"Таблиғи жамағат" ұйымының жастарды тартудағы деструктивті әдістері

http://turizm-hit.ru/

Қазақстан қоғамының дін саласында дәстүрлі ислам мен православиеден өзге дәстүрлі емес діни ағымдар мен «деструктивті», «псевдодіни», «радикалды» деген айқындамалар қосарлана айтылатын көптеген діни ағымдар да әрекет етеді.


Алайда, кейбір діни ағымдар мемлекеттің заңдарына мойынсұнбай, жасырын әрекет етуде. Солардың қатарына “Таблиғи жамағат” ұйымын қосуға болады.
“Таблиғи жамағат” ұйымы ХХ ғасырдың бірінші жартысында Үндістан жерінде Мұхаммед Ильяс Кандехвелидің жетекшілігімен пайда болды. Өздерінің басты мақсаттарын халыққа ислам ілімін тарату деп көрсетіп, саяси мәселелерге араласпау қағидатын ұстанғанымен, шын мәнінде, аталмыш ағым қызметінің зиянды тұстары анықталуда.
Сарапшылардың пікірлерін­ше, қазіргі кезде танымалдыққа ие болып отырған уахабилік ағымдардың бір тармағы болып табылатын «жихадшылардың» құрамына еніп, «қасиетті соғысқа» аттанған жастар ең алдымен, “Таблиғи жамағат” мүшелерінің дағуаттарынан (арабша «шақыру», «үгіт-насихат жүргізу») өткен.
Осы орайда, олардың өз қатарларына жастарды тартудағы әдістерін қарастыру орынды болмақ.
Ең алдымен, таблиғшылар­дың басты қызметі – дағуат айту – дінге шақыруға тоқтал­сақ, исламда дінді насихаттап, дағуат айту үшін арнайы техологиялық білімді игеру қажет. Кез-келген деструктивті діни ағым өз қатарларына адам тартуда белгілі бір психологиялық әдістерді қолданатындығы анық.
Ағым мүшелері, дағуат айтуда эмоционалдық тұрғыдан әсер ету әдісін қолданады. Аптасына бір күн, айына үш күн, жылына қырық күн ел аралап дағуат айту басты міндеттері болып табылатын жамағат мүшелері адам психологиясына әсер ету үшін Құран аяттарын, Пайғамбар өмірінен үзінділер айтқанда дауыс ырғағын төмендетіп немесе жоғарылатады, кейде жылап жібереді. Мұның бәрі діни сауаты мен өмірлік ұстанымы қалыптасып үлгермеген жастарға әсер етіп, аяныш немесе қызығушылық сезімдерін туындатады.
Таблиғшылардың жастарды тартуда қолданатын ұтымды әдісі бұл топтасу немесе топ құруға қызықтыру.
Бірнеше адамнан тұратын жамағат – топ құрып, халық арасында діни насихат жұмыс­тарын жүргізу, дінге енді бет бұрған жастарға сауапты іс болып көрінеді. Себебі, таблиғшылар өз істерін Құранның: «Адамдардың арасынан шыққан ең қайырлы үммет болдыңдар» («әл-Имран», 110-сүре) деген аятымен негіздейді.
Таблиғи жамағат мүшелері рационалды, сыни ойлардан бас тартқандар. Яғни, олар өз жиналыстары (шуралары) мен орталықтарынан алған ақпараттарын ресми деректермен салыстырмайды. Бұл жамағат ішінде ақпараттық бақылау әдісін қолдану арқылы іске асады. Мысалы, топ мүшелеріне газет, теледидар, радио ақпарат көздерін қолдануға тыйым салу немесе ресми ақпараттарға біржақты түсіндірмелер беру арқылы жалған мағлұматтар тарату. Жамағат мүшелері үшін өз ұстаздарынан алған ақпараттар ғана сенімді болып табылады.
Байқағанымыздай, “Таблиғи жамағат” ұйымы өз қатарларына жастарды тартуда психология саласында кеңінен танымал «санаға бақылау орнату» әдістерін қолданады. Аталмыш әдістердің деструктивтілігі (латын­шадан «бұзу», «қалып­ты күйді бұзу») сол, «сана бақылауына» ұшыраған тұлға­лардың, әсіресе жастардың психологиясын қалыпқа келтіру аса күрделі, ал кей жағдайларда тіпті мүмкін емес.
Сол себепті, жастарды мұндай радикалды топтың зиянды ықпалынан сақтау үшін олардың діни сауаттылығын көтеру жұмыстары аса өзекті болмақ.
Сонымен қатар, жастардың діни сауатын көтеру бағытындағы жұмыстардың бағдарламасына деструктивті діни ағымдардың зиянды психологиялық әдісте­рінің белгілерін анықтау әдіс­тері туралы ақпараттарды да қосу қажет. Бұл жастардың дін атын жамылған жат пиғылды ағымдарды бірден ажыратуына ықпалдасып, олар­дың шырмауынан сақтануға айтарлықтай үлес қосады.
www.horde.me