Лаңкестіктің лаңы толастамай тұр

http://turizm-hit.ru/

Қазіргі кездегі коммуникация құралдары, әлемдік шаруашы­лықтың жаһандасуы, бір елден екінші елге өтудің жеңілдігі, жаппай көші-қонның көбеюі, осының бәрі ұлтаралық террористік ұйымдардың құрылуына алып келуде.

Бұл іске басшылықта олар идеологиялық, діни негіздерге сүйенуде. Мұндай қимылдардың жиынтығы «ха­лық­аралық лаңкестік» деген терминмен айтылып, ХХ ғасырдағы адамзаттың негізгі проблемасына айнала бастады. Бірқатар сараптама қорытындылары бойынша, бұл проблема жаһандастырудың теріс жақтарының бірі болып табылады. Ал, оның негізгі себептеріне әртүрлі елдердің экономикалық дамуының әркелкілігі, әлеуметтік жіктелудің өршуі, байлар мен кедейлердің арасындағы қарама-қайшылықтардың шиеленісуі, көп­теген дамушы елдерде жұмыс­сыздықтың көбеюі, заңсыз көші-қон, ұлтаралық қақтығыстардың кең етек алуы, халықтардың өмір сүру салт-дәстүрлеріне батыстың үлгісін енгізу әрекеті және басқа да факторлар жатқызылады. Сонымен қатар, дамыған елдер жасырын қару-жарақ сатумен айналысуда. Мәселен, соңғы он жылда бүкіл әлемде жеңіл атыс қаруын заңсыз сату үш есе өскендігі бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып, жазылуда. Бірсыпыра дамушы елдердегі жастар жұмыссыздықтың қасіретінен шығудың жолын іздеп, қолына қару алып, күреске шығу деген жаңсақ түсініктен арыла алмай жүр. Сөйтіп, олар лаңкестік ұйымдардың жетегінде кетуде.
Ең алдымен, діни сауаты жоқ жастардың бүгінде Құрандағы «жиһад» терминін саясиландырып отырғандығын атап айту қажет.
Жиһадшылыққа жаңадан елігіп жүргендердің теориясына сәйкес, бүкіл әлем «ислам аумағы» (дәр әл-ислам) және «соғыс аумағы» (дәр әл-харб) болып бөлінген.
Мұсылмандық діни әдебиеттерде «жиһад» ұғымы «дін үшін күрес» деген түсінікке ие.
Өкінішке қарай, терроршылар «жиһад» тұжырымдамасын өздерінің көзқарастарын қолдамайтын жандарды өлтіруін ақтау мақсатында пайдаланады. Қылмыскерлердің осы тобы жиһадты мұсылманның бір парызындай қабылдап, Алла Тағала белгілеп берген бес парызды алтауға шығарып жіберді. Басқаша айтқанда, бүгінгі таңда бұл жалған сенімді жасанды түрде енгізу радикалды ислам топтарында айқын көрініс беріп, мемлекет пен қоғамға қарсы қауіп-қатерлермен байланысты болып отыр.
Исламдық радикализмді ұстану­шы­лардың мұндай әдістері мен стратегиялары заманауи әлемде діни экстремизм көріністерін туындатып, тіпті, дами келе, халықаралық терроризмге дейін ұласуда. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, дүниежүзінде жыл сайын 320-дан 660-қа дейін террорлық актілер жасалады, олардың төрттен үші ислам атын жамылған лаңкестерге тиесілі. Терроризмнің барлық түрлерінің ортақ тұсы – өз арамза мақсаттарына қол жеткізудің басты құралы ретінде өздерінің дүниетанымын, идеологиясын, мінез-құлқын, өмір сүру салтын күштеп таңу, бейбіт тұрғындарды қасақана өлтіру немесе өлтірумен қорқыту және зорлық-зомбылықтың басқа да түрлерін пайдалану. Дін атын жамылған экстремистік және террористік идеологиялардың таралу үрдісі соңғы кездері бүкіл әлемде кең көлемді сипат алуда, бұл адамзат қоғамының тұрақтылығына төнген айқын қауіп болып отыр. Міне, сондықтан да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты өзінің Қазақс­тан халқына Жолдауында радикализм, экстремизм және терроризмнің барлық түрлері мен көріністеріне қарсы күрес жүргізуді мемлекет пен оның институттарының маңызды қызмет бағыты ретінде белгіледі. Сондай-ақ, Елбасымыздың Жол­дауында қоғам ішінде, әсіресе, жастар арасында діни экстремизмнің алдын алуды күшейту қажеттілігіне, сонымен қатар, халқымыздың зайырлы мемлекет – Қазақстан Республикасының салт-дәстүрлері мен мәдени құндылықтарына сәйкес келетін діни санасын қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінді.
Қазіргі таңда Елбасымыздың тап­сырмасымен бес жылға жос­пар­ланған Қазақстан Республикасындағы Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жасалды. Бұл бағдарламаның мақсаты – діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қаупін болдырмау арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Қойшыбай МАХАШЕВ,
Қаратау қаласының әкімі.