Адасудың алды жар, арты соқпақ

http://turizm-hit.ru/

Мадина Жарас, «Талас тынысы».
Салафизм. Бұл бүгінде еліміздегі діни ахуалды ушықтырып отырған аса қауіпті ағым. Дәстүрлі дінімізді теріс бағытта насихаттап жастарымыздың санасын улап жүрген бұл ағым өкінішке орай, бүгінгі таңда қоғамның барлық сатыларына еніп үлгерді.


Салафизм- бұл саяси, анти жүйелік маргиналды ағым. Тарқатып айтар болсақ, аталмыш ағым қоғамда қалыптасқан саяси жүйеге қарсы әрекет етіп, халқымыздың ғасырлар бойы сақталған әдет-ғұрпын, дәстүрін, мәдениетін жоққа шығарады. Неге анти жүйелік? Себебі, бұл ағым арам пиғыл, жымысқы әрекетімен қоғамдағы саяси жүйені ыдыратып, өз идеологиясын сіңдіруге бағытталған.
Осы жылдың ішінде, еліміздің бірқатар аймақтарында орын алған лаңкестік әрекеттер діни экстремизмнің бір ғана мысалы. Әлемді шарлап кеткен салафизм ағымы бүгінде біздің елге де қауіп төндіріп, қоғамда үрей туғызып отырғандығы жасырын емес. Елдегі ең ірі діни құрылым саналатын Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының тарапынан қазіргі таңда іске асып жатқан үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарының барлығы да осы теріс бағыттағы ағымдармен күресу, дінаралық тұрақтылықты сақтау негізінде жүргізілуде. Өткен аптада аталған басқарманың бастамасымен дін саласы бойынша құрылған республикалық ақпараттық - насихат­тық топ мүшесі, Оңтүстік Қазақстан облысының найб имамы Еркебұлан Қарағұлов ауданымызға келіп, бірнеше кездесулер өткізді.
«Жамбыл облысы Жастар мәслихаты» жастар қоғамдық бір­лес­тігінің ұйымдастыруымен Балалар өнер мектебінде «Діни экстремизмнің алдын алу» тақырыбында өткен жиында Еркебұлан Қарағұлов еліміздегі қазіргі діни ахуал жайлы айтып, діни экстремизмнің алдын-алу, жат ағымдардың арбауына қарсы әрекет етудің жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар, ол өз сөзінде салафизм бағытын ұстанушылардың арбауына оң-солын танып үлгермеген жастардың көптеп түсетіндігін, бұл тұрғыдан алғанда ғаламтор­дағы уағыздардың «үлесі» қомақты екенін, діни әдебиеттердің кез-келгенін емес, тек Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының сараптау комиссиясы мақұлдаған діни әдебиеттерді ғана оқу керектігін жеткізді.
Жиын барысында сондай-ақ, дін саласы бойынша өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, ой-пікірлер ортаға салынды.
Дәл осы тақырыптағы кездесулер сол күні М.Х.Дулати атында­ғы ТарМУ-де, аудандық ішкі істер бөлімінде және аудандық орталық мешітте мешіт жамағатының қатысуымен өтті.