Музей-тарих, музей –тағылым

«Егемен  еліміздің  мәдени  өмірінде  музейдің  орны айрықша. Тарихымызды  терең  зерттеп, оның тәжірибесінен тағылым алу - Қазақстанда патриотизмді қалыптастыруда.

Отанның лайықты азаматын тәрбиелеудің  басты  шарттарының  бірі» деп атап көрсеткен ел Президенті Н. Ә.Назарбаев. 

  Осы орайда, ұрпақтың  мәдени  және рухани  дүниесін  байытуға үлес қосу –кім - кімнің де парызы  болуға тиіс.  Ұлттық мінезбен болмысымызды қалыптастыру  үшін түп тамырымыздан ажырамауымыз қажет. Халқымыздың тарихи мұраларын жаңғырта отырып,  өлкетану тұрғысындағы  маңызды  шараларға  баса  көңіл  аударсақ, үлкен – кішімізге берер тағылымымыз мол болмақ. Музей  шежіреші абыз секілді. Бізге күмбір – күмбір  күмбездер үнін, ғасырлар  тағылымын - Мәңгілік сарынын жеткізіп тұрғандай   көрінеді.  Шынында, музейге  келсеңіз, оның ықылым замандардан сыр толғайтын  алуан  түрлі,  ғажайып өрнектерін  көзіңмен көріп, қолыңмен ұстағаныңда өзіңді Мәңгілікпен бетпе - бет келгендей сезінерің  анық. Қазақия ғұмыры- Мәңгілік!

Тарихты білмеу текті білмеуге, текті білмеу тамырсыздыққа әкеледі.  Ата-баба  мұрасын  көздің  қарашығындай  сақтау - ұрпақ парызы. Музей –осы ата - бабамыздан  қалған жәдігерлерді, мәдени тарихи және ғылыми құндылықтарды сақтайтын мәдени орда.

Музей - халық қазынасы, тарихи шежіре,  халықтың мәдени орны.

Біле – білген  адамға  музей  халқымыздың өмір жолы, мәдениеті, өнері болуы тиіс. Музей - өскелең елдің  өсер  ұрпағын тәрбиелейтін мәдени ошағы. Музейге  қойылған жәдігерлер  - музейдің жаны саналады. Әр жәдігер адамға ерекше әсер етеді. Ал, оны сақтап, күтіп, келер ұрпаққа жеткізу - өз алдына еңбек. Тарихтың куәсі болған құнды жәдігерлерді  жүйелеп,  айшықтап, заман талабына сай жетілдіру, жинақтау, осы бір дала өркениетінің  баға  жетпес  мәдени  құндылықтарын түпнұсқада сақтап, сырлы  дүниенің   сыны мен сырын  кетірмей  ғасырлар  аманатын  болашаққа жеткізу ең  өзекті мәселенің бірі.  Сондықтан,  Талас аудандық тарихи-өлкетану  музейін  тарихи  құндылықтармен байытып, оның қорын жаңа қолөнер бұйымдармен, зергерлік әшекейлермен, тарихи құнды жәдігерлермен  және экспозицияларды қазіргі  заман талабына сай жаңартып, жаңа  технологиялық жабдықтармен  жаңғыртуға тиіспіз. Сондай - ақ,  табиғат  бөлімі  келушілердің сұранысын толықтыруды  қажет  еткендіктен, аудан  жұртшылығынан  демеушілік  көмек қолын созады деген үмітпен  1(бір ) айлық  акция ұйымдастырады.

Акцияның мақсаты:  Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасын басшылыққа ала отырып, өскелең  ұрпақты өлкеміздегі тарихи - мәдени  ескерткіштер мен мәдени мұраны сақтап, қадірлеуге  баулу, туған жеріне деген мақтаныш сезімін ұялату, оның тарихын, байлығын  қадірлей білуге  үйрету.

Қордағы, экспозициядағы сан алуан археологиялық, тарихи және этнографиялық  жәдігерлерді  халықтың рухани кәдесіне жарату.  Музей – ата - бабамыздан қалған мәдени тарихи және ғылыми құндылықтарды сақтайтын  мәдени, ақпараттық орда  екенін көпшілікке  жеткізу.

Табиғат  бөліміне  өлкемізде  мекен  ететін, бағалы аң - құстардың,  бауырымен   жорғалаушылар, өсімдіктердің тұлыптары  өте  қажет. Мұндағы мақсат та біреу – осында  келіп, тамашалаған  жұртшылықтың  табиғатқа деген  қамқорлық пен сүйіспеншілігін ояту.

Ел тарихынан сыр шертетін тарихи  жәдігерлеріміздің  тағылымын  ескеріп, ұлт  келешегінің  кемел  болуына үлес қосу ердің  ісі  деп білемін.

Камшат КАРАБАЕВА,

 Талас аудандық  тарихи-өлкетану музейінің бөлім  меңгерушісі.

FacebookTwitterMixxVimeo

Серіктестер