Алғыс арқалаған азамат
- Толығырақ
- Жарияланды 06.01.2017 08:49
- Автор: Super User
- Категория: Алғыс арқалаған хат
- Қаралды: 1545
Данышпан Төле би бабамыз сол замандардың өзінде елдің қамын ойлайтын ұрпақтар жайлы термелеп те, тебірентіп те көп айтқан. Мұндай нақыл сөздер дәл қазіргі заманда жүзеге асып келеді. Олай дейтініміз, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында анық байқалып отыр. Бұл күнде Отанымыздың ауыл - аймақтары танымастай жақсару үстінде.
Осындай елді мекендердің бірі – Үшарал ауылы күн санап соны жаңалықтармен жаңа істер қарқынды жүргізіліп отыр. Оған елім деп ет жүрегі елжіреген азаматтар аянбай қол ұшын беруде. Айталық өзі Қаратау қаласының тұрғыны бола тұра, ауыл азаматтарына бүйрегі бұрып, қолынан келер қайырымын санаспай, жұмыстың көп-азына қарамай, игілікті істерді тыңғылықты атқарып беріп жүрген – Худиярбек Омаровтың еңбегі өлшеусіз.
Үшарал елді мекені ауданымыздағы ауқымы кең, атқарылатын игі жұмыстары көп аймақ. Соған Омаров Худиярбек бір жылдың ішінде он миллионға жуық теңгенің жұмыстарын істеді. Бұған бірнеше ондаған ауыр техникалар, құралдар жұмсады. Ертеректе құм басып, тозығы жеткен арықтар, жолдар, көпірлер бұл күндері қалпына келтіріліп, халықтың игілігіне жұмсалып отыр. Айталық, ауылымыздан шет саналатын Арал елді мекені биылғы тасқын судың табанында қалатын қауіптен осы Худиярбектің арқасында аман қалды деп ауыл адамдары алғыстарын жаудыруда. Ол ұзындығы үш шақырымнан асатын жерге құны екі миллион теңге тұратын тоған салды.
Ағын су жолдарын бөгейтін тоған, жаяу жүретін жолдарды тегістеп салу сияқты ауыл ішіндегі істерді жүргізу көпшіліктің көкейінде мәселесі шешілмей жүрген ойлардың бірі еді. Осыларды Худиярбек бауырымыз көп айтқызбай көпшіліктің көңілінен шықты. Ол Қайыр елді мекенінде де бір шақырымдық, құны миллионға жуық теңге тұратын тоған салды. Сол сияқты Әбілдә би елді мекеніне су астында қалу қауіпі туғанда, ұзындығы екі шақырым болатын жерге тоған тұрғызды.
Тағы бір айтар жәйт, көпшіліктің алғысына бөленетін игілікті істердің бастысы Үшарал ауылының орталығындағы Құмөзектің бірнеше жыл бойы құм басып қалған арнасы болатын. Оның ұзындығы үш шақырымнан асады. Сол жерге бірнеше ауыр «Камаз» автомашиналарын әкеліп, арнайы эксковатормен көмілген құмды ашып, сыртқа шығарып, арнаның жырылған жерлерін көтеріп, үлкен жұмыстар атқарды.
Көпшіліктің сұранысы бойынша елге жаны ашитын елгезек азамат ауыл ішіндегі су ағатын өзектердің үстінен ары-бері қатынайтын бірнеше жаяу көпірлер салды. Қазір осы жұмыстардың игілігін ауыл адамдары, мектепте оқитын балалар көріп, шексіз алғыстарын білдіруде.
Омаров Худиярбектің тағы бір қырынан көрінетін қасиеттерінің бірі, оның адам сүйсінетін адамгершілігі. Осындай қыруар жұмыстарды атқару кезінде өз қарамағындағыларды орнымен жұмсап, тіл табыса алды.
-Тағы бір ерекше айтылатын әңгіме, біздің Үшарал ауылынан шыққан Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақтың теңдесі жоқ ақын қызы Күләш Ахметованың туған ауылында тұрған үйін көпшіліктің сұранысы бойынша қазіргі заманның талабына сай жөндеп, бөлмесіне бөлме қосып, ішіне таза, тұщы су кіргізіп үлкен рахметке ие болды. Бұған 7-8 жұмысшыларын сонау Қаратау қаласынан әкеліп, бөлме қосу үшін 13 000 дана әрқайсысы 27 теңгеден 351 000 теңгеге күйген кірпішпен, басқа да құрылыс материалдарымен шатырын металл шифермен, қабырғасын заманауи үлгіде әрлеп, ішіне жылу жүйелерін және евро жөндеу жұмыстары істелді. Бұған риза болып рахмет айтпаған бірде-бір жан болған жоқ.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!»-деген қазақтың дана сөзі бар. Қазіргі кезде дүние таппайтын азамат жоқ. Бірақ, соны елге көрсетіп орнымен жұмсайтын, елдің игілігіне жұмсай білетін іскер азаматтар кемде-кем. Біз сөз етіп отырған Худиярбек Омаров ауылға деген мұндай көзқараспен қай аудан болмасын, ауыл болмасын қажетті атқарылатын жұмысқа қол ұшын беруге даяр тұратынын көріп те, естіп те жүрміз. Осындай азаматтарға әрқашан республиканың, ауылдың, ауданның қандай марапаттау, мадақтауға ұсынса да лайықты екенін айтпақпыз. Көп жерлерде оқыстан болған қайғылы, қауіпті жағдайлардан адамдарды, балаларды аман алып қалып жүрген жандар бар. Ал, Худиярбек болса, ауылымызға төніп тұрған тасқын су қауіптерінің алдын алып, қыруар ақшасын жұмсап, қаншама үйлерді, малдарды аман алып қалды. Мұны біз ешқашан ұмытпаймыз.
Қазақ «Батыр болсаң, жауыңа найза тисін, Ер болсаң, еліңе пайдаң тисін» деген дана сөзін осындай азаматтарға айтса керек.
Сәти Сайлыбаев,
еңбек ардагері. Үшарал ауылы.
Газет pdf нұсқасы