Балабақша - тәрбие бұлағы
- Толығырақ
- Жарияланды 08.04.2016 08:57
- Автор: Super User
- Категория: Алғыс арқалаған хат
- Қаралды: 1962
Дүниедегі барлық жақсылық-күннің нұры және ананың ақ сүтінен жаралған. Осы бір «Ана» деген үш әріптің аясында адамзат баласына қуаныш сыйлар қаншалықты қасиет бар десеңізші. Сәбиіне бар жүрек жылуы мен мейірім шуағын арнайтын ананың орны қашанда бөлек.
Ал, осы ата-аналардың отбасында берген тәрбиесін одан әрі дамытып, баланың өсіп, жетілуіне айтарлықтай үлесін қосатын балабақша тәрбиешілерінің еңбегі де ұшан-теңіз десек, артық айтқандық емес. Бүлдіршіннің ой-өрісін дамытып, жетілдіру, олардың ойлау қабілетін арттыру, зейінін зерделейтін түрлі танымдық тақырыптарға құрылған ойындар ойлап табуда тәрбиешілердің ізденісін ерекше атап өтуіміз керек. Тәрбиелік мәні зор ертегілер де әр жыл мезгіліне, әрбір мерекеге арнап ұйымдастырып, сол шараларға балалардың түгелдей атсалысуына үлкен мән беріп, жоғары дайындықпен өткізіп жүргендеріне өзіміз куәміз. Бүгінде балабақша тәрбиешілері баламен қатар, ата-аналармен де жұмыс жүргізуге ден қойған. Бұлай дейтініміз, балабақшада өтіп жатқан түрлі шараларға ата-аналардың да атсалысып, ертеңгіліктерге қатысуын жүйелі түрде жолға қойған да тәрбиешілер. Қаламыздағы «Бәйтерек» балабақшасы «Айгөлек» тобының тәрбиешілері Айжан Айтбаева мен Дамеш Кубдешова осындай жаңашыл жандар. Жақында, осы «Айгөлек» тобында тәрбиеші Айжан Өмірзаққызының ұйымдастыруымен «Ана-аса қымбат жан» тақырыбында ертеңгілік өтті. Аталмыш шараның ерекшелігі сол, мұнда бүлдіршіндер мен ата-аналар да ертеңгілікке үлкен дайындықпен келіп, қатысты. «Айгөлек» тобының кішкентай бүлдіршіндері аналарына арнап ән салды, жырдан шашу шашты. Аналарымен бірігіп би биледі.
Күн санап көз алдымызда қыр гүліндей құлпырып өсіп келе жатқан балапандарымыздың үлкен азамат болып өсуіне зор үлесін қосып, еңбегін арнап жүрген «Айгөлек» тобының тәрбиешілеріне аналық жүрекпен алғысымызды айтамыз. Тәрбие тал бесіктен десек, сол тәрбиенің бастау бұлағы іспетті балабақша тәрбиешілерінің еңбегі жана берсін.
Мереке Абдибекова,
ата-аналар комитетінің төрайымы.
Газет pdf нұсқасы