Ардагерлер ауқымды істерден тыс қалмайды
- Толығырақ
- Жарияланды 23.11.2015 05:48
- Автор: Super User
- Категория: Санаты жоқ
- Қаралды: 14987
Қамысбай САУҚЫМОВ, "Талас тынысы"
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімінің басшысы Нарием Сейдуалиев, аудан әкімі Болат Қанатбайұлы Рысмендиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жапар Шәріпов, ауылдық округтер бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағалары мен мүшелері, ауылдық округ әкімдері және бөлімдер сондай-ақ, мекеме басшыларының қатысуымен аудандық ардагерлер кеңесінің ІV шақырылған есеп беру және сайлау конференциясы болып өтті.
Конференцияны Ж.Шәріпов ашып, жүргізіп отырды.
Жиында алғашқы сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Тынысбек Сейдуанов баяндама жасап, есепті мерзімде кеңес тарапынан атқарылған істерге жан-жақты тоқталды.
-Талас аудандық ардагерлер ұйымында 5399 зейнеткер тіркеліп, олар 113 бастауыш ұйымға біріккен. Мұның сыртында 2235 басқа да әлеуметтік қорғауға жататын азаматтар да ұйым жұмысына қатысуда,-деп өз сөзін бастаған Т.Сейдуанов Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатына үн қоса отырып, тарихи маңызы бар мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуына талай белестерден өткен аудан ардагерлері де ақыл-кеңестерімен, іс-тәжірибелерімен үлес қосуда екенін баяндап, атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
- Аудандық ардагерлер кеңесі мен бастауыш кеңестерде әлеуметтік, жастармен жұмыс, зейнеткерлермен жұмыс және денсаулық сақтау комиссиялары жұмыс істеп отыр. Биылғы жылдың өзінде 1-ші топтағы 13 ардагер мүгедекке 13 жеке көмекші белгіленді. Жалғызілікті қарттарға, бөгде адамның жәрдеміне мұқтаж мүгедектер мен мүгедек балаларға, басқа да қызмет көрсетуге жататын 37 адамға қызмет көрсетіледі, -деген Т.Сейдуанов көмек сұраған көптеген өтініштер түсіп, бәрі де қанағаттандырылғанын айтып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай да біршама игілікті шаралар атқарылғанын, мектептер мен колледждерде жастар тәрбиесіне орай жоспарға сәйкес кездесулер, дөңгелек үстелдер өткенін жеткізіп, қандай да бір игілікті істерден ардагерлердің тыс қылмайтынын да айтып өтті.
Жарыссөзге шыққан Ақкөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрғанбай Тәжібеков, Қаратау ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Түзелбек Рахышев өз округтеріндегі ардагерлер жұмысымен таныстырса, қала әкімі Қойшыбай Махашев қаланың тыныс-тіршілігінен, қала ардагерлеріне жасалып жатқан қамқорлықтар жөнінде мағлұмат берді. Ал, білім бөлімі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрал Нүрпейісов те ұстаз-ардагерлер жұмысын атап өтті. Ардагер Н.Сычева «Флора» саяжайындағы ахуалды алға тартса, «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Бағлан Сұлтанбеков жастар ісі жөнінде баяндап, ардагерлер қашан да жас ұрпаққа үлгі болып қалатынын жеткізді.
Конференцияға қатысушылар аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға беріп, күн тәртібіндегі есеп беру мәселесі бойынша қаулы қабылдады.
Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің пленумы өтіп, онда президиум мүшелері сайланды. Ал, сайланған президиум мүшелері облыстық ардагерлер кеңесі мен аудан әкімінің келісімі бойынша бұған дейін төраға орынбасары болып келген Тынысбек Сейдуанов төрағалыққа бірауыздан сайланды. Аудан әкімі Б.Рысмендиев осы кезеңге дейін аудандық ардагерлер кеңесін басқарып келген Жапар Шәріповтың иығына шапан жауып, ат мінгізіп, тынымсыз атқарған еңбегіне жұртшылық атынан ризашылығын білдірді.
Газет pdf нұсқасы