Өз ісінің майталмандары
- Толығырақ
- Жарияланды 19.07.2016 04:42
- Автор: Super User
- Категория: Алғыс арқалаған хат
- Қаралды: 1617
Менің аяқ астынан қызуым көтеріліп, облыстық диагностикалық орталыққа қаралуыма тура келді. Мұндағы дәрігерлердің тексеруінен өткенімде олар менің буруцеллез (сарып) ауруына шалдыққанымды анықтап берді.
Дәрігерлердің қолыма ұстатқан тиісті құжаттарын алысымен тез арада аудандық арухананың жұқпалы аурулар бөліміне жеттім. Қабылдау бөлімінің медбикесі Париза Тойшыбекова қолымдағы құжаттармен таныса келіп, орталық емханаға телефон соқты. Тиісті құжатты алып келуімді өтініп, ақыл- кеңесін берді. Сол бойынша ілезде бөлімге орналастым.
Алғашқы күннен-ақ дәрігерлердің емделушіні диагнозы бойынша емдеуді бастап, оның тез, толық сауығып кетуін қатты назарда ұстайтындығын байқадым. Әр науқас дәрігер берген нұсқауларды басшылыққа ала отырып, оның ішкі тәртібіне бағынады. Себебі, бұл жұқпалы дерттің таралып кетуіне жол бермеудің бірден-бір жолы.
Жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі, өз ісінің майталманы, білікті дәрігер Сыдықова Гульзариямның басшылығымен бөлімнің ішкі тәртібі қатаң сақталған. Мұндағы қарбалас таңғы сағат алты жарымнан басталады. Қызу жұмыс науқастарға дәрі-дәрмек егуден басталып, олардың ұйқыға бас қоюына дейін жалғасумен шектеліп қана қалмайды екен. Түн демей бөлімге түсіп жатқан сырқат жандарды қабылдау, оларды палатаға орналастырумен қатар, алғашқы ем-домның көмегін де жасап жатқаны.
Аталмыш бөлімде жиырмаға тарта қызметкер еңбек етеді. Осында жиырма бес күн жатқанымда ақ халаттылардың мамандығына деген жауапкершіліктері зор, адам тағдырына бей-жай қарамайтындығына көзім анық жетті. Осында отыз бес жыл медбике болып еңбек етіп келе жатқан бөлімнің ардагері Бағила Бегімбаеваны науқастар өте жақсы көреді. Ол әр науқасқа көңіл бөліп, қолданылған емнің нәтижесін сұрастырып отырады. Бұл науқастың көңіл-күйін көтере түсетіндігін байқадық. Сондықтан да болар емдеушілер Бағила апайын асыға күтетіні.
Жұқпалы аурулар бөлімінде аусыммен жұмыс істейтін медбикелер бар. Осындағы Райхан Таджибаева, Ғалия Бекмұрзаева, Набира Жұманова, Гүлмира Каденова, Салтанат Болатқызының қажырлы еңбектерін бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Араларында жас та болса өзгелерге бас болған медбике Салтанат Болатқызының шипалы қолын емделушілер асыға күтеді әрі оның еңбегін мақтанышпен өзгелерге айтып отырғаны. Әсіресе, бөлімге кішкентай сәбилерімен түсіп жатқан аналар тіптен көп. Бірі емделіп бөлімнен шығып жатса, бірі сәбиін бауырына басып емдетуге әкеліп тұрғаны. Дәрігер мен медбикелер бүлдіршіндердің тез сауығып кетуіне қолдан келген көмектерін аямай, күндіз-түні бір тыным таппай қарбаласта жүрген еңбектерін науқастар жоғары бағалауға тиістіміз.
Бөлімге түсіп жатқан науқастар қатарында аса қауіпті дерттің бірі-кене шағумен түскен жандар да мұнда кездеседі. Жалпы, бөлімде тазалық мәселесі бірінші орынға қойылған десе де болғандай. Тазалықтың жаршылары Гүлбаршын Сарсенова, Кенже Қынатова, Жанат Шахманова, Үміт Болатқызы, Рәзия Тоқсанбаева сынды санитаркалардың өз жұмысына деген жауапкершіліктері адалдықтың арқасы.
Гульзариям Сыдықова басқарып отырған бөлімнің барша қызметкерлеріне алғысымызды білдіре отырып, еңбектеріне табыс, отбастарына бірлік-береке тілейміз. Баршаларыңызға Алланың нұры жаусын дегіміз келеді.
Сәбен ҚОЙШЫБАЙ, Әділет ӨМІР.
Қаратау қаласы.
Газет pdf нұсқасы