Тарихымызды ұлықтаған Тараздағы торқалы той
- Толығырақ
- Жарияланды 15.10.2015 05:43
- Автор: Super User
- Категория: Қазақ хандығының 550 жылдығы
- Қаралды: 1856
Тарихы тереңнен бастау алатын Тараз төрінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған той кең көлемде аталып өтті. Елдік маңызы бар атаулы той көңілге қанат бітіріп, мерейімізді тасытты. Дүбірлі тойдағы айтулы оқиғаның бірі-30 метрлік «Қазақ хандығы» монументінің ашылуы болды. Оған бес мыңға жуық адам қатысты.
Қаланың батыс бөлігінен қоныс тепкен тұғырлы ескерткішті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде ашты.
- Құрметті отандастар! Қымбатты жамбылдықтар! Баршаңызды Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтаймын! Елордамыз Астанадан басталған ұлы той екі мыңдық тарихы бар Тараз қаласында жалғасып жатыр.
Бұл мереке-біздің халқымыз үшін, әсіресе, келер ұрпақ үшін-маңызды мереке. Біз бодан болып, тәуелсіздігімізді алмай жүрген кезде, өз тарихынан ажырап қалған халықпыз. Біздің тарихымыздың тереңде екенін жастарға көрсетпесек, «Мәңгілік Ел» болу деген идеямыз орындалмайды. Сондықтан, осы жылдар ішінде көне тарихымызды жер-жерлерден іздестіріп, тауып, жинап, жазып, есімізге түсіріп келе жатырмыз. Біз кеше ғана бола салған халық емеспіз. Сонау сақтардан, ғұндардан, түркі мемлекеттерінен, одан кейін Алтын Ордадан қалған, Керей мен Жәнібек артына ел ертіп, Шудың жағасына ту көтерген кезде, «Қазақ» деген ұғым қалыптастырған елміз. Соны дүниежүзіне паш ету үшін, әсіресе, ұл-қыздарымыз, келе жатқан ұрпақ тарихымыздың терең екендігін білсін деп жасап отырмыз. Қазіргі қиын-қыстау заманға қарамай, осындай үлкен кешен ашып, ескерткіш қойдық,-деп жиылған көпшілікке тілегін білдірген Елбасы, - Жамбыл облысы-менің ең жақсы көретін өңірім. Тарих туралы сөз бола қалса, көне Таразды айтпай кету мүмкін емес. Өңірде талантты жастар өсіп келеді. Көп шаруалар атқарылды,-деді. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығы бүкіл халықтық мереке екенін де атап өтті.
Той аясында қаланың бірнеше жерінде көпшілікке арналған іс-шаралар ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, тарихи маңызға ие торқалы тойға таластықтар да ұйымдасқан түрде атсалысты. Мерейтой қарсаңында Ы.Сүлейменов көшесін абаттандыру жұмыстарында белсенділік танытып, үлестерін қосты.
Сондай-ақ, ауданымыз дүбірлі тойға арнап 3 киіз үй тікті. Арнайы келген тарихшы Қойшығара Салғарин, Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржеке, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшидин Паттеев сонымен қатар, қоғам қайраткерлері мен елімізге белгілі бірқатар азаматтар қонақ болып, мерекеге орай лебіздерін білдірді.
Бұл күндері Ұлбике ақын атындағы мәдениет орталығының өнерпаздары Төркөл кешенінде және Қазақстанның Тұңғыш Президенті саябағында көпшілікке концерттік бағдарламасын ұсынса, “Мамыр” саябағындағы мерейтойлық кеш отшашуға ұласты.
Әр ұлттың бүгіні кешегі жүрген ізінде жатыр. Астана мен Тараз қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтой тарихымыздың тереңдігін, рухымыздың биіктігін алыс-жақын шет елдерге танытты. Өткенімізді түгендеп, тың деректермен толықтыруда үлкен еңбектер жасалды. Бұл-тек үлкен қуаныш ғана емес, бабаларымызға деген құрмет.
Газет pdf нұсқасы