Сайлауалды штабтардың жұмысы

Электоральді үдеріс көрсеткендей, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу барысында әрбір үміткердің нақты бағдарламасы мен жоспары бар. 26 наурызда сайлау компанияларының ең қызықты кезеңі – сайлауалды үгіт-насихат жұмысы басталды.


Толығырақ...
1

Қазақ журналистерінің мақтанышы

«Қожакеевтен дәріс алдық...», «КазГУ журфагының дүрілдеп тұрған кезі Қожакеев басқарған жылдар еді», «Сонда Қожакеев айтқан екен...», «Темкең айтпақшы, журналист деген былай болу керек», «Қожакеевтің шарапаты сонда бір тиіп еді»...

Аға буын журналистердің қай-қайсысы да журналистика немесе студенттік өмір туралы әңгіменің әлқиссасын осылай бастайды. Жасыратын несі бар, алғашында қазақ журналистика­сы туралы қайдан ізденсем де, Қожа­кеев есімінің қатар шыға бергеніне таңырқап жүрдім. Кейіннен оны «тани» бастадым. Ал, бүгінде біреу Қожакеевті аузына алса, өкінетін болыппын...
«Қазақ университетінің фило­логия, журналистика факультетінде қырқыншы, елуінші жылдары оқыған адамдар эстетикалық ілім жағынан өз қатарларынан оқ бойы озық тұратын мамандар... Неге десеңіз, олар әдеби білім жағынан Әуезов мектебінен шыққан адамдар. Дәл осы ұлы мектепте пісіп жетілген менің талантты достарымның бірі-Темірбек Қожакеев!», – депті қазақтың марғас­қа азаматтарының бірі-Зейнолла Қабдолов. Жалпы, қай салада бол­масын Әуезовтай мықтылар ғана өзінің «мектебін» қалыптастыра алса, сондай өз саласының озық мектебінен өткен мамандар ең жолы болған, бағы жанған жандар дер едім. Ал, бұл «жолы болған» жандардың ішінен алға суырылып шығып, сондай ұлы мектепті жалғастыру, өзінен кейінгі бүтін бір ұрпаққа жол салып беру, артында бүкіл журналистер қауымы аңыз ғып айта жүрер үлкен із қалды­ру- тек Темірбек Қожакеев (суретте) тәрізді даралардың ғана қолынан келсе керек.
Темірбек Қожакеевтің қазақ жур­на­листикасына сіңірген еңбегі зор, оның есімі мен журналистика ұғымы егіз. Міне, сондай тау тұлғадан дәріс алу, оның өнегесін көру, кейіннен оны мақтанышпен айта жүру – біздің аға буын журналистерімізге бұйырған бақ екен. Қожакеев мектебі – сол кездегі әрбір жас журналистің болашақ өміріне азық боларлық тәлім-тәрбие берген. 1970 жылдардан бастап, со­дан кейінгі жылдарда ҚазМУ-дың журфагынан түлеп ұшқан, күні бүгін­ге дейін аттары әйгілі болған мың­нан астам журналистердің шыққан биігі мен алған асуында Темірбек Қожакеевтің орасан зор еңбегі бар. Мұны бізге өзге емес, олардың өздері айтады. Өзіміз үлгі тұтып жүрген көп журналистердің естеліктерінен, мақалаларынан осыны ойға түйеміз.
Менің «Қожакеев!» десе өкіне­тінімнің сыры осында. Ғалым аға туралы тағылымды деректерді оқып, оны тани түскен сайын сананың бір түпкірінде өкініш қылаң беріп, көңілде қыжыл пайда болады. Өйткені, біз Қожакеевті көрген жоқпыз, оның мектебінен өткен жоқпыз. «Біз» деп отырғаным – біздің буын, біздің замандастар, бүгінгі жастар. Қазақ журналистикасының алтын бесігі болған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің ең самғау биікке шыққан кезі – Темірбек аға басқарған жылдар екенін ешкім жоққа шығармайды. Бұл шындықты біреудің солай жаза салған мақаласына қарап емес, баспасөздің біз тамсанып жүрген белді өкілдерінің қайсысын қарасаңыз да «Қожакеев мектебін көрген» болып шығатынына қарап мойындаймыз.
Темірбек Қожакеев, міне, осындай тұлға. Ол – қазақ журналистерінің мақтанышы, үлгі тұтары, журналистік жолындағы шамшырағы. Темкең қазақ баспасөзі мен сатирасының тарихын, теориясын зерттеп, бір жүйеге түсірген, сатираның дамуына тың жол ашқан ғалым. «Қазақ сатирасы», «Абай-сати­рик», «Қазақ совет сатириктері», «Сатира және дәуір», «Бүгінгі қазақ сатирасының проблемалары», «Адам. Қоғам. Сатира», «Сатиралық жанрлар», «Сатира – күштілер қаруы», «Сатира негіздері» сияқты еңбектері, оның қазақ сатирасына қосқан зор үлесінің бір парасы ғана. Оның еңбегі жазған туындыларымен ғана емес, тәрбиелеген шәкірттерімен, сол шәкірттердің қазақ сатирасына, баспасөзіне қосқан үлесі­мен де өлшенеді.
Темірбек Қожакеев 1953 жылы ҚазМУ-ді бітіріп, сонда мұғалімдік қызметке қалдырылғаннан бастап, саналы ғұмырын сол білім ордасына арнады. 1970-1986 жылдар аралығын­да журналистика факультетінде декан болды. Темкең туралы небір аңызға бергісіз қызықты әңгімелер де осы тұс­тарда өрбіді. Көз көргендер оның, алдымен, өте қатал басшы болғанын, факультетте темірдей тәртіп орнатқа­­нын айтады. Әсіресе, Темірбек Қожакеев­тің әділдігі мен әрбір студентінің аты-жө­нін, отбасылық жағдайын, қиын­дықтарын, мінез-құлқын, бәрін біліп жүретін адамгершілігін ерекше тебіреніспен әңгімелейді. «Кезіндегі журфакта мек­теп бітіріп, студент атанғандарға бірер курс бойы «Қазіргі қазақ тілі» деген пән жүретін. Талғат Сайрамбаев сынды керемет ғалымдар оқытатын. Бір үтір қоймай кетсеңіз – «екі», бір сөйлемді синтаксистен дұрыс құрмасаңыз – «екі». Міне, бізді сауатты журналист еткен сол кездегі деканымыз Темірбек Қожакеев жарықтық еді», – деп жазады елімізге танымал, қаламы қарымды журналист Қайнар Олжай.
Иә, Темірбек Қожакеев туралы естеліктер легі бүгінде толассыз. Жур­налистер қауымының оған деген құр­меті ерекше. Өзі жарты ғасырға жуық еңбек еткен әл-Фараби атындағы Қа­зақ Ұлттық университетінде Темірбек Қожакеев атындағы аудитория ашыл­ған. Екі жылдан бері Темірбек Қожакеев оқулары аясында «Жас тілшілер» атты ғылыми форум өтеді. Жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми ізденісін арттыруға, шығармашылық ойларын жүзеге асыруға, ғылыми-инновациялық жаңалықтарға бағыттауға ықпал ету, ғалым-профессордың өмірін, ғылыми қызметін, қайраткерлігін, ұстаздық тұлғасын академиялық ортада және көпшілік қауымға кеңінен насихаттау мақсатында өтетін форумда жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жоба­ларына, үздік студенттік ғылыми жұмысқа, публицистік шығармаларға, ең үздік сатиралық туындыларға бай­қау жарияланған. Жеңімпаздарға қазақ баспасөзінің тарихы мен теориясын зерттеуші, әдебиетші әрі сыншы, қазақ сатирасы мен юморының тарихын ал­ғаш зерттеген, негізін қалаған көрнек­ті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожа­кеев атындағы арнайы стипендиялар тағайындалады. Бұл жұмыстардың бә­ріне ұйытқы болып жүрген – оның ұлы, қазақтың абзал азаматтарының бірі-Мадет Қожакеев. Иә, ел құрметтеген ғажайып ғалым ғана емес, өз отбасын­да өнегелі әке болып, өзінің жолын жалғар салиқалы ұрпақ өсірген Темір­бек ағаның өмірі қай жағынан алсаңыз да тағылымға толы. Ол – «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қағиданы берік ұстанып, талантты жастарға әрдайым қолдау, қамқорлық көрсетіп, қазақтың баспасөз майданына кіл мықтыларды жинаған білікті басшы, ұлағатты ұстаз.
Темірбек Қожакеев Меркіде туған. Дәлірек айтсақ, Меркі ауданы, Ойтал ауылында. Оның өзіне қанша таңда­нып, дарынына, адамдық келбетіне тәнті болғанымызбен, туған жері туралы сөз болғанда ешкім де та­ңырқамайды. Өйткені, талай алып­тарды өсірген қасиетті топырақта мұндай тау тұлғаның да тууы-заңдылық еді.
Жақында ауданымыздағы №39 орта мектеп-гимназиясына Темірбек Қожакеевтің есімі берілді. Ауыл ақсақалдарының ұсынысымен биыл­ғы жылы 29 мамырда аудан әкімі­нің №39 орта мектеп-гимназиясына Темірбек Қожакеевтің есімін беру туралы қаулысы қабылданып, содан соң мектеп Темірбек Қожакеев атындағы орта мектеп-гимназиясы болып әділет басқармасында қайта тіркелді. Мектептің үшінші қабатынан Темірбек ағаның мұражайын ашу үшін арнайы бөлме берілді. Қазіргі таңда Мадет Темірбекұлы мұражай ішін жабдықтауда. Кітаптары, ғы­лы­ми еңбектері, суреттері, тұлғаның өмірі мен еңбегіне қатысты өз­ге де жәдігерлер мұражайға қойы­луда. Мадет Темірбекұлының демеу­ші­лігімен тау тұлғаның бюсті жасалып, Алматы қаласынан келген суретші, дизайнерлер мұражайды жасақтауда барынша эстетикалық талғам мен талаптардың үдесінен шығуға ты­рысуда. Бұл Темкеңнің алдағы жылы болатын 90 жылдық мерейтойына алдын-ала дайындық іспетті.
Иә, сөз өнерін өміріне серік еткен әрбір жас бір күні, әлбетте, Темірбек Қожакеевпен танысады. Танысқанда, оны бұрынғыдай біліп қана, аты берілген көшедегі жазуға мағынасыз бір қарап қана қоймайды. Оны түсіне­ді, оның өмірлік ұстанымын, жан ая­май еңбектеніп, шәкірттерінен де соны талап еткендегі мақсатын ұғынады.
«...Әркім-ақ өзіне ие болуға, жалтақтық, жағымпаздық жасамай, өз ары, өз намысы алдындағы жауапкершілікті сезінуі тиіс. Өз қадір-қасиетін, өз құнын, басқаның да ар-ожданын қастерлеуі қажет. Өмірден адам боп, азамат боп өту – парыз еке­нін еш уақытта ұмытпаған абзал», – депті бір сөзінде асыл ағамыз Темірбек. Өмірден әрдайым азамат атын сақтай, адамдық келбетіне нұқсан келтірмей өткен жанның бүкіл ғұмырының мәні осы бір ауыз сөзінен-ақ көрініс тапқандай...
Ендігі уақытта Меркінің кие­лі топырағынан түлеген жас жур­налистерде «Мен Қожакеевті кеш білдім» деген өкініш болмаса керек. Өйткені, бұл мектепте бүгін жасалып жатқан шаралар тұлғаны кейінгі ұрпаққа ерте жастан танытатын дүниелер.
Қожакеевті танып, одан тағылым алған жастар сол Темірбек атасындай тау тұлға болып өссін деп тілейік. Өйткені, ондай тұлғалар бүгінгі біз­дің қоғамға аса қажет-ақ...
Нұрбану КАМАЛ,
Меркі ауданы.

Талас тынысы

  • Astana
FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер