Діни ағым-сәләфизмнің қатері

http://turizm-hit.ru/

Діннің басты принциптері адамдарды жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын қасиетті құндылықтарға негізделген жүйе, тәртіп десек болады.

Адамзат баласы Жаратқан бір иенің құдретіне, пәктігіне сеніп, рухани құлазыған жандар рухани азық алу үшін дінге бет бұратыны шындық.
Себебі, дін адамдарды рухани кемелдендіріп, өмірдегі қиындықтар мен қайғы-қасіретке жұбаныш болу рөлін атқара алады. Сондықтан, діндердің бар­лығы игілік пен татулыққа, тыныштыққа негізделген.
Дегенмен, соңғы жыл­дары діннің атын жамылған саяси діни ағымдар, ел­дің тыныштығы мен татулығына сызат түсіру мақсатында жас-кәрі демей, адамдардың саналарын улап, қылмыстық әрекеттерге дейін итермелеуде. Әрине, әрбір діни ағымдардың артында геосаясат жатқаны баршамызға белгілі. Ал, сыртқы күштердің мақ­саты-діни сауаты төмен азаматтардың санасына бақылау жасап, еліміздің тыныштығы мен татулығын бұзу. Сондай діни ағымдардың бірі сәләфизмді (уаххабилік) айтсақ болады.
Сәләфилік ағымының тарихына қысқаша тоқталатын болсақ, негізін XIIІ ғасырда Ибн Таймия салған, XVIII ғасырда Мұхаммед ибн Абдулуаххаб (1704-1787) ілімін дамытқан. Мұхаммед ибн Абдулуаххаб өзінің еңбектерінде өздері сияқты сенбейтін адамдарды күпірлікке айыптап қарулы жиһадқа үндеген. Өздерін «сәләфпіз» деп санайтындар мұсылмандарды Алланың бірлігіне шақыру, ислам дінін хұрафат-бидағат (дінге енген жаңалық) амалдардан тазалау, дінімізді Пайғамбар заманындағыдай яғни орта ғасыр адамдары секілді өмір сүру, араб әлемін біріктіру сияқты діни фундаменталді идеяларды ұранға айналдырып, көп­теген адамдарды тура жол­дан тайдырған. Сәлә­филік ағымының шейхы Мұхаммед ибн Абдулуаххаб өз тәжірибесінде ханбали маз­һа­бын ұстанғанымен ақи­да (сенімде) ханбали мәзхабы бойынша дінді ұстанбайды. Мұхаммед ибн Абдулуаххаб ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарынан бастап араб елдерін біріктіру деген ұранмен Дария кентінің әміршісі Мұхаммед ибн Саудты (Суғуд) өз жолында күресуге шақырып, кейіннен династияның ресми идеологиясына айналдырып, қазіргі кезге дейін олар бар­лық жерде өкіметті қолға алу және сол арқылы өз мақсатына жету үшін тоқтаусыз күрес жүргізуде. Ал, негізінде, салафилік терминнің анық­та­масы «алдыңғы өткен­дер», «бұрынғылар» де­ген мағынаны береді. Кейбір ислам ғұламалары мұсылмандардың алдыңғы үш толқынын «сәләфилер» деп атады. Олар – сахабалар (пайғамбарды көргендер), тәбиғиндер (сахабаларды көргендер) және табаға-тәбиғиндер (табиғиндерді көргендер). Бұл дегеніміз «сәләф» ұрпағына VII, VIII, IX, ғасырларда өмір сүрген ізгі адамдар мен Имам Әбу Ханифа, Имам Тахауи, Имам Шафи, Имам Мәлики т.б. ғалымдарды жатқызса болады. Ал, X ғасырдан бастап біздің заманымызға дейін өмір сүрген ислам ғұламаларын «хәләф» - деп атаған. Оған Имам Матуруди, Имам Ашари, Қожа Ахмет Яссауи т.б. кіреді.
Бірақ қазіргі сәләфилерміз дегендердің діни танымы радикалды. Өткен ғасырдағы сахабалар мен табиғиндердің діни танымдарына мүлдем сай келмейді. Себебі, Мұхаммед ибн Абдулуаххаб «Китабт-таухид», (Сенім кітабы), «Кәшфуш-шубуһат», (Күмәнді нәрселерден арыл­ту), және «Китабул-усулис-сәләсә», (Үш негіз кітабы) еңбектерінде таухид (сенім), ширк, бидғат (дінге енген жаңалық) деп өзге ұлттардың сан ғасырдан бері ислам дінімен ұштасып келе жатқан салт-дәстүрін харамға, ші­рік­ке теңеп өз отанының дұшпаны қылуда. Ұлттық құндылықтарын білмеген, онымен мақтанбаған азаматтарда елге, жерге деген сүйіспеншілік сезімі жойылуда. Мәселен, Амери­кан­дық сарапшы Марк Сейджман­ның зерттеуі бойынша «Террористердің төрттен бірі ғана жағдайы төмен отбасынан шыққан. Террористердің басым көп­шілігі жоғары таптан шыққан, жартысы орта таптан шыққан, көбісі отбасылы, діни білім алғандары өте аз, заңгер, дәрігер, инженерлер. Олардың террорист болу себебі, дәстүрлі діни таным негізінен айырылып, не батыстық мәде­ниетті қабылдамады немесе өз мәдениетін білмегендіктен террорист болды» - деп тұжырым жасаған. Сол секілді қаншама қазақтың қара көз қыздары мен ұлдары тарихын, ата-бабалары ұстанған дәс­түрлі діни танымын білме­гендіктен, жалған діни ағымдардың жетегіне кетіп, бірі Сирия мен Иракқа кетіп жатса, енді бірі туған елінде лаңкестік әркет жасауда. Лаңкестердің негізгі мақсаты: дін үшін күрес емес, керсінше билік пен байлыққа жету.
Сол себепті, сәләфилер (уаххабилер) адамдарды өз­дері­нің отандарынан жат қылу үшін неше түрлі құйтырқы айлаға барады. Солардың бірі – туған-туыстарынан, ұлттық бірегейлігінен, соңында өзі тұрып жатқан мемлекетін жат қылып, өз еліне қарсы соғысуға үгіттейді. Қарулы жиһадқа шақырмас бұрын беташар, сәләм салу, ас беру, Құран бағыштау, деген секілді дәстүрлерді ширк, харамға теңеп әбден саналарын улап қоғамнан оқшаулайды.
Бірақ соған қарамастан сәләфилер (уаххабилік) өзара саяси мәселеде бірнеше топтарға бөлінуде. Бұлай бөлінуі барлық ағымға тән құбылыс. Пайда болған кез-келген ағым уақыт өте келе өзара келісе алмай, тармақтарға бөлінетіні ақи­қат. Олардың бұлай бөлінуіне бірнеше себептер түрткі бол­ған. Мәселен, амал етпеген жан «кәпір ме, әлде мұсылман ба?», «кәпірлермен одақтасуға бола ма, болмай ма?» «басшыға бағыну», «патшаның саясатын қолдау немесе қолдамау» секілді әрі ақидаға (сенім), әрі саясатқа қатысты мәселелер төңірегінде келісе алмай «мадхалиттер», «сурурилер», «такфирлер» болып бөлініп кеткен. Аталмыш ағым өкілдерінің ұстаздары мен негізге алатын әдебиеттері бір бола тұра бір-бірлерін адасушылықпен, күпірлікпен айыптап, тек өздерін ғана тура жолда жүрген мұсылман ретінде санауы, шын ислам дініне жат нәрсе. Ал бұндай түсінікті батыстық ғалым Э.Трельч айтпақшы «Діни ағымдарға тән қасиет, тек өздерінің сенімін ғана дұрыс санайды және қоғамнан оқушауланып жүреді», - деген. Қоғамнан оқшауланып, заманға сай өмір сүрудің орнына орта ғасырдағы адамдар секілді өмір сүруді аңсайтын сәлә­фи­лердің сыңаржақ діни ағымда екенін аңғаруға болады. Еліміз дамушы мемлекет болғандықтан діни фундаменталдық идеялар елімізді прогресске емес, регресске апаратыны айтпаса да белгілі.
Сондықтан Пайғам­бар­мыз «Мұсыл­манды балағаттау – пасықтық, қанын төгу - күпірлік» - деп айтқандай, қазіргі кезде бидғатпен, күпірлікпен айыптап жүрген­дердің діни танымы адасқан екенін халыққа жеткізу керек.
Е.Жақыпов,
облыс әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығы» КММ-нің жоспарлау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы.