріміздің бас­тауы береке-бірлік екенін жас ұр­пақ ешқашан ұмыт­пай, өт­кеннен сабақ алуы үшін Күлтегін жазуының көшірмесін жасатып, Л.Гу­милев атындағы Еуразия университетінің атриумына қойғыздым.
Бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттері – Түркия, Қазақ­стан, Өзбекстан, Әзер­байжан, Түрікменстан мен Қырғызстан және дүниенің әр түкпіріне тарыдай ша­шылған жалпы саны 200 миллионнан асатын 30-дан астам түркітілдес ұлт­тар мен ұлыстардың ұлы бабасы ер түрік аталарымыз болатын. «Түрік» сөзінің бір мағынасын әйгілі түрколог, академик А.Н.Кононов «бе­рік» яғни «бірігу», «бірлік» сөзінен шығарады. Ендеше, түркі халықтары жаратылысында әрдайым бірге, береке-бірлікте бо­лу үшін жаратылған. Баба­ларымыз да бізге осыны мирас еткен.
Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің алтын қай­нары, ел қорғағанда күш-қуат берер асқақ айбары. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз керек. Жаһандану заманында тағдыр талайымен бөлініп кеткен, тілі, ділі, діні мен тегі бір түрік халықта­ры ХХІ ғасырда ынтымақ жарастыруы қажет. Сөйтіп, саясатта, экономикада, ғы­лым мен технологияда өза­ра ықпалдастық пен байла­ныстарды күшейте беруіміз керек. Ата тарихы бізді осы­ған шақырады.
Бүгінгі той – ең алдымен, Қазақ хандығының 550 жыл­дық тойы. Атақты Мұхаммед Хайдар Дулатидің деректері бойынша, 1465 жылы Қозы­басы тауының етегінде та­рихи оқиға болды. Бұл-біздің елдігіміздің тамыры тереңде жатқанын танытатын аса ма­ңызды тарихи дерек. Керей мен Жәнібек хандар Әбіл­қайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қа­зақ хандығының шаңырағын көтерді. Алты алаш анттасып, айырылмасқа сөз байласып, Ұлытауға таңбаларын қа­шап жазды. Осылайша, тарих сахнасына Қазақ деген халық шығып, ұлан-ғайыр өлке Қа­зақ жері деп атала бастады. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекі­тіп, керегесін керді. Хақназар хан шекарасын Еділдің бойы­на дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы кү­ресте қолбасшылығымен та­нымал болды. Салқам Жәң­гір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсы­рата соққы берсе, әз Тәуке «Жеті Жарғыны» енгізді.
Қазақ хандығы кезеңі – ат жалында күн кешкен алаш жұртының қаһармандық дәуі­рі. Ел билеген хандардың өмі­рі майдан шебінде өтті. Қазақ­тың алғашқы он төрт ханының жетеуі жорық жолында қаза тапты. Осынау ұлы бабалар­дың биік рухына барлық ұрпақ айрықша құрметпен бас иіп, ризашылығын білдіреді. Олардың ұлтқа сіңірген ұшан-теңіз еңбегі әрдайым ел есінде сақталады. Қазақтардың талай буыны қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыра-жай заман орнатқан хан ретінде қадірлейтін әз Тәуке билік­тен кеткен соң халқымыздың береке-бірлігі әлсіреп, жүзге және руға бөлінушілік белең алды.
Орталық Азиядағы аса қуатты әскери мемлекет сана­латын Қазақ хандығының осы осалдығын оңтайлы пай­даланған жоңғарлар тұт­қиылдан соғыс ашып, ел тарихына «Ақтабан шұбы­рынды, Алқакөл сұлама» де­ген атпен енген трагедияға ұшыратты. Дәл осы тұста тарих сахнасына қол бас­таған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Малайсары сияқ­ты батырлар, сөз бастаған Төле, Қазыбек, Әйтекедей дуалы ауыз билер, ел бастаған Абылай, Әбілқайырдай хан­дар шықты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, береке-бірлігі асқан қазақ қо­лы 1730 жылы Аңырақай түбін­де жоңғарларға күйрете соққы беріп, ата қонысын жаудан біржолата азат етті.
Қаз дауысты Қазыбек би:
Біз қазақ деген мал баққан елміз,
Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз,
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
Жеріміздің шетін жау баспасын деп,
Найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз,
Басымыздан сөз асырмаған елміз.
Достықты сақтай білген елміз,
Дәм-тұзды ақтай білген елміз,- деген екен.
Бірліктің қадірін біліп, білекке білек қосқанда ата­мекенді жаудан азат етті. Алайда, ағайынның араздығы, ынтымақтың аздығынан көп ұзамай хандық жойылды. Данышпан Абай айтқандай, «Бас-басына би болған өңкей қиқым» елдің сиқын кетірді. Сол кезде бүкіл дүниежүзін жайлаған, «бөліп ал да, би­лей бер» атты отаршылдық­қа негізделген сұрқия саясат Қазақ елін біржолата Ресей патшалығының отарына ай­налдырды. Бұдан кейінгі Қа­зан төңкерісінен, Азамат со­ғы­сынан, халқымыздың тең жартысын жалмаған отыз екінші жылғы ашаршылық­тан ер-азаматқа да, елге де сын болған Ұлы Отан соғысынан қазақ қаншама қансырап шық­са да, азаттық аңсаған өршіл рухы мен ұлттық келбетін жоғалтқан емес.
Ел арасында айтылатын тәмсіл бар. Абылай хан: «Үш арманым бар еді. Біріншісі, елімді бейбіт өмірге жеткіз­сем деп едім, қан көп төгілді. Екіншісі, халқым қала, кент сала алмады. Үшіншісі, елдің басын біріктіре алма­дым»,- деген екен. Абылайдың асыл армандары тәуелсіздік тұсында түгелдей орындалды. Қазақстанның қай түкпіріне барсақ та, қалаларымыз бен ауылдарымыз жарқырап, жай­нап тұр. Даламыз жайқалған егінге толып, еліміз жасыл бақ­қа айналды. Алтын күн шуа­ғын шашқан көк бай­рағымыздың астында қазақ қана емес, 130 ұлттың өкілдері береке-бірлікпен та­ту-тәтті өмір сүруде. Мен бұдан бұрыны­рақ «Қазақ тари­хында біз ұяла­тын ештеңе жоқ» деген едім. Бүгін сол сөзімнің жалғасы ретінде: «Бізге бабалар тұлпарлары­ның тұяғымен жазылған ата тарихының әр парағы ерекше қымбат. Қазақтардың бүгінгі және болашақ буыны оны әрдайым орынды мақтан ете­тін болады», – дегім келеді.
Тек өткен тарихымен ғана мақтанатын елдің болашағы бұлыңғыр. Әр буын өкілдері ата-баба даңқына даңқ қо­сып, абыройын арттырып, бүкіл дүниежүзі алдында беделін биіктете білген елдің ғана болашағы жарқын, ме­рейі үстем болады. Осы тұр­ғыдан келгенде, тәуелсіз Қа­зақстанның бүгінгі буыны бабалар аманатына адалдық танытып, еліміздің абырой-беделін бұрын-соңды болмаған биікке көтерді деп айта аламыз.
Ең алдымен, бабаларымыз егемен еліміз тәуелсіздік ал­ғанда еншімізде ұлан-бай­тақ жер қалды. Бірақ, әлемдегі тоғызыншы терри­тория саналатын қазақ да­ласы ешбір халықаралық құ­жатпен рәсімделмей, ашық-шашық жатқан еді. Біз осы бір аса күрделі әрі шетін мәселені сәтімен шешіп, Ресей мен Қытай бастаған барлық көршілерімізбен ара­дағы жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан аса­тын шекарамызды халықаралық құжаттармен рәсімдеп, бола­шақ ұрпақтың алаңсыз болуы үшін біржолата әрі мәңгілікке шегендедік.
Екіншіден, бізге мұраға қал­ған ата қонысымыз жылдар бойы халқымызға қасірет әкелген ажал полигондары мен жаппай қырып-жоюға арнал­ған ядролық оқтұмсықтарға толы болды. Біз соның бәрі­нен елімізді де, жерімізді де азат етіп, әлемдік ядролық қарусыздану көшін баста­дық. Ақыл мен парасаттың кез- келген қарудан қуатты­рақ болатынын дәлелдеп, жа­һандық қауіпсіздікке зор үлесімізді қостық.
Үшіншіден, екі жарым ға­сыр патшалық Ресей мен 70 жылдан астам Кеңес Одағы құрамында болғанда қазақ халқы өз жерінде отырып-ақ азшылыққа, ал Қазақстан өз еркінен тыс 130 ұлт пен ұлыстың мекеніне айналды. Әлем тарихына көз тігер болсақ, соғыс атаулы не жер дауы, не ұлт артықшылығы, не дін үстемдігі үшін болатынын байқау қиын емес. Біз елімізді мекендеген сан алуан ұлт пен ұлыс, дін өкілдерін көк Ту­дың астына жиып, ел тынышты­ғын, береке-бірлігін сақтадық. Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі талай мемлекетке үлгі-өнеге ретінде ұсынған Қазақстан халқы Ассамблея­сын құрып, бес рет қатарынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезде­рін зор табыспен өткіздік. Бабаларымыз мирас еткен «Кең болсаң – кем болмайсың» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, әлі талай биіктер­ге жетеріміз анық.
Төртіншіден, біз іргемізді бекітіп, бірлігімізді бекемдеген соң әлемдегі ең дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, дамудың өзіміз жасаған жаңа моделі – «Қазақстандық жол­ды» ұсындық. Дамудың ең жарқын болашағын айқын­даған «Қазақстан – 2050» Стра­те­гиясын түздік. Дәл осы құжаттың негізінде ал­ға қойған мақсаттарымызды рет-ретімен жүзеге асырып, қуатты да табысты мемлекет орнаттық. Соның нәтижесінде, экономикамыз аз ғана жылда ешқашан, ешкімде болмаған қарқынмен алға басты. 2014 жылы еліміздің Жалпы, Ішкі өнімі 1993 жылғы көр­сеткіштен 19 есеге көбейді. Ол жан басына шаққанда 696 доллардан 13 мың дол­ларға, яғни 18 есеге артты. 1993-2013 жылдар аралығында 200 миллиард доллардан ас­там тікелей шетел инвестиция­сын тарттық. Елдің әл-ау­қатын барынша жақсартып, өркениетті елдердің деңгейіне жеткіздік.
Бесіншіден, бабалар мирас еткен жеріміз қаншалықты кең болса да, бізде ұлы мұ­хитқа шығатын жол болған емес. Темір жол атаулы Қа­зақстанның байлығын тасу үшін тек солтүстікке қарай салынды. Тәуелсіздік жылда­ры біз жалпы ұзындығы 2500 шақырымдық темір жол са­лып, еліміздің барлық облыстарын бір-бірі­мен жалғастырдық. Нәти­жесінде, Қазақстанның болат жолдары Қытай арқылы Ты­нық мұхитқа, түрікмен жері, Парсы шығанағы арқылы Үнді мұхитына, Ресей арқылы Ба­тыс Еуропаға, одан әрі Ат­лант мұхитына жететін болды. Бұған қосымша «Батыс Қы­тай- Батыс Еуропа» еуразиялық авто­магистралі да пайдалануға берілді. Ал, «Нұрлы жол» бағ­дарламасымен елімізде жаңа 7 мың километрден астам автокөлік жолы салынып, барлық өңірлермен байланыс екі есеге жақын болады. ХХІ ғасырдың нағыз Жібек жолы деп осыны айтуымыз керек.
Алтыншыдан, қазақты өзге ұлттан даралайтын – оның тілі мен мәдениеті, руханияты. Еліміз егемендігін алғаннан кейін жағдайдың қиынды­ғына қарамастан, тағдырдың жазуымен дүниенің төрт бұ­рышына тарыдай шашылып кеткен миллионнан астам қан­дастарымызды атамекенге қайтарып алып келдік. Ба­балар тарихына қатысты дү­ниежүзінің архивтерінде шаң басқан тарихи құжаттарды алдырып, том-том кітаптар мен оқулықтар шығарып, ата тарихтың ақиқатын түгенде­дік. Тәуелсіздік жылдарында 1300-ге жуық мектеп, 1250-ге жуық денсаулық сақтау нысанын, тағы 4 мыңнан ас­там балабақ­ша салдық. Халықтың орташа өмір ұзақтығы 72 жасқа жетті.
Азаттықтың алғашқы жыл­­дарында «Болашақ» бағ­дарламасын әзірлеп, он мың­нан астам талантты жастары­мызды шет елдердің ең бедел­­ді университеттерінде оқыт­­тық. Қазір «Болашақ» түлектері басқару ісіне араласып, өз­дері ел болашағына қызмет істеуде. Кемелімізге келген соң еліміздегі барша орта білім ошақтарына үлгі болсын деп, республикамыздың әрбір өңірінде дүниежүзіндегі ең биік талаптарға сай «Зияткер­лік мектептерді» аштық. Ал, күллі жоғары білім ордалары биыл алғашқы түлектерін ұшырып, әлемдік деңгейде танылып үлгерген Назарбаев университетіне қарап бой түзейді.
«Мәдени мұра» бағдар­ламасы бойынша ата-баба­мыздың асыл мұрасын жи­нақтаған соң әлемдегі ең жаңашыл өнер ордалары сана­латын Бейбітшілік пен келі­сім сарайы, Орталық концерт залы, Астана опера және балет театры, Ұлттық музей ғимараттарын салып, ұлт мә­дениетінің әлемдік өркениет биігінде дамуы үшін барлық жағдайды жасадық. Мұндай мәдениет ошақтары еліміздің әр өңірінде бой көтерді.
Жас ұрпақтың жаны сұлу, дені сау болуымен қатар, күш-қайраты мол болуы үшін зәу­лім спорт сарайларын тұр­ғы­зып, қысқы Азиада ойында­­рын зор табыспен өткіздік. Лон­дон Олим­пиадасында ұлы жеңіске ие болдық, отандық спортшылар жарқын жетіс­тіктерімен ел мерейін өсірді.
Жетіншіден, іргесі берік үйдің шаңырағы шайқалмай­ды. Жақында ғана біз Ата Заңымыздың 20 жылдығын атап өттік. Біздің Конституция­мыз ұлттық заңнама жүйесіне берік іргетас болып қаланды. Заң шығарушы, атқарушы би­лік пен тәуелсіз сот жүйесі­нің негізін құрды. Қазақстан Парламенті ең жоғары өкілет­ті орган ретінде өз міндетін абыроймен атқаруда.
Сегізіншіден, бабалар даң­қына мақтанумен шектелмей, үздіксіз алға жылжыған ел ғана озады. Осыдан ширек ғасыр бұрын ғана әлем картасында болмаған Қазақстан дүние­жүзінің 56 елінің басын қосатын Еуропа қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына, 57 мем­лекетті біріктіретін Ислам ынтымақтастық ұйымына абы­роймен төрағалық етіп, ұлтымыздың рухын көтеріп, жұртымыздың еңсесін биік­теттік. Қазақстан алып құр­лықтағы ең түйінді мәсе­ле­лерді шешетін 30-ға жуық мемлекеттің басын қо­сып, Азиядағы өзара ықпал­дас­тық және сенім шаралары кеңесін құрып, оны әлемдегі беделді ұйымдардың қата­рына қосты. Әлемдегі ең ықпалды халықаралық ұйым­дардың біріне айналған Шан­хай Ынтымақтастығы Ұйымын құрудың басты бас­та­машыларының бірі болып, бірнеше рет биік деңгейдегі саммит өткіздік.
Біздің бабаларымыз - ғұн­дар да, түріктер де, қыпшақтар да өткен замандарда Еуразия­дай алып материктің басты интеграторы болған. Олар Ұлы даладағы алуан тайпалардың басын талай мәрте қосып, берекесі қашқан кезде сан рет жауларына жем болған. Біз де 20 жылдан астам уақыт бойы Еуразиялық Одақ құру тура­лы бастаманы табандылықпен ілгері жылжытып, оны бүгінде бес мемлекеттің басын қоса­тын посткеңестік елдер ішін­дегі ең үлкен экономикалық ұйымға айналдырдық.
Тоғызыншыдан, Астананың төрінде тұрып, бүгінде бар қазақтың ортақ мақтанышына айналған Елордамыз тура­лы айтпау мүмкін емес. Астанамыз – жаһанға таныл­ған жұртымыздың жарқыра­ған жақұты, азаттығымыздың алтын қыраны! Елорданы салу тәуелсіз Қазақстанның өте күрделі мақсат қойып, оны табандылықпен орындай алатынын күллі әлемге айқын дәлелдеп берді. Бас қаламыз қазақтың абыройын асырып, мерейін тасытты. досты сүйін­діріп, дұшпанның мысын басатын еңселі Елордаға ай­налды. Астанамен бірге, қалың қазақтың да даңқы артты. Еліміздің әр өңіріндегі басқа қалалар мен елді мекендер де Елордаға қарап бой түзеп, жарқырай бастады. Бүгінгі торқалы тойымыз өтіп жатқан Тәуелсіздік сарайы және Спорт кешені де осындай еңселі ғимараттардың бірі болмақ.
Оныншыдан, бәсекеге қа­білетті елу елдің қатарынан берік орын алып, әлемдегі үздік отыздықтың қатарына кіруді басты стратегиялық мақсат етіп қойдық. Алда Астанада әлемдегі ғылым мен техниканың, өнеркәсіптің, жаңалық атаулының жетістік­терін насихаттайтын “ЕХРО-2017” көрмесін өткізу мін­деті тұр. Қазір адамзат қоға­мы жаңа индустриялық революцияның қарсаңында тұр. Оған Қазақстанның эконо­микасы мен өнеркәсібі дайын болуы үшін біз “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму” бағдарламасын әзір­леп, жүзеге асырудамыз. Дүние­жүзілік сауда ұйымына кірдік. Баршаға бірдей кәсіби, осы заманғы мемлекетіміз одан әрі табысты болуы үшін бес институционалдық реформа жүргізуді қолға алдық. Тиісті мемлекеттік органдар оны рет-ретімен жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Бұл реформа бізді жаңа биіктерге бастайды.
«Егемен болмай, ел бол­мас» дегендей, біз азаттық жылдарында шын мәнінде ұлы жолдан өттік. Тәуелсіздік кезеңі – біз үшін ғасырлар жү­гін арқалаған ғаламат кезең. Кезінде Керей мен Жәнібекке ілесіп шыққан халықтың ұзын саны 200 мың шамасында екен. Бүгінгі күні сол қазақ­тың қатары жер жүзінде 15 миллионнан асып жығыл­ды. Ал егер, қазақ өткен ғасырдың ашаршылығына ұшырамаса, өткен соғыста қырылмаса қанша болар еді?
Қазақтың өз ішіндегі береке-бірлігі күшті болуы керек. Данышпан Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос»,-деген өсиетін әрдайым естен шығармайық, ардақты, ағайын. Алда қандай сын-қатерлер күтіп тұрса да бірлігіміздің арқасында біздің болашағымыз бүгінгіден де жарқын деп кәміл сеніммен айта аламын.
Бәріміздің киелі атамеке­німіз бар, ол-қазақтың Ұлы Даласы. Сол далада бабалар­дың ізгі аманатын орындау жолында біз құрған қасиетті Отанымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан. Тәуелсіздік – біздің маңдайға басқан бағымыз, мәңгі сақтауға тиіс аманаты­мыз. Қасиетті Отанымызда қандай қиындықты да қайыс­пай қарсы алуға лайық өршіл рухты, азат ойлы, жасампаз халық бар. Ол – ержүрек қазақ халқы. Сол қаһарман халықтың алға қойған ізгі мұраты бар. Ол – Ұлы Дала төсінде өзі құрған мемлекетті Мәңгілік Ел жасау. Ендеше, әрқашан еліміз аман, бауырымыз бүтін болсын. Сіздер мен біздер құрған тәуелсіз Қазақстаны­мыз Мәңгілік Елге айналсын! Ұлы мақсаттарға жету жолын­да бізге батыр бабалардың әруағы жар болсын!
Қымбатты қазақстандықтар!
2 мың жылдан астам тарихы бар ежелгі Таразда бір айдан кейін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мо­ну­мент салтанатты түрде ашы­латын болады. Біз өзіміздің қасиетті жеріміздің тарихы бірнеше мыңдаған жылдарға кететінін есте сақтай отырып, өз бабаларымыздың естелік­тері мен істеріне тиісті баға береміз. Ол Еуразияның өткен және қазіргі өркениетінің өсіп-өркендеуінде өзінің айрықша ою-өрнегімен шебер өрілген. Хроностың көзге көрінбей­тін арқауы бізді Қытайдың мыңжылдық тарихымен және қазіргі кезімен, Таяу және Ор­та Шығыс, Азия құрлығының басқа да бөліктерінің өтке­німен және бүгінімен бай­ла­ныстырады. Тілдік және мә­дени байланыстар ми­риа­дасы арқылы біз өз бауырларымызбен – бүгінде Мұзды мұхит жағалаулары­нан Жерорта теңізіне дейінгі жерді мекендейтін түркі халықтарымен байланыса­мыз. Ұлы Түркі Елі – ол біздің ортақ бабаларымыз бен батырларымыз, ортақ рухани байлықтарымыз бар ортақ арғы Отанымыз. Ол – біздің бірлескен ұлы мұрамыз.
Біздің Ресей халықтарымен, бірінші кезекте, орыс халқы­мен жүздеген жылдарға со­зыла­тын бірлескен тарихи жолымыз бар. Тәуелсіздік жыл­дары ішінде біз Еуропа­лық одақ, Америка, Ислам әле­мі елдерімен тарихымыздың бірлескен парақтарына ие болдық. Олар жаңа заман уақытының көптеген халық­аралық оқиғалары, оның ішінде, біздің елімізде болған оқиғалар туралы баяндайды. Қазақстан әрқашанда өз көр­шілерімен арадағы дос­тықты және сенімді көздің қарашығындай сақтап, одан әрі дамыта береді, әлемнің бүкіл елдерімен ізгілікті қарым-қатынастар орнатады.
ХХІ ғасырда да біздің жаһандық дамуға қосар үле­сіміздің тек қана арта береті­ніне және әлемнің оны лайық­ты бағалайтынына сенімім мол. Біздің жеріміздің жүріп өткен және алда тұрған тари­хи жолын ой елегінен өткізе отырып, бізге Қазақстанның жаһандық қоғамдастықта та­нымалдығы мен мәшһүрлігі кеңейе түсетіндей етудің ма­ңызы зор. Әлемде қандай да бір халықтың өз мемлекетінің ресми атауымен бірге ай­рықша бейформальді ұғым­ды пайдаланатын мысалдары көп. Біздің қасиетті жеріміз­ді ежелден Ұлы Дала, ал біздерді Ұлы Дала ұрпағы деп атады. Оны сонау ерте замандардан бері туған жер­ге деген халықтық махаббат­ты домбыраның, қобыз бен жетігеннің жүректі арбай­тын әуеніне айналдыра отырып ақындар жырға қосты.
Біз бабаларымызда еш­қашан болмаған адам айт­қысыз жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар бар жа­ңа Қазақстанды құрудамыз. Біздің көптеген мыңжылдық тарихы бар жеріміз көз алдымызда өзгеруде. Қазіргі заманғы Қазақстанның әр ауылы мен қаласында бо­лып жатқан өзгерістерге көк аспан куә. Дала көгіндегі Күн біздің ізгі істерімізге нұрын шашуда. Аспан мен Күн-біздің Туымыздың түсі.
ХХІ ғасырда далалық Еуразияның құшақ жет­пес кеңістігі қайтадан тү­леп, өркендеуде. Біз өз Тари­хымыздың жаңа Шам­шырағын жақтық. Сондық­тан да, бүгінде және әр кезде де біздің Қазақстан-ол Ұлы Дала Елі! Ол – түлеген Ұлы Дала Елі. Біздің сүйікті Отанымыздың халықтық аты да дәл осы. Ол біздің Отанымыздың өткенін де, қазіргісін де, болашағын да бейнелейді. Онда қа­зақстандық мінез бен оның негізгі сипаттары көрініс тапқан. Олар – біздің жан-дүниеміздің ашықтығы мен кеңдігі, біздің жүректеріміз­дің жылуы, қонақжайлылық пен бейбітсүйгіштік, кемең­герлік пен ойшылдық, ең­бексүйгіштік пен іскерлік. Ол – сүйікті жеріміздің осы уақытқа дейін болмаған өркендеуіне қол жеткізудегі өзіміздің күшіміз бен мү­мкіндіктерімізге деген сенім. Мен біздің жаңа Қазақстан­ның осындай бейнесінің әрбір қазақстандықтың ой-санасы мен жан-дүниесі­нен орын табатынына, бүкіл әлемде мойындалатынына сенімдімін.
Тағы да қайталап айтайын, біздің қасиетті жерімізді ықылым замандардан Ұлы Дала деп, ал бабаларымызды Ұлы Даланың ұрпақтары деп атаған. Біз – солардың жалғасымыз, Ұлы Даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы Даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып Жаңа Қа­зақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз – ұлы іс­тер­дің ұйытқысы болған Ұлы Дала Елі! Бұл – біздің тағдырымыз! Бұл – біздің таңдауымыз! Мәңгілік Елі­мізде бейбітшілік пен береке болсын! Халқымыз аман болсын!
Астана, 11 қыркүйек, 2015 ж.

FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер